«Пайда ойлама, ар ойла…»

АязбековАдамды сүю…  Жас Ибраһимді анасы Ұлжан  «Абай» деп еркелетіп атаған екен. Адамды сүюдің алғашқы дәнін ұлы Абайға анасы сіңірген. Әкесі Құнанбайдың қанымен жаралып,  бойдағы  жүрек, ақыл, қайрат қуат алып, біте қайнасқан еді. «Абай деген – терең теңіз, алып мұхит. Абайды таныған сайын, оның түбіне маржандарын алу үшін сүңги беруің керек, сүңги беруің керек», – деген екен Мұхтар Әуезов. Сол маржандарды тағы бір сүзіп алу үшін сүңгудің реті  көкірек көзі ояу қазаққа биыл оңтайы келіп-ақ тұр.
«Қазір әлем күн сайын емес, сағат сайын өзгеруде. Барлық салада жаңа міндеттер мен тың талаптар қойылуда. Ғылымдағы жаңалықтар адамды алға жетелейді. Ақыл-оймен ғана озатын кезең келді. Заман көшіне ілесіп, ілгері жылжу үшін біз сананың ашықтығын қамтамасыз етуіміз керек. Бұл қадам өркениеттің озық тұстарын ұлттық мүддемен үйлестіре білуді талап етеді. Мұндай кезде өзіміздің таптаурын, жадағай әдеттерімізден бас тартуымыз қажет», – деді ҚР Президенті Қасым -Жомарт Тоқаев, бүгін жариялаған «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» мақаласында – «Абайдың кейбір қарекеттерге көңілі толмай, «Терең ой, терең ғылым іздемейді, Өтірік пен өсекті жүндей сабап» деп үнемі сыни көзбен қарауының себебі осында». Рас, қазақты сүйсе, адамды сүйсе Абайдай-ақ сүйсін! Сол туған ұлтына деген шексіз махаббатынан барып, ұлы абыз заманындағы  қауымға ашығын ашып айтты, ашынып айтты. Содан барып Абай он тоғызыншы ғасырда «толық адам» тұжырымын көлденең тартты. «Бізге, Абай айтқандай, артық мақтанға салыну, өзгені қор, өзімізді зор санау, дау қуу әсте жараспайды. Әлемде бай мен кедейдің, білімді мен білімсіздің, қала мен ауылдың арасы алшақтап кетті. Бұл үдерістің қарқыны барған сайын күшейіп келеді. Бизнес тек пайда көздесе, білімділер бөлек орта қалыптастырды, әрқайсысы өздері үшін ғана жауапкершілік арқалайтын болды», – деді Президент. – Абайдың ойынша, табыс табу үшін қолөнер үйрену керек. Себебі «мал жұтайды, өнер жұтамайды» (отыз үшінші қара сөз). Ұлы ақынның бұл ойлары бүгінгі Қазақстан қоғамы үшін де өзекті деп санаймын. Абай қара сөздерінің басты миссиясы – ойлану, өзгеге ой салу, мақсатты ұстанымға айналдыру.
Әр азамат осы тойдың алдында еліміз, елдігіміз жөнінде терең ойланса дейміз. Абай бізге нені аманаттады? Абай бізден нені талап етті? Абай бізден нені күтіп еді? Абай елдің қай ісіне сүйініп еді? Сол сүйінген ісінен үйрене алдық па? Абай қазақтың қай ісіне күйініп еді? Сол күйінген ісінен жирене алдық па? Басқасын былай қойғанда, ақын айтқан бес асыл істі жүзеге асырып, бес дұшпанды бойдан қашырып жатырмыз ба деген ойдың төңірегінде толғансақ та талай жайға қаныға аламыз», – деп жазды Қ.Тоқаев. 
Президент биылғы жылы Абай мерекесі аясында атқарылатын біршама ауқымды істерді қадап көрсетті. Айталық, ұлы ақынның шығармаларын он тілге аударып, басып шығару, Семей қаласын тарихи орталыққа айналдыру, Жидебайда «Абай мұрасы» атты жаңа ғимарат салу, «Абай» журналына мемлекеттен қолдау көрсету т.с.с.  Жалпы, той Абайдың мол мұрасын дәріптеу үшін, той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілетінін атап көрсетті мемлекет басшысы.

Жанұзақ АЯЗБЕКОВ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓