Шаңырақ шаттығы

Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету атқарушы органдардың ерекше бақылауында. Сондықтан да Қостанай облысы тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші бойынша республикада үздік үштікте. Сонымен биыл қанша пәтер тұрғызылды? Жаңа жылдың жоспары қандай? Мұны журналистермен өткен баспасөз турында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ филиалы директоры Дәурен Саудабаев айтып берді.
Сандарға шақсақ «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде соңғы 4 жылда 1 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салынды, тұрғын үй құрылысына 100 млрд. теңге инвестиция тартылды. 10 мыңнан астам отбасы өздерінің тұрғын үй жағдайларын жақсартты. Олардың дені – тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары. Филиал директоры Дәурен Саудабаевтың айтуынша, банктің әрбір жетінші салымшысы несие рәсімдеп, баспанаға ие алған.
IMG_0072
– Бүгінде облыстық банк филиалында 65 мыңнан астам тұрғын пәтер сатып алуға қаражаты бар. Облыс орталығында «Әуежай», «Юбилейный» және «Береке» жаңа шағын аудандары белсенді түрде салынуда. Қостанай ауданының Заречный ауылындағы «Северный» шағын ауданының құрылысы аяқталып келеді. 37 гектар аумаққа бірыңғай сәулеттік стильде 279 жеке тұрғын үй салынды.  2020 жылы «Қонай» шағын ауданын пайдалануға  беру жоспарлануда. Мұнда көпқабатты үйлер де бой көтермек. Жалпы жыл басынан бері 330 мың шаршы метр тұрғын үй (оның ішінде жеке тұрғын үй құрылысы – 95,9 мың шаршы метр) пайдалануға берілді, тұрғын үй құрылысына 24,8 млрд теңге инвестиция салынды. Бұл өткен жылдың деңгейінен 10%-ке жоғары, – дейді Д.Саудабаев.
IMG_0027
Баспанаға ие болып, қуанышқа кенелгендердің бірі – Рысбике Жанабекова. Зейнеткер Майлин көшесіндегі жаңа үйдің кілтіне ие болған.
– Мемлекет тұрғындарға жақсы мүмкіндіктер қарастырып отыр. Тек соны тиімді пайдалана білу қажет. Пәтер кілтіне ие болғанда немерелерім қатты қуанды. Көптен күткен мақсатымызға қол жетті. Қарап отырсақ, мұның бәрі мемлекет саясатының арқасы. Тұрғын үй банкіне ай сайын ақша салып тұрамыз. Қалтаға да салмақ түсірмейді, – деп бөлісті Рысбике Жұмағазықызы.
IMG_0088
Келесі жылдан бастап «Өз үйім» бағдарламасы аясында «Жұлдыз» тұрғын үй кешенінің іргетасы қаланады. «Өз үйім» – халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету міндеті шеңберінде іске асырылатын банк бағдарламаларының бірі. Бұған қоса Қобыланды батыр даңғылындағы 5 қабатты тұрғын үй де сол бағдарлама арқылы жүзеге асады.
– «Өз үйім» бағдарламасы бойынша банк салымшылары тұрғын үй құнының 50% мөлшерінде бастапқы жарнасын жинай отырып, пәтер сатып ала алады. Сыйақы мөлшерлемесі жылдық 7% құрайды. Одан әрі 3,5-5% дейін төмендей береді. Несие 6 айдан 25 жылға дейін беріледі. Баспана сапасы жақсы. Мысалы, «Жұлдыз» тұрғын үй кешеніндегі тұрғын үйлер кірпіштен салынған. Шу оқшаулағышы бар, пәтерлердің құны бір шаршы метр үшін 200 мың теңгеден келеді. Жалпы ауданы 43,9 шаршы метр бір бөлмелі пәтердің құны 8 млн 780 мың теңге болады. Бастапқы жарна 50% болған жағдайда ай сайынғы төлем 51216 теңгенің айналасында, -деп түсіндірді Дәурен Саудабаев.
IMG_0021
Бір бөлмелі тұрғын үйлер Қобыланды батыр даңғылында тапсырылады.  «Высоцкая О. Л.» жеке кәсіпкері баспана құнын 4 миллион 988 мың теңгеден бастап сатылымға қойған. Бұл бағдарламаның шарты бойынша ай сайынғы төлем небәрі 30 мың теңге болады.  
Бұған қосымша биыл маусым айында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы көп балалы, толық емес отбасыларды, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларды жеңілдікпен несиелендіруді бастады. Бұл займ жылдық 2% мөлшерлеме бойынша 20 жылға дейінгі мерзімге, бастапқы жарнасы 10%-дан бастап беріледі. «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Батыр ана» атағын алған көп балалы отбасылар мен аналар жеке санатқа шығарылып, оларға бірінші кезекте тұрғын үй алу құқығын беру заңнамалық түрде бекітілді.
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓