Елдің мұңы ескерусіз қала бере ме?

4 сәуір күні кешкілік уақытта Аманкелді—Үрпек—Қабырға жергілікті маңызды жолының 34 шақырымында жолды қар суы шайып кетті. Яғни, жолдың төмен орналасқан бөліктерінен еріген қар суы жолдың келесі бетіне өтуде. Елді мекен тұрғындарына қауіп жоқ. Қабырға ауылына жеңіл машинамен қатынас уақытша тоқтатылды. Аманкелді ауданы әкімінің бастамасымен құрылған штаб өкілдері жұмыс жүргізуде. Қазіргі уақытта келеңсіз оқиғалардың алдын алу үшін жол бойында құзырлы органдар тарапынан кезекшілік ұйымдастырылған.
Әлеуметтік желіде кешегі түннен тараған бейне ақпарат барлық жерге таралып кетті. Бірақ қазіргі уақытта тиісті шаралар атқарылған. Еш қауіп жоқ деп сендіруде. Десе де бұл жылда болатын жағдай. Ол жасырын емес. Неге осындай мәселелер алдын ала шешілмейді. Бір қызығы Аманкелді аудандық мәслихатының депутаты Гүлім Құдабаева: «Көз ашқалы келе жатқан су ғой несіне ауыл адамдары таң қалып отыр?» деп жайбырақаттық танытқан. Бұл әлеуметтік желі оқырмандардың ашуына тиген сыңайлы. Ал аудандық депутат Айбек Таңатбаев болса: «Жасыратыны жоқ, жылда қайталанатын жағдай. Сол ауылдың тумасы ретінде, осы көтерілген мәселеге араласып отырмын. Алдағы уақытта жергілікті мекемелер тарапынан сметалық құжаттар әзірленеді деп ойлаймын. Жоғарыда көтерілген мәселелер бойынша алдағы уақытта жұмыстар атқарылатына сенімдімін! Қазір елді мекен тұрғындарына қауіп жоқ. Қабырға ауылына жеңіл машинамен қатынас уақытша тоқтатылды. Аманкелді ауданы әкімімен құрылған штаб өкілдері жұмыс жүргізуде. Қазіргі уақытта келеңсіз оқиғалардың алдын алу үшін жол бойында құзырлы органдар тарапынан кезекшілік ұйымдастырылды. Сондықтан тұрғындарды түсіністікпен қарауға шақырамын» деп басу айтқан.
Бұған ауылдықтардың да айтар уәжі бар.
«Бұл тек еріген қардың суы осындай орын алып жатыр, ал ертең су тасыса бұданда бетер қауіпті. «Ауырып ем іздегенше ауырмаудың жолын ізде» демей ме қазақ атам. Әкімшілік білсе неге қолға алмаған, судың арғы бетінде қалған халықтың азық-түлік медицина т.б мәселе сияқты жағдайы не болмақ?»
«Бұл жерлерді жылда су шайып сай-жыраға айналған грейдерді бірнеше жерден бөліп. Уақытша жеңіл көлік қатынасы тоқтады дейсіздер, енді бұл жерлерден кем дегенде бір ай жеңіл көлік өте алмайды. Халыққа қауіп жоқ дейсіз бе? Қар суының өзі осы, оған тасқын су қосылғанда оданда қауіпті болады. Әсіресе Алакөл ауылының жағдайы қиын, су басу қаупі бар. 34-ші шақырым ғана емес, Қабырға ауылына дейін бірнеше жерден бұзып өтіп жатыр. Жалпы айтқанда жалпақ тілмен жұмсақ қылып жалап өтудің құны көк тиын. Көзбен көру керек, халықпен бірге болу керек!»
«Шара қолданбаса бірнеше жылдан кейін грейдерден дым қалмайтын түрі бар. Себебі жыралар жыл сайын үлкейіп, тереңдеп бара жатыр. Елдің мұңын мұңтаздай қылып жеткізетін жан керек» деген сияқты пікірлер толассыз келуде.
Бұл елдің айтары. Оны жасырып қала алмаймыз. Ал қазіргі уақытта төтенше жағдайлар қызметі оқиға орнында. Барлық жағдай бақылауға алынған. Десе де елдің мұңы ескеріліп, мұндай жағдай жылда қайталанбаса дейсің.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓