Саңлақтар сапқа қосылды
Қостанайда дзюдодан Қазақстан чемпионаты аяқталды
Бұған дейін газет сайтында хабарлағанымыздай, «Қостанай» спорттық-ойын-сауық кешенінде дзюдодан жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионаты өтті. Күні кеше жекелей сайыстар басталып, бүгін командалық бәсеке аяқталды. Ел біріншілігіне Қазақстанның 14 облысы мен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қаласынан барлығы 695 дзюдошы қатысты. Үш күнге созылған дүбірлі додада 2003-2004 жылы туған жасөспірімдер өзара бақ сынады. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсіміне облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қатысты. 
– Дзюдо спорты елімізде кең өріс алып келеді. Қостанай облысы егемендік алған жылдардан бері Қазақстан Республикасының чемпионатын тұңғыш рет өткізіп жатыр. Бұған өңірде салынып жатқан спорт инфрақұрылымдары себеп. Осындай ауқымды дәржедегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік бар. Жарысқа Қазақстанның барлық аймағынан спортшы келді. Чемпионатты жоғары деңгейде өткізу үшін қажетті жағдай жасалды. Ендігі кезекте қатысушылар спорттық жекпе-жектерде өз мүмкіндіктерін толықтай көрсетеді деп сенемін,- деді облыс әкімі қатысушыларды құттықтап.


Айта кетейік, жарыстың ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаевқа Қазақстан Республикасы Дзюдо федерациясының құрмет грамотасы тапсырылды.






– 44 келіде күрестім. 4 белдесудің барлығын жеңдім. Финалда қызылордалық спортшыны ұттым. Ел чемпионатына бірінші рет қатысып тұрмасам да, мен үшін татамиге шыққан әр сәтім маңызды. Бапкер тапсырмасына ұқыпты қарау қажет. Осы жолы да солай болды, – дейді қостанайлық чемпион.

Суретті түсірген Бердіболат Көркембаев