Өңірге 267 дәрігер жетіспейді
Бүгінде облыс тұрғындарына сапалы және уақытылы медициналық көмек көрсетуді жақсарту бойынша көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. 2016-2019 жылдарға арналған “Денсаулық” бағдарламасының арқасында да жақсы көрсеткіштерге қол жеткізілді. ֊Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппарат жиынында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы В.Дудник баяндама жасады.
Айтуынша, осы күні облыс көлемінде 490 нысаннан құралған 48 медициналық ұйым жұмыс істейді. Атап айтқанда, оның 26-сы амбулаторлық-емханалық ұйым, 29-ы стационар, 1 диспансер, 72-сі ФАП, 329-ы медициналық пункт. Былтыр өңірдің медициналық нысандарында 118 мың тұрғынға ем-дом шаралары көрсетілген, 33 мың ота жасалып, 11300 сәби дүниеге келген. Емханаларда 3,5 млн қабылдау жүргізіліп, 15 мың адамға қан құю шаралары орындалған. Жедел-жәрдем көлігі 340 мың рет шақырылды.
-Биылдан бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілгені белгілі. Осы жаңашылдықтың аясында амбулаториялық деңгейде тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тізбегі 225 атауға дейін кеңейтілді. Олардың 161-і ересек науқастарды емдеуге арналса, 192-сі балаларға қарастырылған. Диспансерлік деңгейде тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге былтыр 2,2 млрд теңге бөлінсе, биыл қаржыландыру көлемі 5 млрд 800 млн теңгеге дейін артып отыр, – дейді басқарма басшысы В.Дудник.
Өңірде дәрігерлер мен медбикелерді әлеуметтік қолдауға да барынша жағдай жасалуда. Әсіресе, жас мамандарға деген жергілікті биліктің қамқорлығы ерекше. Медицина мамандарын бір реттік көтермеақымен ғана емес, тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша да жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Атқарылып жатқан шаралардың түпкі мақсаты – өңірде дәрігерлер санын арттырып, кадр тапшылығы мәселесін түбегейлі шешу болып табылады.
-Қазіргі таңда облыстағы медицина мамандарының саны 15 мың. Бізге 267 дәрігер, 500-ге жуық орта буын медицина қызметкерлері жетіспейді. Былтыр облысымызға өзге өңірлерден 175 жас маман, 90 тәжірибелі дәрігер келіп, жұмысқа орналасты. Осы ретте 82 адам 1,5 млн теңге көлемінде көтерме жәрдемақы алды. Оларды облысымызда тұрақтандыру тұрғысында баспана мәселесін де шешіп беріп жатырмыз. Өткен жылы Қазақстанның ипотекалық компаниясымен 350 пәтер сатып алу туралы келісімге отырған болатынбыз. Соның арқасында жақында 25 дәрігер баспаналы болды. Жыл аяғына дейін тағы да жүздеген дәрігер бапанамен қамтылады. Жалпы, мұндай бағдарлама тек Алматы, Нұрсұлтан, Маңғыстау, Қарағанды және Қостанай облыстарында ғана бар. Басқа өңірлерде әзірге жоқ. Ал, осы бағдарламаны біз бірінші болып жүзеге асырып жатырмыз, – дейді облыс әкімі А.Мұхамбетов.
Жиын соңында әкім денсаулық сақтау саласындағы игілікті шаралардың биыл да жалғасын табатындығын, сондай-ақ басқарма басшысына жас мамандарды тарту шараларын әлі де ширата түсу қажеттігін қадап тапсырды.