Көшбасшы қала, көшелі жұмыс
Рудный қаласының әкімі Бақытжан Ғаязов 2019 жылда атқарылған жұмыстар бойынша халық алдында есеп берді. ЖиынғаҚостанай облысы әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмағамбетов, мемлекеттік мекеме-ұйым басшылары, халық қалаулылары, бизнес өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.
Осыған дейін халықпен екі мәрте жүздесіп, негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді толық баяндаған әкім бұл жолы есепті қысқа қайырды. Әлеуметтік саладағы оң өзгерістерге тоқталып, биылға жоспарланған жұмыстарды жіпке тізіп берді.
Былтыршаһардағы жұмыспен қамту шаралары 2934 адамды қамтыды: тұрақты жұмыс орындарына – 1751, қоғамдық жұмыстарға – 354, әлеуметтік жұмыстарға –174, жастар практикасына –71 түлек орналастырылды.
Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек 2883 адамға, тұрғын үй көмегі 710 отбасыға, әлеуметтік көмек 2239 адамға берілді.
Өткен жылы Қашар, Перцев елді мекендерін қосқанда Рудный аумағында балаларға арналған 20 ойын және спорттық алаңдары пайдалануға берілді.
«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында жалпы құны 1 млрд 435 мың теңгені құрайтын 35 жоба мақұлданды. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты бойынша 188,4 млн теңгенің 19 шағын несиесі және 23,4 млн теңгенің 3 кепілдемелі несиесі берілді. Осының арқасында кәсіпкерлер жаңадан 146 жұмыс орнын ашты.
Бақытжан Темірұлы ағымдағы жылы мемлекеттік органдардың қызметі азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталатын атап өтті. Осы орайда үш басымдықты бөліп жарып көрсетуге болады.
Бірінші басымдық – әлеуметтік саланы және адам әлеуетін дамыту.
Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік механизмін қолдана отырып, Сандригайло көшесіндегі 265 орындық балабақшанықайта қалпына келтіріп, мемлекеттік тапсырысты 55 орынға көбейту жоспарланып отыр.
Биыл №9, 14, 18 және 19 орта мектептерде күрделі жөндеу жүргізіліп, аулаларда тағы 10 балалар алаңы бой көтермек. Сонымен қатар балалар мен жасөспірімдер шығармашылығын дамыту сарайы жаңартылып, су жаңа жастар сарайы мен спорт кешенін салуға арналған жұмыстарбасталады.
Екінші басымдық – көліктік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту.
Биылға аулааралық жолдарды жөндеуге 700 млн теңге, көшелердегі жарықтандыру желілерін қалпына келтіру жұмыстарын жалғастыруға 100 млн теңге бөлінген.
Көптен бері халықтың көкейінде жүрген Восточная көшесі де адам танымастай өзгеріп, 18-ші шағынауданға кәріз коллекторын салу, газ тарту, Перцев ауылына су өткізу жұмыстары қолға алынбақ.
Қалалық жағажайға да көңіл бөлініп, Горняков, И.Франко, 40 лет Октября көшелерінің бойында саябақ салуды жобалау жұмыстары жоспарланған.
Үшінші басым бағыт –тұрғын үй құрылысы.
Жақын арада 39-шы кварталда екі тұрғын үй салынады. Тағы екі үйдің мердігерлері анықталып, қаржыландыру мәселесі шешілуде.
Әрине кез келген игі істі қолға алу үшін қаланың экономикасы ауқатты болу керек. Бұл тұрғыдан алғанда Рудный аймақта көш бастап тұр.
Мәселен, былтыр өнеркәсіпте – 6,8, құрылыста – 26,7, саудада –1,4 пайыз өсім байқалды. Осылайша өнеркәсіп өндірісінің көлемі 449 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 124 млрд теңгеге артық.
Темір кені концентратын, шекемтасты, отқа төзімді кірпіштерді, тұрмыстық химия, сүт өнімдері мен сусын өндіру ұлғайтылды.
Айлық жалақы орта есеппен 14 пайызға өсіп, 173 мың 436 теңгені құрады. Ал қала бюджетінің кіріс жоспары 106 пайызға орындалып, 14,7 млрд теңге жоспарында 15,6 млрд теңге кіріс түсті.
Бақытжан Ғаязов есебін аяқтаған соң оған алғашқы сауалды қала тұрғыны Айнұр Құсайынова:
«Мен бюджеттік сала қызметкерімін, мемлекеттік тұрғын үй кезегінде 2010 жылдан бері тұрмын. Қазір 330-шы кезектемін. Өткен жылы жаңа тұрғын үй әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға үлестірілді. Биыл қанша баспана салынады және ол қай санаттағы азаматтарға беріледі?» деп сұрады.
«Бүгінде тұрғын үй бойынша 11 жобаның экспертизасы дайын тұр. Биыл жеңілдік иелеріна арналған төрт үйдің құрылысы басталады және мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі аясында тағы 157 пәтер күрделі жөндеуден өтеді. Сондықтан бір жарым-екі жыл көлемінде баспаналы боласыз» деп жауап қатты әкім.
Зейнеткер Лидия Губенова «Қаланың сәнін кетірген қаңырап бос тұрған үйлер қашан жөнделіп, үй жануарларына арналған уақытша баспана салу жоспарда бар ма?» деп сұрақ қойды.
Қала басшысы Рудныйға әкім болып келгендеқұрылысы бітпеген 16 тұрғын үй болғанын және қазір оның жартысы қалпына келтірілгенін атап өтті.
«Бұл мәселеге байланысты облыс әкімімен ақылдасқанбыз. Болашақта«Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы барлығын қалпына келтіруге тырысамыз. Соңғы уақыттары БАҚ-та көп талқыланып жүрген жануарларға арналған уақытша баспана құру мәселесінен де хабардармын. Шамамен 20 млн теңгедей қаражат қажет екен. Оны да күн тәртібіне қойып, оң шешілуіне ықпал жасаймын» деді әкім.
Тұрғындар сонымен қатар қар тазарту, қоқыс жәшіктері, саяжайға автобус қатынасы, жарықтандыру, көше атауларын өзгертуге қатысты сұрақтар қойды. Бақытжан Ғаязов сұрақтардың барлығына жауап беріп, алдағы уақытта да халықпен диалогқа үнемі дайын екендігін жеткізді.
«Менің қабылдау күндерім бар. Одан бөлек те жұмыс орнымда болсам кез келген қала тұрғынын қабылдауға дайынмын. Әкім күтіп отыр деп кіре беріңіздер. Орынбасарларым біледі» деп түйіндеді Бақытжан Темірұлы.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ