Балаларға бақыт сыйлаған

Мемлекеттің жастарға көрсетіп жатқан көмегі өлшеусіз. Білім жетілдіру мақсатында шетелде оқып, озық технологияны игеріп жатқандар бір төбе. Кәсіп жасап, елдің дамуына үлес қосып жүргендердің қарасы қалың. Бұған аманкелділік жастардың қарқыны анық дәлел.
Гүлім Мырзағалиқызы мемлекеттік грантқа қатысып, 1 млн 200 мың теңге қайтарымсыз грант иегері атанды. Берілген қаржыға өз тарапынан қосымша қаражат қосып, аудан орталығынан “KAUSAR” атты 1 мен 8 жас аралығындағы бүлдіршіндерге арналған ойын-сауық орталығын ашты.
Жас кәсіпкер Арқалық қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық институттан экономика және құқық негіздері мамандығы бойынша білім алған. Тұрмыс құрған, төрт баланың анасы. Жолдасы Мағжан Серікұлы мемлекеттік қызметкер. Өзі де мемлекеттік қызметте жұмыс істеген. Дегенмен, қызметін тастап, біржола жеке кәсіпкер болуды тиімді деп тапқан. Сол себепті осы жолды таңдап, бүгінде жас кәсіпкер ретінде жұмысын бастап отыр.
– Негізі әр адамның арманы болады ғой. Біреуі бала кезден алдына мақсат қойса, кейбірі уақыт өте келе өз жолын табады. Мен де уақыт өте өз жолымды таптым десем болады. Өйткені, осы сала менің жаныма жақын. Кішкентай бүлдіршіндермен қарым-қатынас орнату, оларды психологиялық тұрғыда түсіну жеңіл. Өзім көп балалы ана болғаннан кейін баланың ойлау санасын жақсы білемін. Содан өзіме ой келді, мемлекеттік бағдарламада неге бағымды сынап көрмеске деген. Мүмкіндігімді пайдаланып қатыстым. Грант бұйырып, балаларға арналған ойын-сауық орталығын аштым. Нәтижесі жаман емес, орталық күннен-күнге дамып жатыр. Ақиқатында, адам бір істі бастау үшін оған міндетті түрде қолдау қажет. Менің де кәсіпкерлікте кеңінен қанат сермеуіме қолдау көрсеткен жолдасым болатын. Орталықтың ойыншықтарын құру, оны ыңғайлы орынға орналастыру оңай шаруа емес. Соған арнайы уақытын бөліп, жұмысының қиындығына қарамастан бастамамды қуана қабылдаған еді. Міне, қазір жеке кәсіпкер ретінде өз ісімді ашып отырмын, – дейді Гүлім Теміржанова.
Иә, жас кәсіпкердің бастаған игі ісі көпке үлгі болары анық. Себебі, аудандағы күрделі мәселелердің бірі ойын-сауық орталығы болатын. Көбіне ата-аналар жұмысқа кетер кезде балаларын қайда қалдырарын білмей әбігерге түсетін. Үйде үлкен кісі, ата-әжесі болса бір жөн. Бірақ ондай қариялары жоқ үй иелерінің уайымы екі есе еді. Күнде жаңалықтардан түрлі жайсыз хабарлар айтылып, әсіресе, үйде жалғыз қалған балалардың түрлі апатқа ұшырауы жаға ұстататын. Оны естіген ата-аналардың уайымы одан әрмен күшейе түсетіні айдан анық. Ал аталмыш орталықтың осындай ауыр ойлардың бәрін артқа тастауға бірден-бір септігін тигізері сөзсіз.
– Көбіне ұстаздар қауымы балаларын сеніп тапсырып жатады. Ауданда негізгі еңбек көзінің бірі мұғалімдік қой. Сондықтан кейбір отбасыларда бір емес, бірнеше педагог бар. Олар да балаларын әкелетін осындай орталықтың ашылғанына шын жүректен қуанатынын айтты. Жұмыс уақыты таңғы сағат 10:00-ден кешкі 21.00-ге дейін. Кіру бағасы қалтаға ауыртпалық салмайды. Түскі үзіліс ата-аналардың уақытына сәйкестендіріліп, 13:00 мен 14:30 аралығына қойылған. Қазір орталығымыз шағын болған себепті өзім ғана қызмет жасаймын. Инстаграм желісінде “kausarkids 2022” деген арнайы парақша да ашылған. Алдағы уақытта орталықты кеңейту де жоспарда бар. Мемлекеттік бағдарламалардың берер пайдасы шаш етектен. Соны негізге алып, болашақта кәсібімді ауқымды түрде жоғарлатпақ ниет те жоқ емес, – дейді жас кәсіпкер.
Гүлім Мырзағалиқызының айтуынша, мемлекеттік грант жастарға беріліп жатқан үлкен мүмкіндік. Қоғамда оқу орнын аяқтап, екі қолға бір күрек таба алмай, әр мекеменің табалдырығын тоздырып жүрген азаматтар мен азаматшалар жетіп артылады. Сондықтан ол өзі сияқты жастарға мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, бақтарын сынап көруге кеңес береді. Әрі шын ниеттенген адамның қандай қиындық болса да төтеп беріп, өз мақсатына жетпей қоймайтынын айтады.
– Қазір жұмыс жоқ деп қол қусырып отыратын заман емес. Мамандығың бойынша жұмыс таба алмасаң, қолыңнан келетін істі баста. Елімізде кәсіп бастаймын дегендерге де жол ашық. Әсіресе, мемлекеттік грантқа қатысып, қайтарымсыз несиеге қол жеткізуге мүмкіндік мол. Тек кәсіптің көзін таба білсең болғаны. “Еңбектің наны тәтті” демекші, қай істе болмасын бейнетің қатты болса, татқаның тәтті боларын ұмытпа, – дейді жас кәсіпкер.
Бибіт Нұрмұханов
Аманкелді ауданы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓