Ақылы тестілеу басталды
Қостанайда 2020 жылғы алғашқы ақылы ҰБТ басталды. Білім сынағы барынша қатаң түрде өтіп жатыр. Ереженің бұзылмауын тұңғыш рет Жемқорлыққа қарсы күрес қызметі қадағалауда.
Бұл – қазақстандық оқушылар үшін ЖОО-ға ақылы бөлімдерге түсу үшін берілетін үш мүмкіндіктің бірі. Қалған екеуі наурыз және тамыз айларына белгіленген. Грант алуға мүмкіндік ұсынатын негізгі ҰБТ маусым айында өтеді. Дегенмен, көптеген талапкер маусымға дайындық ретінде қаңтар және наурыз сынақтарын пайдаланады. Ондағы мақсат – өз білімін және стреске төзімділігін алдын ала тезге салу.
Қостанай облысында тестілеу үш күн ішінде: 17, 18, 19 қаңтарда Қостанай және Арқалық қалаларының екі нысанында өтеді. Сынаққа қатысу үшін 1920 оқушы жазылған. Қазақстан бойынша қаңтар айында тестілеуге 95 мыңнан астам адам қатысады. Тестілеу алғаш рет сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің бақылауымен өтеді.
"Тамыз айында магистратураға және докторантураға түсу үшін кешенді тестілеу өткізуді қадағаладық. Тестілеу барысында талапкерлерден 40 телефон тәркіленді. Сондықтан да біздің ҰБТ-ға қатысуымыз адалдық пен ашықтық қағидаттарының сақталуын қамтамасыз етуге көмектеседі деп шештік, – дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті басшысының бірінші орынбасары Данияр Смағұлов. – Оқушылар айлаға бара алмайтын жағдайға тап болғанын түсінуі тиіс, бәрі хаттама арқылы іске асатынын ескерттік. Сондықтан олар тек өз біліміне сене алады".
Сонымен қатар, тәуелсіз бақылаушылар ретінде қоғам өкілдері де шақырылды. Әрбір аудиторияда онлайн-трансляция іске қосылды, сондықтан кез келген ереже бұзушылық бірден анықталады.