Жұмыспен қамту жалғасын табады
Жұмыспен қамту бағдарламасының бірінші бағыты аясында кәсіптік оқуға 100 адамды жіберу жоспарланып отыр, оған 39 млн 732 мың теңге қаражат бөлінді. Жаңа тәсілге сәйкес, оқытылған азаматтарды жұмысқа орналастыруға кепілдік беретін жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша оқыту жүзеге асырылады. Бұл туралы Әулиекөл ауданының халықты жұмыспен қамту орталығы хабарлайды.
Мемлекеттік бағдарламаның екінші бағыты аясында жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 1 млн 326 мың теңге сомасында 100 АЕК дейін 5 грант және 5 млн 302 мың теңге сомасында 200 АЕК дейін 10 грант қарастырылған. Осы жылы бағдарламаның үшінші бағыты аясында Жастар тәжірибесі бойынша 10 адамды қамту жоспарда бар,бөлінген қаржы – 4 млн 308 мың теңге. Әлеуметтік жұмыс орындарына 27 адам қабылдау көзделіп отыр, бөлінген сома – 6 млн 804 мың теңге. Қоғамдық жұмыстарға 150 адамды жұмысқа орналастыру нысанаға алынған, бұған бөлінген қаражат көлемі – 38 млн 250 мың теңге.
Мұның сыртында, еңбек ресурстарының ұтқырлығы аясында 2020 жылы осы ауданға еңбек күші мол өңірлерден 25 қоныс аударушыны (5 отбасы) қабылдау көзделген.