АУЫЛҒА ГАЗ БЕРІЛДІ
Алтынсарин ауданына қарасты Силантьев селосына газ енгізілді. Аудандағы халық көп шоғырланған ірі елдімекенді газдандырудың бірінші кезеңі 1990-2000 жылдары жүргізіліп, ауыл тұрғындарының 25% – ын қамтыған болатын. Соңғы кезең жаңа жыл қарсаңында мәресіне жеткізілді.
Жоспарлы жұмыстың нәтижесінде былтыр 92 абонент газ тарату желісіне қосылды. 2020 жылы қалған абоненттерді қосу жұмыстары жалғастырылатын болады.
Роза Сауытова көгілдір отынды үйіне алғаш өткізген тұрғындардың бірі.
– Біз табиғи газды өткізгенімізге өте қуаныштымыз. Үйді газбен жылыту көмірге қарағанда әлдеқайда тиімді. Отын, су мәселесі қазіргі таңда артта қалды десек болады, – дейді ол.
– Ауылда тұратын зейнет жасындағы кісілерге күнделікті су тасып, ағаш, көмір шығарудың қиын екенін барлығы да жақсы біледі. Жергілікті билік бізді осы қиындықтан құтқарып отыр. Жаңа жылда жағымды жаңалыққа бөлеген аудан, облыс басшылығына айтар алғысымыз шексіз,– дейді ауыл тұрғыны Любовь Черменинова.
Айта кету керек, селоға газ құбырын тарту жұмысына республикалық және жергілікті бюджеттен 122 млн теңге бөлінді. Газ құбырының жалпы ұзындығы 13,4 км құрайды. Ауданның қалған ауылдарын көгілдір отынмен жабдықтау жұмыстары жалғастырылатын болады. Алдағы уақытта Үлкен Чураков және Қосқұдық ауылдарына көгілдір отын тарту жоспарланып отыр.