Фестиваль мәреге жетті
Өңірімізде көркемөнерпаздар халық шығармашылығы фестивалінің қорытындысы жарияланды. Биылғы Жастар жылы аясында «Өнеріміз саған, Қазақстан!» атауымен өткен ХХХІІІ облыстық байқау Қазақстанның мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылып отыр. Аймағымызда 3 мыңға жуық өнер-мәдениет қызметкері еңбек етеді.
"Аймақтағы 1632 клубта 22 мыңнан астам адам өнерін ұштап, шығармашылық қабілетін шыңдап жүр. Облысымызда жылда өткізілетін «Жас тұлпар» оқушылар айтысы, «Алтын микрофон» халықаралық байқауы, «Ғасырлар пернесі» ансамбльдер фестивалі, «Джаз Бомонд» фестивалі шығармашыл адамдардың өнерін шыңдауға серпін беріп, жаңа есімдердің шығуына ықпал етіп келеді. Былтыр облыс орталығында өткен республикалық айтыс елдің рухын жоғары көтерді", – деді құттықтау сөзінде облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.
Алдымен, мәдениет пен өнер саласын дамытуға зор үлес қосқан сахна саңлақтары мен сала қызметкерлеріне аймақ басшысы жоғары марапаттар тапсырды. Дәстүрлі әнші, халықаралық байқаулардың жеңімпазы, облыстық Е.Өмірзақов атындағы филармонияның солисі әрі газетіміздің жанашыры Манапбек Кәдіров – ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Осындай жоғары құрметке облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары Галина Саталкина ие болды.
Ал «Үздік өлкетанушы» белгісімен «TURGAY DISKOVERY» ғылыми-зерттеу жобасының жетекшісі, Торғай геоглифтерін ашқан зерттеуші Дмитрий Дей ие болды.
Жітіқара аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жаңылдық Әлмұхамедова мен Науырзым ауданы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Гүлнәр Ақсауытова ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Құрмет Грамотасымен наградталды.
Биылғы «Өнеріміз саған, Қазақстан!» ХХХІІІ облыстық көркемөнерпаздар халық шығармашылығы фестивалінің қорытындысы бойынша ІІІ орын иеленген Федоров, Қарабалық, Амангелді аудандары мен Қостанай қаласы ие болды. Олар дипломмен және әрқайсысы 500 мың теңгелік сертификатқа ие болды.
Жүлделі ІІ орынды Жітіқара ауданы мен Арқалық қаласы бөлісіп отыр. Олардың әрқайсысына 1 миллион теңгеден берілді.
І орынға Қостанай ауданы мен Рудный қаласы лайықты деп танылды. Екі өңірдің әрқайсысы 1,5 миллион теңгеден алды.
Ал биылғы көркемөнерпаздар халық шығармашылығы фестивалінің жеңімпазы – Әулиекөл ауданы! Аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов әулиелі елдің әкімі Асхат Қисықовқа Гран при дипломын және 2 миллион теңгенің сертификатын табыс етті.
Қыдырбек Қиысхан
Суреттерді түсірген Б.Көркембаев