БАҚ бағының бағбандары

немесе редакциядағы кездесуден туған ойлар
IMG_2268Журналист атанамын деп талпынып жүрген бір топ студент, дәлірек айтқанда, Ахаң атындағы университеттің журналистика кафедрасының 2 курс студенттері қара шаңырақ "Қостанай таңы" газетінің редакциясына қонаққа келді. Олар осы саланың майталманы, ақын Серікбай Оспанов, жазушы, бас редактордың орынбасары Сәлім Меңдібай және газеттің директор-бас редакторы Жанұзақ Аязбековпен кездесіп, сұрақтарын да қойды. Жастар осы кездесуден ерекше әсерге бөленді. Және өз пікірлерін білдірген еді.
Кенже Қонысбай:
– "Қазақ журналистикасының қайнар көзі, бастау алған жері Қостанай өңірі"–деп,  Сәлім Меңдібай өз сөзіңде жақсы айт-ты. Алаштың алыптары мен көсемсөз шеберлерінің дені дерлік Арқаның ажарлы төсінде, Торғай даласында дүниеге келген. Ахаң мен Жақаң,  М.Сералин мен Б.Майлин қазақ халқының маңдайына туған жұлдызы екені анық.
Осындай асыл сөз "Қостаңай таңы" газетінің редакциясында студенттермен кездесуде айтылды. Өңір баспасөзінің майталмандары С.Оспанов, С.Меңдібай, бас редактор Ж.Аязбековпен болған сұхбаттың берері мол болды. Ерекше ахуалда болған кездесудің өзіңдік рухани байлығы сезілді. Ақыл-кеңес, үйрену мен жирену, жастарға жігер берер қанатты сөздер кездесуге шынайлық беріп, жас журналистердің рухын көтерді. Бұл кісілерді көзбен көріп, сұхбаттасу әсер қалдырды. Сүйікті ісіне айналған мамандықтарының қиындығына төзіп, төтеп беріп, жеңе білген олар әлі де қазақ журналистикасының мәртебесі үшін еңбек етіп жатқандарын айтты.
Өскелең ұрпаққа өз заманыңдағы студенттік өмірдің қиын кезіңін, қызмет барысында кездескен небір жағдайларды еске алды. Әрбір газет санын шығару, орыс тілінен қазақ тіліне аудару, жаяу талай ел аралап, табан тоздырса да кәсіптеріне өкпе айтып, қажымағандарын жеткізді. "Заманның осындай жақсы уақытында, барлық жағдай сендер үшін жасалып тұрғанда, "ұйықтамаңдар". Өздерің үшін талпынып, үйреніңдер. Мүмкіндік барда жазыңдар, жазыңдар, жазыңдар!"– деп, бас редактор Жанұзақ ағай ақылын қосты.
 
Аққалқа Болатбекова:
– Бұл кездесудің мен үшін маңызы өте жоғары болды. Себебі, кездесу барысында жазушы, журналист Серікбай Оспановтың  болашақ журналист ретінде бізге сеніп, айтқан ақыл-кеңесінің мен үшін маңызы зор болды. Студенттер сұрақ қою арқылы біраз мағлұматтар алды. Сонымен қатар мен осы кездесу барысында редакция ұжымының ұйымшыл екенін байқадым. Біздің бұл кісілерден, журналистерден үйренеріміз көп. Алдағы уақытта осы "Қостанай таңы" газетінің  жас журналистерімен де кездесу өткізілсе, игі іс болар еді.
 
Бөлтірік НҰРТАЙ:
– Бала кезімізде Серікбай Оспанов, Сәлім Меңдібай сынды журналист, ақын-жазушылар – қол жетпес, көз көрмес арман секілді еді. Мектеп қабырғасында туған жерді сағынған кезде Торғай тарландарының туындыларына аз уақыт болса да көз жүгіртіп алатынбыз. Міне, бүгін сол журналистермен бетпе-бет кездесіп, ақыл-кеңес тыңдап, тіптен өз сауалдарымды қойғаныма ерекше қуаныштымын.
Алған әсерімді ауызбен айтып жеткізе алар емеспін.  Шынайы риясыз әңгіме естен кетпестей өтті. Ол кісілердің ақыл-кеңесі әрқашан есімде болады.
 
Жұлдызай СЕЙІЛ:
– Менің "Қостанай таңы" редакциясына алғаш келуім еді. Алғашында қобалжығаным рас. Қалай болар екен деп, күні бұрын ойланған едім. Ол жерде Серікбай Оспанов, Сәлім Меңдібай, Жанұзақ Аязбеков сияқты журналистика саласында өз жолын қалыптастырған ағаларымызбен кездесу қызық болды. Шыққан соң іштей ойланып та қалдық. "Осы мен дұрыс жолда жүрмін бе?" деген ой да келді. Мол әсер алғаным соншалық группаластар қызу пікір алмасып, журналистиканың шынымен ауыр жол екенін айтып, дауласып жаттық. Бірақ осыдан соң алдыма көптеген мақсаттар қойдым, соның бірі журналистика саласында орнымды табу.
 
Бақдәулет МАХСЕТОВ:
– Біз С.Оспанов, С.Меңдібай, Ж.Аязбеков және Ж.Кәкімжанов сынды журналистермен кездесу болды. Үлкенге құрмет, кішіге ізет, бағыт, жол көрсетті. Осындай сыйлы, атақты азаматтармен кездесу қызықты өтті. Олардың аузынан шыққан әрбір сөзді қалт жібермей, санасына тоқыған студенттердің қуанышында шек жоқ.
Серікбай Оспановтың шығармашылық жұмысы мені шабыттандыра түсті. Менің де ақын болсам деген ойым ұштанғандай. Ол өзінің қиын да, қилы жолынан сыр шертті.
Сәлім Меңдібай: "журналистті ешкім оқыта алмайды, журналистке біздер тек бағыт-бағдар көрсетіп, қатесін жөндеп отырамыз. Журналист тек өзін-өзі ғана қалыптастырады" деді.
Жанұзақ Аязбеков "1-2 курс болашақ журналистің қаламын ұштайтын уақыты, сол себепті ұйқыға шектеу қойып, қалғымауды, ерінбеуді қадағалаңдар", деді.
Жұматай Кәкімжанов 21 ғасырға сай даму керектігін, қазіргі техника заманынан қалыспай "Қостанай таңы" газеті де дамып келе жатқанын айтты.
Осы сөздерден түйгенім журналист болу оңай емес, екінің бірі бұл мамандықты игере алмайды. Ол үшін тынымсыз еңбек керек. Біздерде осындай кездесуге әкелген Айтолқын Айқадамоваға көп рахмет.
 
Әлібек  АХМЕТБЕК:                                                                               
– Өңіріміздің қазіргі таңдағы журналистика саласының майталмандарымен кездескендегі алған әсерімді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Бұл кездесуде өзіме көп жаңа ақпараттар алдым. Журналистердің бастарынан өткен қиын да, қызықты оқиғаларын естіп, осы салаға деген қызығушылығым одан әрі артты. Мамандық таңдағанда қателеспегеніме көз жеткіздім. 
Айтолқын
        АЙҚАДАМОВА
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓