Шие бағасы шарықтап тұр…
Жылда осы мезгілде орталық базар мен көше бойларында шие жемісінің саудасы қызып тұратын. Ал, биыл шелек-шелек шие сатқандардың қарасы бірде-екілі ғана екен.
Жиырма жыл бойы осы кәсіппен айналысып келе жатқан Балайша апай да биыл бақша шиесі түгілі, жабайы шие ағашының дұрыс жеміс бермегендігін айтады.
– Басқа жеміс-жидектерге қарағанда, шие мүлде жоқ десе де болады. Себебі, биыл-ғы мамыр-маусым айларындағы қатты желдің салдарынан шие ағашының гүлдері ұшып кетті. Әрі күннің көзін сүйетін шие үшін биылғы ауа-райы да қолайсыздық тудырғаны белгілі. Жалпы, жеміс ағаштары қыста үскірік аяздарда үсіп кетсе де жеміс бермейді, соның салдары да болуы мүмкін. Орманнан күнара теріп әкеп, сатып жатырмыз. Былтыр шие көп болғандықтан күніне 15-20 шелектен сатқан кездеріміз де болды, ал биыл күнара жеті-сегіз шелектен ғана сатып жатырмыз, – дейді шие сатушы Балайша Мұхамбетова.
Биыл жемістің бұл түріне деген сұраныс көп болғанмен, қарапайым халық базардағыны алуға қымбатсынады. Аз бол-ғандықтан, шие бағасы шарықтап тұр. Былтыр 5 литрі 500-600 теңгеден сатылса, биыл 1500 теңгеден бір-ақ шыққан, ал 10 литрлік шелектегісі 3-4 мың теңгенің маңайында.
Қарлығаш
ОСПАНОВА
СУРЕТТЕ: шие сатушы Балайша Мұхамбетова.
Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.