Өресі биік өнер бәйгесі

Аймағымызда Нұржан Наушабайұлы атындағы «Арқада Наушабайдың Нұржаны өткен…» республикалық жыр-терме, дәстүрлі ән орындаушылар байқауы өтіп жатыр. Осымен үшінші рет ұйымдастырылып отырған өнер жарысына Қызылорда, Астана, Алматы, Ақтөбе, Қарағанды, Павлодар, Қостанай өңірлерінен 17 үміткер қатысуда. Облыстық мәдениет басқармасының бастамасымен, облыстық халық шығармашылығы және кинобейнеқор орталығының ұйытқы болуымен дәстүрге айналған жүйріктер додасының тұрақты өткізілетін орны – Тобыл қаласындағы «Алтын дән» мәдениет үйі.
Наушабайдың Нұржаны – тұтас ұлт болып мақтан етуге лайық тұлғалардың бірі, атақты ақын, әйгілі әнші, дәулескер күйші, таңды таңға жалғаған жыршы, айтыста алдына жан салмаған сүлей, жамбасы жерге тимеген балуан, жүйрік мініп, құс салған саятшы, бір сөзбен айтқанда – сан өнерді серік еткен нағыз дарын иесі. «Ұйықтама, оян, Алашым!» деп ұлтына ұран тастаған шайырдың шоң шығармалары, сом туындылары, діни-ағартушылық бағыттағы өр рухты, терең мазмұнды өлең-жырлары, ғазал-назымдары шын мәнінде қазақ халқының сарқылмас қазынасы. Тақтақ ақынның асыл мұрасын насихат етіп отыру – ұрпақтың айнымас борышы. Талантты жастарымызды өнердің кәусәр бұлағынан нәр алғызып, шеберлігін шыңдауға ықпал ету, қазақ әдебиетінде, құдіретті сөз өнерінде өшпес із қалдырған Нұржан Наушабайұлының ақындық бейнесін айшықтап, миуалы мұрасын бүгінгі күнде жаңғырту.
Әйгілі жырау, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық университеті «Дәстүрлі ән» кафедрасының профессоры, фольклоршы-ғалым Алмасбек Алматов байқауға төрағалық етсе, қазылар алқасы құрамында қазақтың көрнекті ақыны, жазушы-драматург, журналист, ҚР мәдениет қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты Ақылбек Шаяхмет, Арқалық қаласы Дала өлкесі тарихы облыстық мұражайының қызметкері, айтысқер ақын, «Тобыл-Торғай әуендері» музыкалық антологиясын құрастырушы Батырлан Сағынтаев бар.
Өнер бәйгесінің талабы бойынша қатысушылар Нұржан атамыздың бір шығармасын және халық ән, жыр, терме, толғаудан екі туынды орындауы шарт. Арқа, Жетісу, Сыр, Батыс, Алтай-Тарбағатай дәстүрлі ән-жыр мектептері өкілдерінің басым бөлігі Алаш қайраткерінің мұраларын бізге жеткен әуендерге салып орындаса, кейбірі өз өңірлерінен шыққан шайырлардың мақамдарына лайықтап шырқап жатыр.
Бүгін, 18 қараша күні байқаудың екінші кезеңі басталады. Соңынан үздіктер анықталып, марапаттау рәсімі болады. Айта кетейік, биылғы жеңімпаз-жүлдегерлер мен қатысушыларға тағайындалатын жүлде қоры бұрынғыдан қомақты. Оған сағат 11:00-де Тобыл қаласындағы «Алтын дән» мәдениет үйіне келіп куә бола аласыздар.
Суреттерді түсірген Есбол Жатқанов.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓