Жастар жылы: Қандай жұмыс атқарылды?

2019 жылды үкімет жастарға арнап, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: "Жастарды қолдауға арналған әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек", – деген болатын. Жастар жылында өңірімізде атқарылған жұмыстар жайында Марат Жұрқабаевпен сұхбаттасқанды жөн көрдік.фото– Жастар жылында облысымызда қандай іс-шаралар атқарылды?
–Жастар жылында біздің облысымызда көптеген іс-шара атқарылды. Ауқымды шаралардың бірі ретінде өткен жылдың мамыр айында Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының қатысуымен өткен Қазақстан-Ресей жастарының форумын айтуға болады. Сондай-ақ, 2020 жыл «Еріктілер жылы» деп бекітілді. Форум барысында Еріктілер қозғалысы Қазақстанда мен Ресейда қаншалықты дамығаны жөнінде пікірталас болып, меморандумға қол қойылып, келісім шарттар жасалды. Елімізде Еріктілер жылын қалай өткіземіз соған сай жоспар құрылды. Бұл біздің өңіріміздегі ең маңызды шара болды. Сонымен қатар, Жастар жылында тек форумдарға емес, біздің облысымызда жастар арасында шешілмей жатқан күрделі мәселелерге назар аударылды. Мәселен, Арқалық қаласында «Ауыл жастары» атты форум өткізген болатынбыз. Аталмыш шара жастар өзінің жеке кәсібін ашуға бағытталды. Шараға облыс бойынша әр ауданнан барлығы 130-ға жуық адам қатысты. Қазіргі таңдағы ауыл жастарының білім алуы, жұмысқа орналасуы сынды мәселелерге байланысты кездесу де ұйымдастырылды. Жаз мезгілінде «Жасыл Ел» жобасына назар аударылып, мыңнан астам жас қатысты. Күз айында Лисаков қаласында «Jas Qosta» лагері ұйымдастырылды. «Жас кәсіпкер» және «Жас маман» бағдарламаларына Ресей мемлекетінен де жастар шақыртылып, сол жастар арасында пікірталас өткізіп одан кейін республикалық деңгейдегі кәсіби тренерлер келіп, арнайы жобалар қорғалды. Жастардан насихаттау тобы құрылып, топтың жұмыс барысымен аудандарда болып әр ауданда 500-дей жастардың басын қосып жастардың жеке кәсібін ашуға бағытталған бағдарламалар таныстырылды.
– Облысымыздағы Жастар жылы ойын-сауық шараларымен шектеліп қалмады ма?
– Биыл еліміз бойынша бірқатар іс шара ұйымдастырылды. Жастар өздерінің жеке қабілеттерін көрсету мақсатында ІТ-технологияларға байланысты форумдар өткізілді. Одан кейін жастардың әлеуметтік жүйелерде жұмыстарын басқаша қарастырып, өздерінің ұсыныстарын айтып, белсенділік танытты. Биыл жастар саясаты басқармасындағы «NEET» көрсеткіш индикаторы арқылы ешқайда жұмыс істемейтін, оқымайтын жастарға басты назар аудардық. Біздің басқармадан бөлек, әр аудандарда жастар ресурстық орталықтары да жұмыссыз жүрген жастарға көңіл бөлініп, көптеген жұмыс атқарды.  
–Атқарылған жұмыстарға көңіліңіз толады ма?
–Атқарылған жұмыстарға толыққанды көңіл толады деп айтуға болмайды. Себебі, жастар арасындағы мәселелерді бір жыл көлемінде шешу мүмкін емес. Қыркүйек айында президентіміз алғашқы жолдауында Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында арнайы баспана мәселесіне байланысты бағдарламалар іске қосылды. Бұл бағдарлама жақсы бастама болып отыр. Министрліктің ақпараты бойынша 2022 жылы әр өңірлерде бұл бағдарлама іске асыру жоспарланған. Биыл облыс бойынша 618 жас бапанаға ие болды.  Мемлекеттік «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы шеңберінде, облысымызға келген жас дәрігерлер мен жас мамандарға мемлекет тарапынан және жеке кәсіпкерлердің демеуімен әр ауданда баспана берілді.
–Қандай түйткілдер шешімін тапты?
 –Қазіргі таңда біздің облыста ғана емес еліміз бойынша жас отбасылар арасында ажырасулар көбейіп кетті. Бізде жас отбасыларға бағытталған жоба болды. Жоба аясында АХАЖ бөлімінде арнайы психологтар жұмыс істеді. Психологтар ажырасуға арыз беріп жатқан 30-дан астам отбасымен кездесу өткізіп, нәтижесінде 6 жас отбасы арыздарын қайтарып алды. Бұл – біз үшін үлкен жетістік. Ардагерлер ұйымына жас отбасылардың қандай міндеттері бар екенін түсіндіру жұмыстары бойынша ұсыныс жасалды. Келер жылы да бұл жоба жалғасын табатын болады. Ардагерлер ұйымы мен аудандардағы  жастар орталықтарын біріктіріп жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз.
–Жастар жылын қорытындылап көрсек…
–Осы жылдың ақпан айында ЖОО-ның түлектеріне бос орындар жұмыс жәрмеңкесін өткіздік. Жәрмеңкеге жеке кәсіпкерлер ғана емес, әр ауданның әкімдері келіп қатысты. Жәрмеңкеге облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қолдау білдірді. Жәрмеңкеге 2000-нан астам студент қатысты. Жастар мәселесі толық шешілді деп айта алмаймын. Шешілмеген түйін көп. Баспанаға байланысты жеке бағдарлама қабылданды. «Жас кәсіпкер», «Жас маман» бағдарламасы, еріктілер қозғалысында заңды түрде өзгерістер болды. Осының барлығы жастар жылының қорытындысы деп айтуға болады. Еріктілер қозғалысына  белсенді түрде қатысамын дейтін студент жастардың мемлекет тарапынан өзіндік жеке статустары бар. Сондай-ақ, бұл жасаған жұмыстары еңбек өтіліне кіретін болады. Шәкіртақылары 20-30 пайызға өседі. Жылдың басында болған сенат кездесуінде студенттер «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша бірінші берілетін қаражаттың көлемі төмен екені айтылды. Шілде айында осы кездесудің нәтижесінде студенттердің ұсыныстары ескеріліп, қаражат көлемі біршама өсті. Сондай-ақ, аталмыш бағдарламаға 5 мамандық қатыса алады. Бұл бағдарламаға ІТ-технологиялар мамандары қатыса алмайтындығы туралы мәселелер айтылып, ұсыныстар жасалды. Сол ұсыныстар осы жылы ескеріледі деп ойлаймын. Жастарға бағытталған бағдарламаларда оң өзгерістер болғаны Жастар жылының қорытындысы деп айтуға болады.
  – Марат Кенжебекұлы, сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Әсел ҚИБАШ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓