«Халықтан» халыққа сый
«Халық» қайырымдылық қоры мен Halyk Bank рудныйлық ерікті мүгедектер қоғамына инватакси қызметін көрсетуге арналған «Газель» автокөлігін сыйға тартты. Көптен күткен қуанышты шараға Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов пен банктің облыстық филиалының директоры Иван Скородиевский қатысты.
Халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған қор бүгінде қол арбаға таңылған бірқатар азаматтың қуанышын еселеп, арманына үміт сыйлады. Өйткені Рудныйдағы инватакси қызметін атқаратын ерікті мүгедектер қоғамы арнайы көліктерді осы уақытқа дейін жалға алып келді. Енді су жаңа көліктің келісімен тегін қызметтің сапасы да артпақ.
–Бүгінде кеншілер қаласында 4 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан тұрады. Олардың 160-сы инватакси қызметіне мұқтаж. Біз осы топтағы азаматтардың құқығын қорғап, ел қатарлы жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасауымыз керек. Осы тұста, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі үлгі көрсетіп, ортақ ісіміздің алға басуына себепші болып отыр, – деді көлік кілтін ұйым төрағасы Санаш Есжановқа ұстатқан аймақ басшысы.
Арнайы көлік мүгедектер арбашасын көтеруге арналған құрылғылармен жабдықталған. Микроавтобус салоны айналдыра әйнектелген, оң жақтағы сырғымалы есігі, 180° айқара ашылатын артқы есіктері, қозғалыс бағытымен орналастырылған жұмсақ отырғыштары бар.
«Инватакси» жобасының идеясы Халық банкінің 95 жылдығына орай «95 жарқын іс» эстафетасы аясында қолға алынды. 2018 жылы«Халық» қайырымдылық қоры мен Halyk Bank жалпы құны 336 млн теңгеге Қазақстанның ірі қалаларына 21, ал 2019 жылы шағын қалалардағы өңірлік қоғамдарға 15 арнайы көлік табыстады.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ