КЕТІП ҚАЛСА, ҚАЙТЕМІЗ?
ЖЕТЕУІНЕ ЖАҒДАЙ ЖОҚ
Ертеректе бір отар қойды қалаға айдап бара жатқан ақсақалдан ауылдастары: "Ата, мұншама малды қайда әкетіп барасыз?" – десе, қария қойдың соңында кетіп бара жатқан ұлын таяғымен нұсқап: "Мал – мынау, (қойды көрсетіп) бұл – диплом", – деген екен. Зілді әзілдің әлі де өзектілігін жоймағанын статистикалық мәліметтерден-ақ аңғаруға болады. Ресми деректерге жүгінер болсақ, еліміздегі 10 студенттің 3-і ғана тегін білім алатын көрінеді. Қалған 7-нің оқу қаражаты ата-ананың мойнында.
Finрrom.kz ақпарат агенттігінің есебінше, қалған 7 студент 2019-2020 оқу жылында ақылы әрі оқу ақысын алдыңғы жылмен салыстырғанда 10% артығырақ төлеген. Жалпы, елімізде 125 жоғары оқу орны жұмыс істейді, олардың 84-і немесе 67,2%-ы жеке меншік иелігінде. Жоғары оқу орындарының ең көп саны еліміздің үш негізгі мегаполисінде: Алматы (41 университет), Нұр-Сұлтан (15 университет) және Шымкент шаһарында (10 университет) орналасыпты.
Еліміздегі ЖОО студенттерінің жалпы саны 604,3 мың екен. Бұл өткен оқу жылымен салыстырғанда 542,5 мың адамға, яғни 11,4% артық. Білім қуғандардың 53,2% яғни 321,6 мыңы – қыздар. Жастардың дені (79,6%) күндізгі бөлімде, 14,9%-ы сырттай, 5,5%-ы кешкі оқумен қамтылған.
ОРТАЛЫҚТА ЖАСТАР КӨП
Студенттердің жалпы санының 39,9% мемлекеттік университеттерде білім алады. Мемлекеттік білім гранты есебінен оқып жатқандардың қатары 180,1 мыңға (29,8%) жеткен, қалған 424,3 мың студент (70,2%) ақылы білім алуда.
2019-2020 жылғы Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысына сәйкес, еліміздің Білім және ғылым министрлігі талапкерлерді көптеп қабылдаған жоғары оқу орындары мен мамандықтарды саралағаны ел есінде. Сала мамандарының есебінше, ҰБТ қорытындысы Ұлттық университеттердің жастар тарапынан үлкен сұранысқа ие екендігін көрсетіпті. Республика көлемінде Еуразия ұлттық университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, аймақтық ірі оқу ордаларының қатарына М.Әезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, Каспий технологиялық университеті мен Ақтөбе өңірлік университеті енген еді. Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық ІТ университеті, Қазақстан-Британ техникалық университеті, Техникалық бағыттағы ұлттық университеттер арасында Қ.Сәтпаев атындағы ҚазҰТУ сұраныс жоғары болған. Қостанайлық жоғары оқу орындары бұл тізімнің біріне де ілікпепті.
МАМАНДЫҚТЫҢ БӘРІ ЖАҚСЫ
Еліміздегі еңбек қатынастарын білім, әлеуметтік қорғау министрліктерінің ұдайы саралап отыратыны белгілі. Көп жағдайда ресми мәліметтер ел ішіндегі жағдайдан, сұраныстан алшақ кетіп жататыны жасырын емес. Осыны ескерген Nur.kz порталы өзінің жұмыс ұсыну және іздеу функциясы арқылы ең көп сұралған қызмет орындарын тізіп шыққан екен. Портал ұсынған мәліметтерге жүгінер болсақ, елдегі экономикалық жағдайға байланысты биыл сауда менеджерлеріне сұраныс жоғары болмақ. Бұл мамандықтың қарабайыр сатушыдан айырмашылығы оның саудагерлік қабілеті мен ауқымды тұтынушыларды табу, компанияға тарту мүмкіндігінде. Осыған сәйкес жалақысы да 50 мың теңгеден 1 млн теңгеге дейін барады.
Сұраныс жоғары болған мамандықтардың бірі – бухгалтер. Өз ісінің білгірін іздеген компаниялар 80 мың теңгеден 1,2 млн теңгеге дейін жалақы төлеуге әзір екен. Биыл сауда өкілдері де үлкен сұранысқа ие. Тек, оларға 250 мың теңгеден артық ақы ұсынылмапты.
Көліктің көптігінен болар, 2020 жылы жүргізуші куәлігі бар азаматтардың да беделі үстем болып тұр. А нүктесінен В нүктесіне дейін жылдам әрі қауіпсіз жеткізе алатындарға 80 мыңнан 300 мыңға дейін ақы төленбек.
Компания қызметін ұсынудың жаңа әрі тиімді тәсілін тауып, тауарды өткізудің жолдарын қарастыратын мамандық иелері – маркетологтарға да сұраныс ерекше. Нарық сұранысын талдауға қабілетті әрі SMM медиа жүйесін жақсы меңгерген мамандарға қызмет ұсынушылар 400 мың теңгеге шейін жалақы төлеуге әзір екен.
Қазақстанның кез келген өңірінде тапшы саналатын дәрігер, мұғалім мамандықтарының қатарына әкімші, аудармашы, банк қызметкері, инженер, жылжымайтын мүлік және сақтандыру агенттері, Call-орталық операторы да қосылып отыр. Сонымен қатар, IT мамандары, логисттер, қаржылық талдау, жалдау менеджерлері, құрылысшылар көптеп қажет болып отырған көрінеді.
ЖҰМЫС ҚОЛЫ ЖЕТІСПЕЙДІ
Тұрғын үй құрылысы мен машина жасау салаларындағы жетістіктерге қарап, Тобыл өңіріне құрылысшы мен көлік құрастырушылар ғана қажет деп қалмаңыз. Біздің өңірде де медицина, мұғалім мамандықтары жеткіліксіз. Аймақ басшысының солтүстік өңірлерге жасаған сапарларында Ұзынкөл, Меңдіқара ауданындағы жер емген жамағаттың трактор, комбайн жүргізушілерін Ресейден шақыртып жатқаны белгілі болған еді. Осыны ескерген Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов жақында облыс орталығындағы Автомобиль көлігі колледжі мен Құрылыс колледжіне барды.
Жиында құрылыс және машина жасау салаларындағы маман тапшылығы туралы айтылып, "КамАЗ" ЖАҚ-пен оқу орталығын ашу мүмкіндіктерін қарастыру мәселелері қозғалды. Сапар соңында сала мамандарының санын арттыру жөнінде тапсырма берілді. Өз кезегінде билік материалдық-техникалық базаны нығайтуға көмек қолын созатынын жеткізді.
Жаһандық ақпаратқа жүгінер болсақ, соңғы жиырма жылда адамзаттың өмір сүру ұзақтығы артқан. Мұның есесіне бала туу саны күрт төмендеген екен. Осының салдарынан жұмысқа қабілетті жастардың қатары азайып, мемлекеттер қарияларын қызметте ұзақ ұстауға мәжбүр болып отырған көрінеді. Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, Орта Азия елдерінде жұмысшылардың орташа жасы 40-45 маңайында болса, Ұлыбритания, АҚШ елдерінде 55-60, Жапония, Оңтүстік Корея мемлекеттерінде 65-70 орта жас деп есептелетін көрінеді.
ІТ-технология, компьютерлендіру дәуіріне қарамастан, әлемнің әр мемлекетінде білікті маман тапшы. Тіпті, көршілес Ресейдің өзі қазақстандық жастарды тегін білімімен, әлеуметтік пакеттерімен қызықтырып, өздеріне баурауға тырысуда. Тегін білім берудің тиімді тетіктерін таппасақ, сөз басында айтылған он студенттің ақылы білім алатын жетеуінің шетел асуы әбден ықтимал. Қызметкер таппай қиналудың "көкесін" сонда көретініміз анық.
Жұматай КӘКІМЖАНОВ