«Таза бұлақ» тағылымы немесе баспасөз туры туралы баян

SAM_2485

Омар құдығы басында

Үстіміздегі жылы қаңтар айында Торғай кентіндегі Ыбырай Алтынсарин өз қолымен қалаған мектептің бой көтергеніне 150 жыл толды. Осыған  байланысты облыста кешенді жоспар түзіліп, жыл бойы ұлы ағартушы-ұзтазға қатысты бірқатар іс-шаралар белгіленген тұғын.  Оның бір парасы жүзеге асты. Мұндай игі іс жыл соңына дейін жалғасын таппақ. Бұл жолы облыстық ішкі саясат басқармасы мен "Ел ертеңі" жастар қоғамдық бірлестігінің ұйытқы болуымен бір топ БАҚ өкілдері Қостанай төңірегіндегі  тарихи орындарға сапарлап қайтты.
 
Қошанның Мезгілі
 
Баспасөз беттерінде ұлы ұстаздың туған жерін әркім әрқалай көрсетіп жүр. Бірақ ақиқат біреу. Қостанай, Алтынсарин аудандарының аумағын ертеде Балғожа бидің ұрпақтары жайлаған. Бұл маң тарихта Арақарағай болысы деп көрсетілген. Облыстық "Қостанай таңы" газетінің 2013 жылғы 30 қазан күнгі санында  жарияланған "Ыбырай қайда туған?" деген мақаласында белгілі тарихшы-ыбырайтанушы Қалқаман Жақып бұл туралы егжей-тегжейлі жазды. Сонымен, Ы.Алтынсариннің нақ-ты туған жері Мезгіл ауылы. Жергілікті көнекөз қариялардың айтуынша, осы маңайда Үлкен Мезгіл, Кіші Мезгіл, Қошанның Мезгілі деген сияқты атаулар көп. Ұлы ұстаздың кіндік қаны   осы Қошанның Мезгілінде тамған. Бұған дәлел – 1991 жылы Ыбырай бабаның 150 жылдық торқалы тойының қарсаңында  ескерткіш тақта орнатылған екен. Ол күні кешелері облыстық ішкі саясат басқармасының және жергілікті биліктің арқасында  қайта жаңартылыпты.
SAM_2537

Қонақтар ұлы ұстаз атындағы мектеп мұражайымен танысты

– Кезінде осы жерді Балғожа би Жаңбыршы ұлынан тараған Қошан,Омар ұрпақтары мекендеген. Осы маңайда шамамен 50-60 үй болған көрінеді. Мына төмпешіктер сол кезеңдерден қалған белгі,– дейді Щербаков ауылының тұрғыны  Балғабай Қасымов ақсақал. Бұл кісі Сатайда туып-өскен. Ел-жер тарихына жетік кісі. Қария айтады: "Бұл жер негізі қоршалуы керек. Тіпті мәдени мұра есебінде мемлекет қамқорлығына алынса да артық емес. Өйткені, Ыбырай бабамыз тек қана ұлт мүддесі үшін қызмет еткен адам".
Расында, тас жолдан 7 шақырымдай қашықтағы  Омар құдығының айналасын жағалай егінжай жапқан. "Келешекте мұны туристік базаға айналдыруға болады. Жалғыз бұл ғана емес, Қостанайда Ыбырай мектебі, кітапханасы бар, мұражайы тұр. Ұлы ұстаз мәңгі тыныстап жатқан кесенесі бар – осының барлығын біріктіріп, тұтас бір туристік кешен ретінде үлкен жоба түзу керек.Бұл біздің тарихымыз емес пе?! Тарихты бүгін түгендемесек, келер ұрпақ алдында қиянат болар еді", – деп уәлі сөз айтты  белгілі тарихшы, ҚМУ профессоры Қалқаман Жақып.
 
Ыбырай кесенесінде
 
SAM_2537

Ы.Алтынсарин мемориалдық мұражайының қызметкері Н.Төкенқызы журналистерге мұражайды аралатып көрсетті

Ұлы ағартушы  Қостанай қаласынан үш-төрт  шақырымдай жерде, 1889 жылы Тобыл өзенінің жағасында салдырған  өз үйінде қайтыс болғаны тарихтан белгілі. Бұл жерді жергілікті қазақтар "Инспектор көлі" деп атаған. Ана бір жылдары  Ыбырай Алтынсариннің басында үлкен күмбезді кесене тұрғызылды. Соңғы жылдарға дейін жас шаңырақ көтерген жастар апта аралатып, баба кесенесіне барып тәу ететін. Сонысымен қоймай, кесененің есігіне ырым етіп, шүберек байлап, маңайында ішімдік ішу дәстүрге айналып кетіп еді. Қазір бұған тыйым салынған. Мавзолейдің басы мұнтаздай таза.  БАҚ өкілдері келгенде кесене басына зиялы қауым өкілдері, сарапшылар, бір топ қадірменді ақсақалдар,мектеп оқушылары жиналып қалыпты. Олар Ыбырай Алтынсарин қабіріне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Шараға жиналған көпшілік алдында сөз алған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Жанділдә Мақанов былай деп сөз сабақтады: "Биыл Торғайдағы Ы.Алтынсариннің ашқан тұңғыш мектебіне 150 жыл толуына орай облыс әкімі Нұралы Садуақасов бірқатар тапсырма жүктеді. Осыған дейін біз 11 жобаны жүзеге асырдық. Бүгінгі кезекті іс-шара сондай жобаның бірі. Үстіміздегі жылы облыс басшысының тікелей тапсырмасымен облыстағы 551 мектепте 1 қыркүйек күні "Ыбырай сабақтары" өткізілді. Онда облысқа танымал бір топ қоғам қайраткерлері Ыбырайдың бір-бір әңгімесін оқып берді. Мұның сыртында Ы.Алтынсариннің өмірі мен шығармашылығы хақында жарты сағаттық фильм әзірленіп жатыр. Сондай-ақ, белгілі ақын, ыбырайтанушы Серікбай Оспанұлының "Ұлы ұстаз ұлағаты" атты кітабы баспа бетін көрді. Мұның бірнеше данасын облыс мектептері мен кітапханаларына табыстаймыз".
 
Алтынсарин мектебі алдыңғы сапта
 
SAM_2472

Ы.Алтынсариннің туған жерінде қойылған белгі осы

Ыбырай Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арнал-ған мектеп-интернаттың тарихы да өз алдына бөлек әңгіме. Білім ошағы  ұлы ағартушы өзі қолымен салған Қостанайдағы алғаш-қы мектептің заңды мұрагері. Соған сай мұнда білім алатын оқушылардың бәрі талапты, дарынды һәм  шетінен оқу озаты. Қысқасы, оқушылар Ыбырай аталарының өсиетіне сай  оқып, тәрбиеленіп келеді.
Мектеп ұжымы қонақтарды сыртта сап түзеп қарсы алды.Талап қуған жас жеткіншектер Ыбырай аталарының бірнеше өлеңдерін жатқа оқыды. Ал өнерлі жастар ән айтып, мың бұрала билеп берді. Баспасөз турына қатысушыларды осындай жайдарлы көңілмен қарсы алған мектеп ұжымы білім ошағын аралатып көрсетіп, Ыбырай Алтынсариннің мұражайымен таныстырды. Кезінде Ә.Жанкелдин, С.Қожамқұлов, Е.Өмірзақов, Қ.Бадыров т.б қоғам қайраткерлері білім алған қара шаңырақ әлі де жас ұрпаққа сапалы білім беруде алдыңғы саптан түсе қой-ған жоқ. Мұнда 500-ден астам озат оқушылар оқиды. Олардың басым көпшілігі республикалық, облыстық     пәнаралық олимпиадаларда жүлде алған. Оны айтасыз, бұл мектеп ұстіміздегі жылы ҰБТ қорытындысы бойынша республикада  төртінші орынды еншілепті. Ыбырай шәкірттері  дәл осылай болса керекті!
 
Мұражай сыр шертеді
 
SAM_2503

Ыбырай қабіріне гүл шоқтарын қою сәті

Облыс орталығындағы Ы.Алтынсариннің мемориалдық мұражайы 1991 жылы, ұлы ұстаздың өзі салған мектебінің орынында  бой көтерген. "Білім ошағының іргетасы 1884 жылы, Торғайдағы тұңғыш қазақ мектебінен тура 20 жылдан кейін қаланды. Мен сонда алты жыл оқыдым. Өкінішке қарай, 85 жыл бойы мызғымай тұрған мектепті  1969 жылы  сүріп тастады", – дейді ыбырайтанушы Қалқаман Жақып ағамыз. Мына мұражай сол ескі мектептің үстінен салынған. Ы.Алтынсариннің мемориалдық мұражайына бас сұққан жан көптеген мағлұматтарға қанығып шығары даусыз. Өйткені, мұнда  ұлы ағартушыға қатысты, оның өмірі мен шығармашылығына тікелей байланысты 12 мыңнан астам жәдігер сақталған. Бұлардың бәрі өз алдына жеке тарих. Мұражай қызметкері Назгүл Төкенқызы баспасөз турына қатысушыларды әр жәдігермен жеке-жеке таныстырып, өлке тарихына қатысты көптеген мәліметтерге қанықтырды. Жалпы, бұл жолғы пресс-турға қатысушылар Ыбырай жүрген жолдармен тағы бір рет жүріп өтіп, сапардан зор тағылым алғанын жоққа шығаруға болмайды.
P.S. "Мана жолда келе жатқанда маған бір ой түсті: анау Омар құдығын аршып (бітеліп қалған), су шығарса,  әрлі-берлі өткен жүргіншілер ме, немесе басына тәу етуге баратындар үшін  сауапты іс болар еді. Тіпті, сол маңдағы егіншілер де алыстан су іздеп әуре болмайды. Осыны ескеру керек сияқты". Бұл  профессор Қ.Жақыптың пікірі. Несі бар,  "Таза бұлақ" тәрізді ол да  жұртқа қызмет қып жатса қандай  ғанибет!
 
Ы.Алтынсарин ұлт мүддесін ешқашан жадына шығармаған. Ол  қазақ балаларына білім мен тәрбиенің негізгі көзі – оқулық деп қарап, мазмұны бала табиғатына жақын, тақырыбы таныс әрі қызықты кітап шығару керек деп түсінеді. "Қазақ хрестоматиясын" жазу сондай ойдан туған. 1876 жылы Н.Н.Ильминскийге жазған хатында: "Татар тілінде жазыл-ған кітаптардан құтылу үшін, қазақ тілінде оқуға арналған бастауыш кітабымды кеше ғана бастадым", – дейді. Оның бар мақсат-мұраты қазақ даласында мектептер салу болды. Ол бүгінгі Елбасының "100 мектеп" саясатымен үндесіп жатыр. Осылайша Ыбырай арманы өзінің өміршеңдігін дәлелдеп берді.
 
Айбек
     КӘДІРҰЛЫ
Суреттерді түсірген автор.  

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓