Арашашыға алғыс айтты
Рудный қаласы Полиция басқармасының қызметкері Жәнібек Бостанбаев мүмкіндігі шектеулі жанды өлімнен арашалап қалды, – деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Полицияның баспасөз қызметі мәлім еткендей, А.Нифантьев үйінде өзі ғана тұрады. Кенет жүрегі қысылып, өзін жайсыз сезінген. Ол жедел жәрдем қызметін шақырғанымен, үй есігін ашуға шамасы келмей, отырып қалады. Бұл уақытта дәрігерлер полицияға хабар берген.
«Оқиға орнына учаскелік полиция инспекторы Жәнібек Бостанбаев келді. Есікті аша алмаған тәртіп сақшысы, болгар арасын тауып алып, металл есігін кеседі. Осылайша үйге кіріп, еденде ес-түссіз жатқан А.Нифантьевті көреді. Полицей қайтадан дәрігерлерді шақырады. Олар келгенше мүгедек жанға қажетті дәрісін егіп, қасында болған», – делінген полицияның ақпаратында.
А.Нифантьев облыстық полиция департаментінің бастығы Бекет Аймағамбетовтің атына хат жолдап, учаскелік полицейге алғыс айтты. Жәнібек Бостанбаев құқық қорғау саласында 12 жылдан астам уақыт еңбек етеді.