КҮН ТӘРТІБІНДЕ – МАМАН МӘСЕЛЕСІ
Өткен демалыс күндері облыс әкімі Архимед Мұхамбетов триатлон паркі салынуы тиіс жер телімін аралап шықты. Бұл жайында өзінің instagram парақшасында жазған аймақ басшысы спорттық нысан аумағында жүгіру, велосипед және жаяу жүргіншілер жолынан басқа, әр түрлі спорт түрлерінің әуесқойлары үшін көптеген алаңдар қарастырылғандығын тілге тиек етіпті.
Сондай-ақ ол индустриялық аймақтың әкімшілік-тұрмыстық кешенінде болғанын жазады. "Кешенде бірқатар мемлекеттік мекемелер, "KAZAKH INVEST" өңірлік өкілдігі, Кәсіпкерлер палатасы, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы, "Тобыл" ӘКК өкілдері, сондай-ақ жылжымалы кесте режимінде коммуналдық кәсіпорындар орналасатын Фронт – офис ашу жоспарда. Соңында "Тобол Керамик" ЖШС қызметімен таныстым. Кәсіпорын кірпіш, жабынқыш және күйдірілген саздан жасалған өзге де құрылыс заттарын шығарады. Кәсіпорынның өнімділігі айына 500-600 мың дана. Осы кәсіпорынға бару туралы ұсыныс маған Instagram желісіне түскенін атап өткім келеді", – дейді аймақ басшысы.
Өңірімізде тұрғын үй құрылысы мен машина жасау салалары жоғары қарқынмен дамуда. 2019 жылдың қорытындысынан жақсы нәтижелерге қол жеткізгенімізді аңғаруға болады. Өсімге байланысты өңірімізде көлік саласы мамандарын әзірлеудің маңыздылығы арта түсті. Осыны ескерген аймақ басшысы Қостанай қаласындағы автомобиль көлігі колледжі мен құрылыс колледжіне барғанын да әңгіме арқауына айналдырған.
Бүгінгі таңда құрылыс және машина жасау салаларында мамандар жетіспейді. Сондай-ақ кездесу кезінде "КАМАЗ" ЖАҚ-пен оқу орталығын ашу мүмкіндігі қарастырылды.
Сапар қорытындысы бойынша жоғарыда айтылған сала мамандарының санын арттыру жөнінде тапсырма беріліп, жергілікті билік тарапынан тиісінше материалдық-техникалық базаны нығайтуға көмек көрсетілетіндігі айтылыпты.
Жұматай КӘКІМЖАНОВ