“СөйлеTime” Қарасуда
"СөйлеTime " қазақ тілі клубы өз жұмысын Қарасу ауданында бастады. Клуб ашудағы міндет – қазақ тілін тұрғындарға еркін форматта, интерактивті қарым-қатынас түрінде үйрету. Оның аясында тілді тереңдетіп оқытудың орнына, ауданның айтары бар беделді тұлғаларымен кездесулер ұйымдастырылып, кітаптар, фильмдер, аудандағы қызықты оқиғалар және т.б. талқылануы мүмкін.
Ұйымдастырушылар қазақ тілін үйренуге талпыныс жасап жүрген жандар үшін клубтың көмегі көп тиеді деген сенімде.
Клубтың ашылу рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Э.Мұқанов, клуб мүшелері және қоғам белсенділері қатысты. Іс-шараның екінші бөлімі квест түрінде өткізілді. Мемлекеттік тілді үйренуге ынтасы бар кез келген азамат клуб мүшесі атана алады.