Шетелдік көлікке шектеу көп

Осы аптада ҚР Ішкі істер министрлігі Армения, Қырғыз Республикасы, Ресей мен Беларусьтен Қазақстанға әкелінген автокөліктерді уақытша тіркеуге алуды ұсынды. Оған себеп – сырт мемлекеттің тіркеуіндегі төрт дөңгелектілердің біздің еліміздегі жол-көлік оқиғаларының артып кетуі. Әрі бұған себепкерлердің жазасыз қалуы тіптен алаңдатады. Ведомство елімізге 170 мыңға тарта көлік құралы кіргізілгенін, шетелде есепте тұрған көлікті жүргізген Қазақстандағы жүргізушілердің кінәсінен 1884 жол-көлік оқиғасы болып, оның салдарынан 132 адам көз жұмып, 500-ден астам адам жарақат алғанын хабарлаған еді.
  333333
Дегенмен шетелдік нөмірлі авто жүргізушілер арасында басқа мемлекеттің нөмірі бар көліктер айып тұрағына қойылып, олардың қозғалысына тыйым салынады екен деген түсініспеушіліктің болғаны рас. Оған министрлік тарапынан жеткізілген ақпараттардың бір-бірімен қабыспауы да себеп. Мәселен, Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев шетелдік тіркеуде тұрған көліктерді Қазақстанда есепке алу туралы түсіндірмесінде ондай көліктерді тіркеу үшін елден 30 тәулікке шығып кетіп, қайтадан келу қажет деді (Tengrinews.kz).
«Бұл тек Армения мен Қырғызстаннан әкелінген көліктерге ғана қатысты. Ресей автоларына мұндай шектеу жоқ», – деді бірінші вице-министр.
Министрлік Армения мен Қырғызстаннан әкелінген автокөліктерге қатысты былай түсінік берді: «Бұл елдердің ЕАЭО-ға қосылуына байланысты ережеге сәйкес, яғни, ол елдерден әкелінген көліктердің ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттердің аумағында пайдалануына қатаң шектеулер бар. Мәселен, аталған елдерде 2014 жылдан бастап 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін тіркелген автокөліктер Қазақстанға уақытша әкелінуі мүмкін. Уақытша әкелінген бұл көліктер Қазақстанға кедендік баждарды, салықтарды төлемей және Қырғызстан мен Арменияда тұрақты тұратын азаматтардың кедендік пошлиналарды төлеместен кіргізілуі ықтимал.
Ал сәл кешірек ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығы Юрий Козлов Ресей нөмірлі көліктер ЕАЭО-ның басқа мемлекеттері секілді олармен тең дәрежеде көліктерді тіркеу қажет екенін мәлімдеді. Айтуынша, егер сіз шетелден автокөлік сатып алып, сатып алу-сату келісімін жасаған болсаңыз, Қазақстанға келгенде заң бойынша 10 тәулік аралығында қожайынның тұрғылықты жерінде тіркеуге қоюыңыз керек. Бұл ретте тиісті баждың бәрі төленуі тиіс.
Дәл қазір Қостанай өңірінде шетілдік нөмірлі қанша көліктің жүргені белгісіз. Облыстық полиция департаменті берген мәліметке жүгінсек, тек өткен жылы қала көшелеріндегі «Автоураган» камераларына  шетілдік нөмірлі көліктердің 64 мың заң бұзушылығы тіркелген. Олардың 29,5 мыңға жуығына қатысты хаттама күші жойылған. Себебі, айыппұл хаттамасын қай мекенжайға жіберетінін анықтау мүмкін емес.
11111
«Қазақстанда ТМД елдерінің көлік құралдарын міндетті түрде есепке қою қарастырылмаған. Автоматтық режимде жұмыс істейтін арнайы бақылау-өлшеу құралдарымен 64 мың шетелдік нөмірлері бар автокөліктер жол қозғалысы ережелерін бұзған. 2019 жылы Қостанай облысының аумағында шетел нөмірлері бар автокөліктердің қатысуымен 65 ЖКО тіркелді, онда 14 адам қаза тауып, 75 адам жарақат алды. Оның ішінде 8 көлік транзитпен жүріп өткен шетел азаматтарының басқаруында. 65 ЖКО-ның 63-і – Ресей, біреуі қырғыз, біреуі беларус нөмірлі» делінген департамент өкілдерінің хабарламасында.
            Жыл басынан бері аймағымыздың полицейлері жүргізген жұмыс нәтижелері бойынша Ресей Федерациясының 981 көлік құралы ұсталса, оның ішінде 472 жүргізушіге әкімшілік іс қозғалыпты. 1,5 мыңнан астам нұсқамаға хабарлама берілген. Әкімшілік бойынша қысқартылған тәртіпте өтелген берешек – 563, жалпы сомасы 3 млн 858 мың 975 теңгеге (50%). Ресей Федерациясының 20-дан астам көлігі айыппұл тұрағына алынған.
            Осы орайда Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Әлібек Кеңесбаев Ішкі істер министрлігі, Бас прокуратура және Ұлттық банк бірлесе отырып мәселенің шешімін тапқанын мәлімдеді. Бүгінге дейін осы елдердің тіркеу нөмірлерімен жүрген көліктер Қазақстанда 814 млн теңге көлемінде айыппұл төлемей келген. Қазір 52,5 млн теңге айыппұл өндірілген, қазынаға түскен қарыз көлемі – 765 млн теңге.
«Осы уақытқа дейін шетелдік көліктер айыппұл төлемейтін. Енді біз оның амалын таптық: шетелдік нөмірлі көліктер Қазақстанға енгенде, міндетті сақтандыру полисін алады. Сақтандыру парақшасында көлік иесінің есепшоты мен мәліметтері бар. Енді айыппұлдар сол шоттарға жіберіледі. Кеден одағының мүшесі болғандықтан, біздің азаматтар осы сәтті пайдаланып, Ресей, Беларус, Армения, Қырғыз елдерінен көлік көп әкелетін болды. Олар тіркеусіз еркін қозғала алады. Ал, негігі иесі шетелде болғандықтан, біз айыппұлды жібере алмайтын едік. Енді осы ықпалдасудың арқасында көлікті жүргізіп жүрген адамға айыппұл сала аламыз», – деп түсіндірді ол.
Ал шетелдік көлік тізгіндеген жүзге тарта қостанайлық сырт мемлекеттерден әкелінген авто құралдарды Қазақстанда тіркеуге қатысты қала жағажайының және Nur Otan партиясы облыстық филиалының алдына жиналды. Олар елімізге сатып әкелген көліктерін толық заңдастырып алсақ деген талап қоюда. Себебі, ондай автомашиналарды кедендік рәсімдеу өте қымбат. Талапшылар осы жағына рақымшылық жасалса дейді. 
22222
 
Суретті түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓