Оңтүстікте орақ қызады

Биыл ауа-райы құбылмалы болды, маусымда құрғақшылық болса, шілде мен тамыз айынының ортасына дейін толассыз жауыннан көз ашпадық. Енді, міне, бір апта бойы 40 градус аптап ыстықтан арыла алмай отырмыз. Жаздың алғашқы айларында жауынның болмауы облыстың оңтүстік өңірлерінің жер емген диқандарының да көңілін күпті еткені рас. Дегенмен, шілде мен тамыздағы толассыз жауын бұл үрейді сейілтті, әсіресе Аманкелді ауданы мен Арқалық қаласының егіс далаларындағы егіннің шығымы көз қуантады. Облыс әкімімен кездескен диқандар да бітік шыққан бар егінді шашпай-төкпей, әр гектарына 8-10 центнерден аламыз деп отыр. Егін жинау науқанына дайындық та жаман емес, шаруасын шалқытып отырған диқандарға да төмен бағамен қажетті тыңайтқыш та, жанар-жағар май да уақытында берілген, техника да сақадай сай көрінеді.
Оңтүстік өңірлердің егіс алқаптарын аралап, егін шығымын, орақ алдындағы дайындықты өз көзімен көріп қайтқан облыс әкімі де қос аймақтың егін шығымына көз тоятындығын айтты. Әрі шаруашылық басшыларына егін орағын тиісті мерзімінен кешіктірмей бастау керек деген тапсырма берді.
– Егінді әр мезгілде еккен диқандар да бар, сондықтан биыл астық шығымы да әртүрлі болмақ. Мәселен, Жітіқара, Қамысты және Таран, Денисов аудандарының бір бөлігінде жағдай көңіл көншіт-пейді, ал Қарасу, Сарыкөл, Ұзынкөл, Меңдіқара, Қарабалық, Қостанай аудандарында астық бар. Байқағанымыздай, биыл оңтүстік өңірлердің астық шығымы да жаман болмайды. Бастапқыда көңілдері күпті болған аманкелділіктер әр гектарына 7 центнерден аламыз деген болатын, енді, міне, 10 центнер деп нық сеніммен айтып отыр. Арқалық қаласы да 6-7 центнерден күткен еді, олар да 7-8 центнерге жетпек. Жалпы, облыс бойынша 5 миллион тоннадай астық жиналады деген үміттеміз. Ендігі басты мақсат, бар астықты ысырапсыз жинап алу, – дейді облыс әкімі Н.Садуақасов.
Әкім шаруалармен кездесу барысында ауыл шаруашылығы саласы бойынша мемлекеттік бағдарламалардың бұл өңірлерде қалай жүзеге асырылып жат-қандығын да білді. Аманкелді ауданының әкімі Ж.Таукеновтың айтуынша, бүгінде өңірдегі мал саны 28 мыңды құрайды. Ауданда "Сыбаға" бағдарламасы ар-қылы мал басын көбейтіп жат-қандар саны да жетіп артылады. Әйтеуір, аманкелділіктер белсенділік танытып, мемлекет тарапынан осы бағытта көрсетіліп жатқан бар мүмкіндікті пайдаланып қалуға тырысуда. Комбайндарды да жаңарту үстінде, себебі, ауданның шаруалары машина-трактор паркін жаңартпай, істің алға баспайтынын да түсінгендей.

Қарлығаш
ОСПАНОВА
СУРЕТТЕ: Егінжайда.
Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.