Қоныс тойына аз күн қалды
Әулиекөл ауданындағы алапат өрт жүзге жуық отбасыны баспанадан айырған еді. Оларға арналып салынып жатқан тұрғын үйлер рекордтық қысқа мерзімде аяқталғалы отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өрттен зардап шеккен отбасыларға 2,5 ай мерзімде жаңа баспана салып беруді тапсырған болатын. Оған үкімет 2,2 млрд теңгетен астам қаражат бөлген. 7 қыркүйекте басталған жұмыстың толық бітуіне санаулы-ақ күндер қалды.
"Құрылыспен 13 ірі мердігер компания айналысты. Бұл жұмыстарға мың шақты адам тартылды. Қазір 91 үйдің шатыры жабылып, барлығына жылу жүйелері жүргізіліп, сылақ жұмыстары аяқталды. 25 қазанда толығымен тәмамдалады", – дейді облыс әкімінің баспасөз қызметіндегілер.
Тұрғын үй құрылыстарының барысын облыс басшылығы жіті қадағалауда ұстады. Сондай-ақ, 16 қыркүйекте Премьер-министр Әлихан Смайылов жұмыс қарқынымен танысып кеткен еді.
Айта кетейік, жаңа аудан салу үшін Әулиекөл кенті маңынан 12 гектар жер бөлінген. Стандартты 4 бөлмелі үйлердің көлемі 100 шаршы метрлік, ауласының ауданы 10 сотық болады. Сондай-ақ, болашақта 280 орынға шақталған балабақша салынбақ.