Қырылған киіктер саны 90 мыңға жуықтады
Зауал барған сайын өрши түсуде. Амангелді ауданында өлексесі көміліп болған киіктер саны – 61 582, ал Жангелдин ауданында 20 389 жануар ұшасы жер қойнауына тасталды. Қос ауданда да тағылардың өліктерін жинау және жою жұмыстары дамылсыз жүріп жатыр. 534 адам мен 100-ге жуық техника тартылған. Қинайтыны сол, олардың кенеттен және жаппай қырылып қалу себептері әлі күнге дейін анықталған жоқ. Пастереллез деген алдын ала болжам әлі нақтыланбады. Сондықтан себептің белгісіздігінен, оқиғаның салдарымен күресуден басқа қолдан келер қайран болмай отыр.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жануарлардың қырғынға ұшырау себептерін анықтау үшін шетел мамандарының қолғабысына жүгінді. Заты белгісіз зауалға көмек көрсетуге сарапшылар жіберу жөнінде министрлік «Жабайы жануарлардың қоныс аударатын түрлерін сақтау жөніндегі хатшылыққа» (Бонн конвенциясы) ресми өтініш жолдады. Сондай-ақ, Ұлыбританиядан Корольдік Ветеринария колледжінің өкілі Ричард Кох келді. Зерттеу жұмысына Франкфурт зоологиялық қоғамының өкілі Штефан Цутар (Германия) да арнайы түрде шақыртылды. Бұған қоса, министрлік Покров қаласындағы Жалпыресейлік ветеринариялық микробиология және вирусология ғылыми-зерттеу институтынан да демеу күтіп отыр.
Соңғы ақпараттар оқиға географиясының кеңейіп бара жатқанын көрсетеді. Апат Ақтөбе, Ақмола облыстарында да өршіп барады. Министрлік таяу болашақта апат белең алған аймақтарға карантин жариялауды жоспарлап отыр.
Жандос Жүсіпбек