Гүлмира Бақпасова: ТАЛАПСЫЗ ЖАС ҚАНАТСЫЗ ҚҰС СЕКІЛДІ
Бүгінде Тобыл өңірінен түлеп ұшып, төрткүл дүниенің әр түпкірінде, одан қалды, Алматы, Нұр-Сұлтан сияқты ірі шаһарларда жемісті еңбек етіп, абырой биігінен көрініп жүрген жастар аз емес. Заманауи білім мен технология тетіктерін жетік меңгерген, қабілетті жастың бірі – Гүлмира Бақпасова. Қостанай қаласында дүниеге келген ол 2017 жылы Елорда төрінде өткен ЭКСПО халықаралық көрмесін ұйымдастыруға ат салысып, ел ішінде және шет елдерде жаһандық көрменің мән-маңызын насихаттауға бағытталған көптеген жобаларды жүзеге асырады. Гүлмира Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың шет елдерге ресми сапарлары барысында ұйымдастырылған іс-шараларға да қатысады. Қазір «AstanaVenue Management» компаниясының маркетинг және PR бөлімін басқарады.
– 2019 жыл – еліміздің барлық жастары үшін аса маңызды жыл. Өйткені биыл жастарға ерекше назар аударылды. Қай салада болмасын, жастарға үлкен қолдау көрсетіліп, көптеген жаңа жобалар жүзеге асып жатыр. Қаншама жас кәсіпкер стартап жоба бойынша жеке бизнес ашып, еңбек етуде. Жалпы елімізде қабілетті, дарынды жастарға, қоғамның қай саласында болмасын, қолдау күшті. Жастар жылын жариялаған Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев жастарға үнемі үлкен үміт-сенім артып, демеу көрсетіп келеді. Бұл ойымды «Мен көріп тұрған қазақстандықтардың жас буыны – бұл Қазақстанның ең үлкен жетістігі, Мемлекет басшысы ретіндегі менің ең үлкен нәтижем. Біздің жастарымызды, Қазақстанның болашағын әр салада қолдауымыз керек» – деген Елбасының өз сөзімен дәйектеуге болады. Жалпы Қазақстанның қазіргі әлемдік бәсекедегі қуат-қарымын айқындайтын негізгі күш – заманауи білім-білікпен қаруланған сапалы жас буын. Бұл абыройлы міндетті өз басым айқын сезінемін.
– Шет елдерге көп шығады екенсің. Неше тіл білесің? Күнделікті қай тілде көбірек сөйлейсің?
– Ана сүтімен қаныма сіңген тіл – қазақ тілі. Қазақша сөйлесем, көңіл-күйім көтеріліп, сергіп қаламын. Бойымды ерекше бір жылылық, бауырмалдық пен сүйіспеншілік баурап алады. Өйткені ата-анаммен, бауырларыммен амандық-саулық сұрасып, шүйіркелесіп, сыр ақтарысатын қастерлі тіл – осы. Жұмыс барысында да, мүмкіндігінше, өз тілімде сөйлеуге тырысамын. Кейде орысша, ағылшынша сөйлеуге тура келеді. Түрік, итальян тілдерін де білемін. Жалпы көп тіл білгеннің артықшылығы да көп. Тіл білген адамға бүгінгі жаһандану заманында шекара кедергі емес. Бүгінгі жастарға, әсіресе, ағылшын тілін білген пайдалы. Тілді неғұрлым ертерек үйренген дұрыс. Әлі есімде, кішкентай кезім. Бірде әкем маған көз қызықтыратын түрлі-түсті әсем суреттермен безендірілген, ірі-ірі түсініксіз жазуы бар үлкен кітап әкеліп берді. Әлгі кітаптың бірінші суреттерін қарап шықтым. Содан кейін әлгі түсініксіз жазуларға зер сала бастадым. Сөйтсем, бұл орысша-ағылшынша тілашар екен. Бір-екі айдың ішінде толық оқып шығып, түгел жаттап алдым. Менің ағылшын тіліне деген құштарлығым осылай басталды. Ал отбасымызда байқамай орысша сөйлеп қалсақ, ата-анам ұнатпайды. Бірде мынадай қызық болды. Нұр-Сұлтанға Қостанайдан әкем келіпті. Екеуміз сол күні кешкілік Конгресс-Холға Тұрсынбек Қабатовтың «Әзіл әлемінде» бардық. Адам көп. Концерт біткен соң, киім ілгішке қарай бет алдық. Дәлізде бір құрбым кездесіп, кідіріңкіреп қалдым. Әкем анадай жерге озып кетіпті: – Папа, займи в гардеробе очередь. Я сейчас подойду! – дедім дауыстап. Біраздан соң құрбыммен қоштасып киім ілгішке келсем, әкем жоқ. Киімін алмастан сыртқа шығып кетіпті. Мұнысы несі деп артынан қуып жетіп: – Әке, не болып қалды дедім. – Әй, қызым-ай, мені масқара еттің ғой. Мынадай мәдени ортада бүкіл жұрттың көзінше маған орысша сөйлегенің не? Ұялттың ғой мені! – дейді. – Әкетай-ау, мынау өтіп бара жатқан қазақтардың көбі орысша сөйлесіп барады ғой, – деймін. Әкем: – Оларға қарама. Алдымен өзіңді түзе, – деп кесіп тастады. Содан бері көпшілік ортада тек қазақша сөйлеуге тырысатын болдым.
– Кітап оқисың ба? Жалпы қандай кітаптар ұнайды?
– Шынымды айтсам, оған уақыт тапшы. Қалт еткенде интернет кітапханадан ұлы адамдардың өміріне, мемлекеттердің пайда болу, күйреу тарихына, ғаламдық құбылыстарға, өсімдіктер мен жануарлар әлеміне қатысты танымдық кітаптарды оқуды ұнатамын. Кез-келген кітапты түпнұсқада оқыған дұрыс, сондықтан маған ағылшын тілінде оқыған ыңғайлы. Оның үстінде, қазір ғаламтор желісіндегі ең мазмұнды, ең қызық дүниетанымдық бағдарламалардың көбі ағылшын тілінде.
– ЭКСПО-ны ұйымдастырушылар қатарында болыпсың. Одан басқа қандай шараларға қатыстың?
– Біз негізінен имидждік жобаларды жүзеге асырамыз. Мәселен, Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумында, Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форумда, Алматыдағы қысқы универсиада және халықаралық туристік көрмелер аясында сәтті жұмыс жасап, көптеген жобаларды жасадық. Сондай-ақ, ЭКСПО көрмесі барысында өткен мәдени және ойын-сауық бағдарламасын, оның ішінде әлемге әйгілі Cirque Du Soleil-дің «Алпамыс» шоуын жарнамалап, әлемдік деңгейде танылуына үлес қостық. Кейін халықаралық көрме аяқталған соң Парижге барып, Халықаралық көрмелер бюросының штаб-пәтерінде елордада өткен ЭКСПО барысында жүзеге асырылған коммуникациялық стратегия нәтижелері туралы баяндама жасадым.
– Қазіргі жұмысың туралы бір-екі ауыз сөз…
-Қазір «AstanaVenue Management» компаниясының маркетинг және PR жетекшісімін. Біздің компания «Астана Арена», «Барыс Арена» және «Алау» сияқты спорт кешендерін басқарады. Бұл нысандарда халықаралық деңгейдегі түрлі спорт додалары жиі өтеді. Әлемнің әр түпкірінен спортшылар, туристер, жанкүйерлер ағылып келіп жатады. Мен соларды және басқа да шетелдік қонақтарды біздің бас спорт кешендіріміздің мүмкіндіктерімен таныстырамын. Мұның сыртында, коммуникациялық кеңесші ретінде корпоративтік, жеке сектор мен халықаралық ұйымдар үшін PR және маркетингтік жобалар ұйымдастырамын. Былтырдан бастап Қазақстан Республикасында Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму Бағдарламасы үшін бірқатар экологиялық жобаларды жүзеге асырдық. Мәселен, Алматыда БҰҰ өкілдерімен бірлесіп Қызыл кітапқа енген сексеуілді сақтап қалуға арналған шараларды өткіздік.
– Міне, көзді-ашып жұмғанша талай жастың жүрегіне жалын беріп, талабына серпін бітірген Жастар жылы да аяқталып қалды. Замандастарыңа қандай тілек айтасың?
– «Жастар болашақты армандайды, қарт адамдар өткенді еске алады» – деген әдемі сөз бар. Қазір, қай салада болмасын, білімді, мақсатшыл қазақ жастары көп. Олардың жасап жатқан жұмыстары өзге замандастарымызға да үлгі болуға лайық. Осындай жастарымыз көп болса екен деп тілеймін. Өйткені, талабы жоқ адам қанаты жоқ құс секілді биікке көтеріле алмайды. Тағы бір айтатын нәрсе, қазір озық ойлы, заманауи білімі бар қазақ жастары көбіне шет елдерге жұмысқа кетіп қалып жатыр. Сол азаматтар өз отанымызға оралып, еліміздің игілігі мен дамуы үшін тер төгетін күн жақын болсын.
Сұқбаттасқан: Нұрқанат Құлабаев
Тұлпарды құлын болған шақта сына.
Алмас қылыш қап түбінде жатпасына,
Дәлел болып тұрғандай істерімен,
Талапты жас Гүлмира Бақпасова.
Мақтанып жүрейікші ылғи да біз.
Көрінбесін сен басқан құлдидан із.
Мерейімді көтеріп тастадың бір,
Жарайсың, Қостанайлық Гүлмира қыз.
Намыссыздық, жалқаулықты қоштамаймын.
Еңбекқорлық, адалдықты дос санаймын.
Қанатың талмай биік шарықтай бер,
Мерейін үстем етіп Қостанайдың!!!
Алауы жылу шашып тұрған оттай.
Көңілі көлдей болып, мұңға батпай.
Талапты жастарды әр кез дәріптейтін,
Жазушылыр көп болсын Нұрқанаттай.
Гүлмира. Керемет, жалындаған жалына өшпесін)))
"Одан қалды" деген сөз тіркесі орынсыз пайдаланылған