Оңай әрі сапалы
Бала туған кездегі мемлекеттік қызметті SMS арқылы алатын Қостанай облысы тұрғындарының саны жылдан-жылға артып келеді. Өйткені бұл тәсілдің оңай әрі сапалы екеніне халықтың көзі жете бастаған сыңайлы. Жалпы, қызмет алудың жолдары мейлінше жеңіл. Сәбилі болған отбасының ұялы телефонына хабарлама түрінде құттықтау және баланы тіркеу ұсынысы жолданады. Сондай-ақ, жәрдемақы рәсімдеу немесе нәрестені балабақша кезегіне қоюға да осы амалмен қол жеткізуге болады. Хабарлама арқылы жіберілген сілтемеге өтіп, қажетті форманы толтырса жеткілікті. Сұралатын мәліметтер тізімі де барынша қысқа. Бастысы, мұндай мәселе үшін ХҚКО-на барып жүрудің қажеті азайды. Қойылатын бір ғана талап бар – қызмет алушы міндетті түрде "Электронды Үкімет" порталында тіркелген болуы шарт және ұялы телефонының нөмірі жеке кабинетінде көрсетілуі тиіс. Айталық, 2018 жылы облыс бойынша 4786 азаматқа SMS-ұсыныс жіберіліп, оның 161-і осы тәсілмен қызмет алса, өткен жылы 2152 ұсыныс жолданып, SMS арқылы сәбиіне құжат рәсімдегендер саны 417-ге жеткен. "Мобильді қызмет түрлері сан алуан екенін ескерсек, бұл аса төмен көрсеткіш деуге ерте", – дейді "Азаматтарға арналған үкімет" МК филиалының мамандары.Айта кетейік, қызмет көрсетудің бұл форматы "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасы аясында қолданысқа енгізілген еді.