Снюсты сатуға тыйым салынды
Елімізде снюс деп аталатын шайнайтын шылымды сатуға тыйым салынды. 12 желтоқсанда ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин снюс темекі және темекі емес өнімдерін әкелуге, қолдануға, сатуға және таратуға тыйым салу туралы Қаулыға қол қойды. Осыған орай, облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мамандары сауда орындарына тексеру жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде, екі күн ішінде снюс таратқан тоғыз бірдей нүкте анықталған. Бұл туралы аталған департаментте өткен баспасөз мәслихатында сала мамандары айтып берді.
Департамент басшысы О.Бекмағамбетовтың айтуынша, өкінішке қарай снюстерді қолданатын жасөспірімдерді есепке алу барлық жерде жүргізілмейтін көрінеді. Мәселен, биыл Алматыда 50 бала мен жасөспірім снюстермен уланғаннан кейін ауруханаға түскен. Қуанышқа орай, Қостанай облысында мұндай жағдайлар тіркелген жоқ.
-Мен жедел-жәрдем қызметінен өзім анықтап білдім, қуанарлығы мұндай жағдайлар тіркелмепті. Бірақ бұл балалар снюстердің әсеріне ұшырамайды дегенді білдірмейді. 24 желтоқсанда біз бірнеше сағат ішінде Қостанайдағы көптеген ірі сауда орталықтарын араладық. Айта кету керек, біздің кәсіпкерлер заңға мойынұсынады екен. Олар снюстарды бұрын сатқандығын, кейін заңға сәйкес сөрелерден алып тастағандарын жасырмады. Дегенмен, біз снюстерді таратқан тоғыз сауда нүктесін анықтадық, – дейді О.Бекмағамбетов.
Мамандардың айтуынша, түтінді шылымда 1,5 милиграм никотин болса, снюстың құрамында оның мөлшері 250 милиграмға дейін бары анықталған. Бұл мөлшерден 100 есе көп. Снюстер иммунитетті әлсіретіп, онкологиялық аурулардың даму қаупін арттырады, тітіркендіргішті арттырады және барлық орталық жүйке жүйесінің жұмысына теріс әсер етуі мүмкін. Өнім Қазақстанға көбінесе Ресей, Швеция, Үндістан сынды мемлекеттерден тасымалданатын көрінеді. Сондай-ақ интернет желісінде, кюркод арқылы, киви-әмиянмен тапсырыс беруге болады. Алайда нақты қандай компаниялар өндіретіні, кімдер сататыны әзірге белгісіз. Тексеріс барысында жергілікті мамандар зерттеу үшін снюстердің 3 сынамасын сатып алған. Бір пакеттің құны небәрі 250 теңге ғана көрінеді. Сараптама қорытындысы бойынша 2 г өнімге 2 мг-нан 5 мг-ға дейін никотин келеді. Сондай-ақ, департамент мамандары тексеріс барысында жоғарыдағы Қаулыны сауда нүктелеріне таратты. Ал, тексеру жүргізу және сатушыларды жауапкершілікке тарту үшін аталған департаментке жазбаша өтініш жасау қажет. Мұны Әл-Фараби даңғылы, 113 және Амангелді көшесі, 96 мекенжайы бойынша жасауға болады. Қызметкерлер өтініш бойынша микробизнесті тексеру жұмыстарын бес күн, шағын және орта бизнес субъектілеріне он күн ішінде жүргізеді. ҚР ӘҚБтК-нің 462-бабына сәйкес, тәртіп бұзушылар үшін кәсіпкерлік ауқымына байланысты 265 000-нан 1 325 000 теңгеге дейін айыппұл салынады.