Құрылыс бәсеңдемейді
Өткен жылы облыста «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асыру шеңберінде барлық қаржыландыру көздері есебінен 335,4 мың шаршы метр тұрғын үй салынды. Бұл 2018 жылғы көрсеткіштен 12,1% жоғары. Облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының бастығы Гүлбарам Мұсағазина осылай деп мәлімдеді.
Айтуынша, тұрғын үйді пайдалануға берудің оң динамикасы Денисов (НКИ – 81,0%) және Жітіқара аудандарынан (НКИ – 99,1%) басқа облыстың барлық өңірлерінде баспана мәселесі нақты шешімін тапқан. Нәтижесінде 3 661 пәтер пайдалануға берілді (2018 жылға қарағанда 489 пәтерге артық). Оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған 279 жалдамалы пәтер, ЖАО облигациялары арқылы ТҚЖБ желісі бойынша 1 429 кредиттік пәтер; 1 414 коммерциялық пәтер, 539 жеке тұрғын үй тапсырылды. Жалпы, өткен жылы тұрғын үй құрылысына 30,7 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл 2018 жылғы кезеңмен салыстырғанда 85,8%-ке артық.
Есепті кезеңде Қостанай, Арқалық, Рудный қалалары мен Аманкелді ауданында жалға берілетін бес тұрғын үй пайдалануға берілді. Сонымен қатар, 2019 жылы жалпы ауданы 31,4 мың м2 болатын 468 пәтерлік жалға берілетін төрт үйдің құрылысы басталды. «Юбилейный» шағын ауданындағы құрылысы жүріп жатқан №48, №49, №50, №9 үйлер үстіміздегі жылы аяқталады. Осылайша, биыл тұрғын үй құрылысы 10%-ке өспек. Яғни, барлығы 368,9 мың шаршы метр тұрғын үй ел игілігіне айналуы мүмкін.
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов аудан, қала әкімдеріне жергілікті жерлерде тұрғын үй салу мәселесін қадап тапсырды.
"Кез келген салада өсім болуы керек. Бұл, әрине, облыстың барлық өңіріне қатысты. Сандар мен көрсеткіштердің артында әрқашан халықтың өмір сүру деңгейі тұрады. Егер адам төлем қабілетті болса, ол көлік те, үй де сатып ала алады. Ол үшін тиісті өнеркәсіп салаларын дамыту қажет", – деді облыс әкімі.
Әлібек ЫБЫРАЙ