Жоба жеңімпаздарымен кездесу өтті
Өткен жылғы желтоқсан айының соңына таман Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен өткен Президенттік жастар кадрлық резерві жобасы қорытындыланған еді. Оған еліміздің барлық өңірінен 13 мыңнан астам адам өтініш беріп, нәтижесінде мемлекеттік басқару жүйесіндегі жауапты қызметтерге тағайындау мақсатында 300 жас басқарушы іріктеліп алынған болатын. Олардың қатарына Азамат Қашиев, Дәмір Тоғжанов, Кирилл Гусев, Ержан Тоқтағұлов сынды 12 қостанайлық жас маман еніп отыр. Жеңімпаздарға түрлі салада жауапты қызметтер жүктелетін болады. Бүгін облыстық балалар шығармашылық үйінде жоба жеңімпаздарымен кездесу өтті. Басқосуға Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Салауат Мүксімов, Михаил Дәуенов, Сергей Жалыбин, Римма Бектұрғанова сынды мемлекеттік қызмет саласының ардагерлері, түрлі салада еңбек етіп жүрген жастар қатысты. – Президенттің жастар кадрлық резерві туралы бастамасы елімізді дамытуға үлес қоса алатын білікті де білімді жастарды анықтау мақсатында жүзеге асырылған жоба. Бұған 5 жылдық тәжірибесі бар жас мамандар қатысты. Байқауға қатысуға 13 мың өтініш түсіп, 7 мың адамның құжаты қабылданды. Осы 7 мыңның ішінен жарып шығып, таңдаулылар қатарына ілікенімді естігенде, қуанышымда шек болмады. Осы жобаның арқасында «Тұрғын Үй Жинақ Банкі» облыстық филиалы басшысының орынбасары лауазымына тағайындалдым. Алдағы уақытта ел, қоғам үшін адал қызмет етіп, мемлекет өзіме жүктеген сенімді абыроймен ақтауға бар күш-жігерім мен білік-білімімді жұмсаймын., – дейді жоба жеңімпазы Кирилл Гусев.
Нұрқанат Құлабаев
Суреттер автордікі