Ауызсу мұңы ауылдан әлі ауған жоқ
Тұрғындарының саны 200 адамнан аз шағын ауылдарды санитарлық нормаларға сәйкес келетін ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында су тазартатын кешенді блок-модульдер орнатылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ел бойынша 18,4 млн адамның 90,2 пайызы немесе 16,5 млн адам орталықтандырылған сумен жабдықталған. 2018 жылдың қорытындысы бойынша, қалаларда 10 млн адам орталықтандырылған сумен қамтылған. Бұл – қала халқының 94,5 пайызы. Халықтың қалған бөлігі су тарататын колонкаларды пайдалануда. Қалалардағы өмір сапасын арттыру үшін осы жылы бұл көрсеткішті 97 пайызға дейін, ал 2023 жылы 100 пайызға дейін арттыру жоспарланған»,- деді ол.
Министрдің дерегінше, ауылдарда орталық сумен 6,5 млн адам немесе 84,4 пайызы қамтылған. Басқа ауылдар жергілікті су көздерін пайдаланады.
«Бүгінде біз ауылдарды қажетті көлемде сапалы ауызсумен жабдықтау қызметімен қамтамасыз ету жоспарын дайындадық. Халқының саны 200 адамнан аз шағын ауылдарды санитарлық нормаларға сәйкес келетін ауызсумен қамту мақсатында суды тазартатын кешенді блок-модульдер орнату қажет. Бұл 1333 ауылдың шөлін қандыруға мүмкіндік береді. Тұрғындары 200 адамнан көп 1274 ауыл орталық су құбырларымен қамтылатын болады. Осылайша, 2607 ауылда тұратын 1,2 млн адам санитарлық нормаларға сәйкес келетін сумен жабдықтау қызметімен қамтамасыз етіледі»,- деді Роман Скляр.