Басты міндет – егіс науқанына сапалы дайындалу
Облыс әкімдігінде өткен кеңейтілген кеңесте өңір ауыл шаруашылығының даму қорытындысы шығарылды. Саладағы өнімнің жалпы шығарылымы 391 млрд теңгені құрады, нақты көлем индексі – 77,9%, оның ішінде өсімдік шаруашылығында 67,2%. Тек, өткен жылы өңірде болған қуаңшылық салдарынан өнім көлемі едәуір азайды. Дей тұрғанмен шаруалар барлығы 3 млн тонна астық бастырды. Гектар берекелілігі орташа есеппен алғанда 7,6 ц/га айналды.
Мал шаруашылығында нақты көлем индексі 101 % -ке тең. Өткен жылы облыс кәсіпорындары 132,1 млрд теңгенің мал өнімдерін өндірген. Есепті кезеңде 356,2 млн АҚШ долларына тең ауыл шаруашылығы өнімдері экспортталды. Негізгі үлес астық пен ұнға тиесілі – 65%. Сонымен қатар, бұрнағы жылмен салыстырғанда ет өнімдерінің экспорты 2,4 есеге, макарон өнімдері 18% – ке, сүт өнімдері 9% – ке, жұмыртқа 3% – ке артты.
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов шаруаларға оңтайлы жағдайда егіс жүргізу үшін техника дайындау қажеттігін атап өтті. Облыс әкімінің айтуынша, қажетті тұқым қоры бар, жанар-жағар май қоры жеткілікті.
Әлібек ЫБЫРАЙ