“Ұлттық мұра” автошеруі Қостанайда
ҚР Ұлттық музейі Мемлекеттік "Мәдени мұра" бағдарламасының қабылданғанына 10 жыл толуына орай ұйымдастырылған "Ұлттық мұра" автошеруі Тобыл өңіріне де жетті. Автошеру мүшелерімен кездесу көркемсурет галереясына өтті.
Автошеру республиканың музей қызметкерлерін шоғырландыру және олардың күшімен мемлекеттік бағдарламаны одан әрі жүзеге асыру мақсатында өткізіліп отырғанын айта кетейік. Жоба 3 жылға арналған. Алғашқы "Ұлттық мұра" автошеруінің маршруты Қазақстанның оңтүстік және орталық аймақтарындағы мәдени-тарихи нысандар мен облыстық музейлерді аралауды жоспарлаған. Аталған жобаның басты бағыттарының бірі – Ұлттық музей қорына бірегей мәдени құнды бұйымдарды тауып өткізу туралы тұрғындар арасында ақпараттық насихат жұмыстарын жүргізу. Автошеру Алматы қаласынан бастау алған болатын. Тобыл өңіріне жеткен ғылыми қызметкерлер жиналғандарға әсерлерімен бөлісіп, мақсаттары жайында айта кетті.
"Ұлттық мұра" автошеру" жобасы "Allur Auto", "СарыаркаАвтоПром", "Агромашхолдинг", "Shell Helix" бренд белгісімен "TURKUAZ AUTOMOTIVE" компанияларының қолдауымен өтуде. Олар жүріп өткен жерлерінде көпшіліктің, әсіресе, көліктерге қызығушылық танытқандарын жасырмады. Қостанай жерінде шығатын көліктер жолға жарамды болыпты. Жоба мүшелері игі іске қолдау көрсеткен қостанайлық-тарға алғыстарын жаудырды.