Әлихан БАЙМЕНОВ: Көп дүниемізден өзгелер үлгі алып отыр

1998-2000 жылдары Қазақстанда алғаш рет мемлекеттік қызметке міндетті түрде конкурс арқылы іріктеу жүйесі енгізілді. Мемлекеттік қызметшілер саяси және әкімшілік болып бөлінді. 1999 жылғы «Мемлекеттік қызмет туралы» заң қабылданған соң, аймақ елдері Қазақстанның тәжірибесін негізге ала отырып, ұқсас заңдар қабылдады, арнайы мемлекеттік органдар құрды. Араға он шақты жыл салып, мемлекеттік қызмет реформасының екінші кезеңі басталды. Нәтижесінде саяси мемлекеттік қызметшілердің саны сегіз есеге қысқарды. Бұл кезеңде мемлекеттік қызметті кәсібилендіруге назар салынып, «А» басқарушы корпусы құрылды. Елбасының тікелей қадағалауымен жүзеге асырылған бұл игі өзгеріс, күрделі реформаның басында алаштың аяулы азаматы Әлихан Байменов тұрды. Қазір Елордадағы Мемлекеттік қызмет хабын басқаратын қайраткермен Қостанайға жұмыс сапары барысында аз-кем тілдескен едік.IMG_0053
– Әлихан Мұхамедияұлы, Елбасының кәсіби мемлекеттік аппарат құру идеясын алғаш жүзеге асырушылардың басында өзіңіз тұрсыз. Жалпы, бұл реформа қалай басталды?
– Шын мәнінде, Қазақстан 90-шы жылдардың ортасында жаңа үлгіде мемлекеттік қызмет құру қажеттігін сезінгендіктен, біз әлемнің озық үлгілерін зерделедік. Бірақ Елбасы сол кезде бізге: – Барлығын қарайық, бірақ ешкімді көшірмейік, – деген еді. Осылайша, бұған шетелдік сарапшыларды тарта отырып, 1999 жылы заң қабылдадық. Ол 2000-шы жылдан бастап күшіне енді.  Қазақстанның сол кезде ТМД елдерінің ішінен сүзіліп алға шыққаны – бірінші рет осындай жаңа үлгідегі кешенді заң қабылданды. Екіншіден, Мемлекеттік қызмет агенттігі құрылды. Үшіншіден, саяси және кәсіби лауазымдардың ара жігі ажыратылды. Төртіншіден, кәсіби лауазымдағыларды заңмен қорғау жүйесі енгізілді. Қазір біз жаңа тағайындалған басшы өзімен бірге бір-екі адам алып келсе, соны көріп қаламыз ғой. Ал ол кезде кейде министр ауысқанда аппараттағылардың 60-70%-і жұмыстан кететін. Өйткені оларды қорғайтын заң болған жоқ. Біз осы заңды енгіздік. Соның арқасында Қазақстанды халықаралық сарапшылар аймақтағы көшбасшы мемлекет ретінде таныды. Ал ТМД елдерінің басым көпшілігі біздің үлгіні пайдалана бастады. Мұны таяуда ғана Түркістанда болған конференцияда Әзірбайжаннан келген мемлекеттік қызмет басшысы ашық айтты. Біз енді бұрыннан біліп жүрміз, мынау Қырғызстан, Тәжікстан, Әзірбайжан, Армения, Грузия, Украина, Молдова елдері біздің сол кездегі заңымызды көп зерттеп, үздік жерін өздеріне алды. Біздің Агенттіктен кейін, бұл елдерде де агенттіктер мен комиссиялар құрыла бастады. Ең соңғысы, осыдан бір ай бұрын Өзбекстан Мемлекеттік қызмет агенттігін құрды. Олар да біздің үлгіні көп зерделеді. Сондықтан 1999 жылы Қазақстан қабылдаған заң көршілерге үлкен ықпал етті. Бірақ өмір бір орында тұрмайды. Мемлекеттік қызмет туралы қандай жақсы заң шықса да,  мемлекеттік қызмет өзінен ауқымдырақ жүйелер – әкімшілік жүйе мен саяси жүйенің аясында өмір сүреді. Сондықтан бұл саладағы үдерістер мемлекеттік қызметке әсер етпей қоймайды.
 
– Реформа мен қиыншылық деген ұғымдар қашанда қатар жүреді ғой. Мемлекеттік қызмет саласын реформалаудың бастапқы кезеңі қандай кедергілер болды?
– Ең алғаш тестерді енгіземіз дегенде, бір облыстың әкімі маған телефон шалып: – Менің көмекшіме Конституцияны білудің не қажеті бар? – деп сұраған. Ол кезеңнен өтіп кеттік. Кейін 12 жыл өткен соң «А» корпусы енгізіліп, алғашқы емтихандардан 57 аудан әкімі құлап қалғанда жан-жақтан қысым көбейді. Кейін бұл сол «А» корпусының шамалы шегінуіне алып келді. 2015 жылы мен Агенттіктен кеткен соң, оған кірудің жолын жеңілдетіп жіберді де, қазір байқасаңыз «А» корпусы деген назардан тыс қалды. Жоқ секілді болып қалды. Бұл саладағы реформалардың қиындығы – қарсылық іштен шығады. қарсылық билігі көп адамдардан шығады. 1999 жылы біз жалпы конкурс енгіземіз дегенде, Үкімет пен облыс әкімдерінің басым көпшілігі қарсы болды. Бірақ Елбасының жігеріне сүйеніп, алдында Президент әкімшілігінде жұмыс істегендіктен менің ол кісіге кіруім де оңайлау болды, сондықтан біз еңсере алдық оны. Одан кейін заң парламенттен өтіп, мен іссапарда жүргенде, сол кездегі Президент әкімшілігінің басшылары бұл заңға вето қойғызғысы келді. Мен іссапарымды үзіп, қайтып келіп, Елбасына жазылып, ол кісі сосын телефонмен маған: – Біз келістік қой. Олар қанша қарсы болса да, мен қол қоямын. Енгіземіз, – деп, осындай  қиындықпен келген конкурс бұл. Ендігі мақсат конкурстық жүйені әділ әрі адал өткізу, басшылардың ықпалын азайту. Бұл тарапта біз БҰҰ-ның  тәжірибесін ұсынудамыз. Енді оны Үкімет қалай қабылдайды, соған байланысты.
 
– 2000 жылы сіз Агенттік төрағалығынан кетіп, министр болдыңыз. Араға біраз уақыт салып, қайта келдіңіз…
– Иә, 2011 жылы Агенттіке екінші рет төраға болып келдім. Бұл кезеңде «А» корпусы енгізілді. Сосын кадрлармен жұмыс жасау бөлімдерінің кәсіби деңгейін көтеретін заң нормасы енді. Сол кезде Біріккен Ұлттар Ұйымы  Қазақстан тағы да аймақта алға озып шықты. Енді Қазақстанның үлгісін  тарататын және осы Қазақстанда аймақ елдері келіп бір-бірімен пікір алмасатын орталық құрайық деген ұсыныс жасады. Сол кезде осы Хабтың негізі Қазақстан Үкіметі мен БҰҰ арасындағы келісім-шарттан туындады. Хаб 2013 жылы наурызда құрылды. Басында құрамында 25 мемлекет, 5 халықаралық ұйым  бар еді, қазір 42 мемлекет кіреді. Оның ішінде АҚШ,Канада, Еуропа елдері, Жапония, Корея, Қытай, бұрынғы ТМД мемлекеттері мен Балтық жағалауы елдері бар. Басты мақсат – біз үкіметтерге былай жаса деп айтпаймыз немесе үйретпейміз. Бірақ біз қалай жасауға болатын мүмкіндіктерді көрсетеміз. Өйткені әр елдің өзінің үздік тәжірибесі бар. Мысалы, Эстония сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес пен электрондық үкіметті жетілдіруде бізге үлгі бола алатын ел. Грузия кезінде Сакашвилидің тұсында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте қысқа мерзім ішінде қалай табысқа жету керектігін көрсеткен ел. Корея жаңа инновациялар, жаңа технологияларды пайдалануда үлгі болатын ел. Осы мемлекеттердің үлгісін біз қазақстанға және аймақ елдеріне ұсынамыз. Мұндай озық үлгілер Қазақстанда да бар. Мысалы,  «Азаматтар үшін үкімет» корпорациясын атауға болады. 
 
– Қостанайдағы дәрісіңіз қалай өтті, не байқап, не түйдіңіз?
– Мен Қостанай әкімшілігіндегі «Көмек алаңында» болдым. Мұның өте бір жақсы  шешім екеніне көзім жетті. Бір жағынан, азаматтарды қабылдау жүйесі едәуір оңтайландырылған, екінші жағынан, тұрғындар телефонмен, басқа да жолмен күнделікті болып жатқан ірілі-ұсақты мәселелерге  әкімшілік назарын аударып отыр. Көмек алаңына 10 мамырдан бері 33 мыңға жуық ұсыныс түскен екен. Соның басым көпшілігі қанағаттандырылыпты. Бұл әкімшілікке де, халыққа да өте ыңғайлы екі жақты байланыс алаңы. Мысалы, бір жерде жол мәселесі бар, бір жерде шұңқырдың беті ашық қалады, енді бір жерде үйдің төбесінен қауіпті мұз сүңгілері құлайын деп тұрады, міне осы мәселелерді дер кезінде  реттеп отыру үшін бұл – әкімшілікке үлкен көмек. Бұл бағытта әлі де пайдаланатын үлгі бар. Мысалы, осыдан бір жарым ай бұрын Кореяда болдым. Олар қалтафонға жақсы аппликация жасапты.  Мысалы, қыс маусымында бала мектептен кеш шығады, я болмаса жалғызілікті әйел адам жұмыстан кеш шығып, үйіне қайтып келе жатады. Соған арнап қала арнайы жасатқан. Оны адамдар қалтафонына тегін орната алады. Қараңғы көшеде келе жатқан адам қандай да бір қауіпті сезінсе, жаңағы аппликацияның бір нүктесін баса қояды, сол кезде қаладағы мониторларда оның нүктесі пайда болады. Қауіп төнген адам телефонын шайқаса, монитор жарқ-жұрқ ете бастайды. Өзінің телефоны айқайлай бастайды. Сол кезде оған жақын маңдағы бейнекамералардың барлығы бұрылады. Ең жақын маңда орналасқан полиция жедел жетеді. Бұл халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған жүйе. Корей үкіметі: біз жаңа техника, технологияларды ортақ қоғамдық құндылықтарды дамыту үшін және адамның дербес егемендігін көтеру үшін пайдаланамыз, – дейді.  Міне, біз алыс-жақын шет елдердегі осы сияқты игіліктерді көріп, талдап, зерделеп үкіметке ұсынып отырамыз. Ауызды құрғақ шөппен сүртуге болмайды, бізде де жетістіктер бар. Көршілер үлгі ретінде пайдаланып отырған дүниелеріміз көп. Бірақ бұған тоқмейілсуге болмайды. Өйткені әлем жоғарғы қарқынмен дамып келе жатыр. Осыны ескере отырып, біз бір орында тоқтап қалмауымыз керек. Әлі де алатын асулар алда.
Қостанайда, бір жақсы жері,  мемлекеттік қызмет департаменті ардагерлерді ұмытпай, олардың да тәжірибесін пайдаланып отырады екен. Сала ардагерлерімен мен де кездесіп, біраз ой бөлістік. Олардың мемлекеттік қызмет департаментінің жаңа бастамалары туралы айтқан тың ойларын көңілге түйдім. Біраз жақсы ұсыныстар айтты. Соны қорытып, әкімшіліктің басшылығына, үкіметтің тиісті мүшелеріне, агенттікке жеткізу менің бір парызым. Жалпы, мемлекеттік басқаруды дамытуда жетістіктермен қатар, әлі де шешілемеген мәселелер болатыны анық. Біз осыны көре алуға тиіспіз. Менің өзімнің де басты ұстанымым осыған келіп саяды: жетістікті көрмеу – соқырлық, кемшілікті елемеу –  жаны ашымағандық. Қостанайда елге шын жаны ашитын, көкірегі ояу, көзі ашық  мемлекетшіл азаматтар баршылық екен. Мен осыған қуандым.  
 
– Бүгінгі мемлекет пен азаматтың ара қатынасын қалай бағамдайсыз?
 – Негізі, мемлекеттің тірегі – азамат. Сондықтан азаматтардың белсенділігі мықты болса, мемлекеттің тірегі де мықты болады. Ал әрбір азаматтың қасиетті парызы –  отанға деген сүйіспеншілік десек, бұл, әсіресе, мемлекеттік қызметшіге аса қажет қасиет. Мысалы, АҚШ-та мемлекеттік қызметке үміткер азаматты жұмысқа аларда, бірінші кезекте АҚШ мемлекетіне деген көзқарасын, мемлекеттік ұстанымын тексереді. Оның қаншалықты мемлекетшіл, қаншалықты отансүйгіш екені лайықты бағаланған соң барып қана қызметке алады. Осы тұрғыдан келгенде біздің әрбір мемлекеттік қызметшінің бойында отансүйгіштік қасиет басым болу керек. Бізде  қоғамда да, мемлекеттік қызметте де жоғарғы деңгейде жұмыс істей алатын азаматтар баршылық. Ең алдымен, осы азаматтардың жұмысын ұйымдастыратын басшылардың өздері үлгі көрсете алуы керек. Егер әр басшы өз қарамағындағы қызметшінің уақытын, абыройын, еңбегін бағалап үйренсе, көп мәселе өзінен өзі шешіледі.
 
– Қазір қазақ тілінің белсенділігі бәсеңдеу. Қайтпек керек? 
– Бұл бірінші кезекте, мемлекеттік-саяси жігерге байланысты мәселе. Бұрын тоқсаныншы жылдардың басында бұл туралы қатаң заң болса, ішіміздегі тыныштық бұзыла ма деген алаңдаушылық болғаны рас. Қазір 30 жылға жуық уақыт өтті, бір буын алмасты. Меніңше, енді қатаң талап қоятын уақыт келді және бұл талапты мемлекеттік қызметшілерден бастау керек. Мемлекеттік қызметшінің қазақ тілін білу-білмеуін қазірге дейін «Қазтест» арқылы  анықтап келе жатырмыз. Бірақ шектік көрсеткішсіз. Енді соған шектік көрсеткіш қою керек. Екіншіден, халыққа қызмет көрсетуге бағытталған бүкіл лауазымдарға екі тілде білуді міндеттеу қажет. Мемлекеттік қызметші орыс тілін онсыз да біледі ғой, енді қазақ тілін білуді міндеттеу керек. Үшіншіден, қазақ тілінде балаларға арналған хабардан бастап, ересектерге арналған сан салалы сапалы хабарларды дайындайтын телеарналар ашуымыз керек. Телеарналар қазір бар, бірақ олардың халыққа берері шамалы. Ал оларға қанша миллиард қаржы кетіп жатыр. Қазір «Nickelodeon» бар, басқа бар, балаларға олар сүйіп көретін телеарналарды қазақ тіліне сапалы аударып беруіміз керек. дәл қазір біз олармен жарысып, сонша көлемде жаңа мультфильмдер шығара алмаймыз. Мен өз тілдерін қатты қорғайтын Түркияда, Францияда болдым. Олар «Никелодеонды» өз тілдеріне аударып отыр. Біз де соларды қазақша сөйлетуіміз керек. Сонымен қатар, қазақ тілді спорт арналарын көбейткен дұрыс. Халық неге кейде Ресей арналарына ауып кетеді? Өйткені көрермен, мысалы, волейбол көргісі келсе, қазақ арналарынан көре алмайды. Футболдың көп жарыстарын көре алмайды. Бізде мұның орнына мемлекеттің ақшасына анау «Жекпе-жекті» көрсетеміз дейді. «Жекпе-жекті» ешқандай мемлекет өз ақшасына ұстайтын арнада көрсетпейді.  Содан кейін спорт арналарына қазақша қарапайым тілмен әңгімелеп отыратын адам керек. Мұндай адамдар ел ішінде көп. Соларды тап басып тауып бере алатын байқаулар жариялау қажет. Бұл аса қиын шаруа емес. 
            Келесі мәселе, біз әлемге толыққанды қазақ тілінде баға беріп, қазақ  көзімен қарай алатын үлкен телеарналарды қалыптастыруымыз керек. Ол үшін олар әлемнің әр түпкірінде 10-15 шешуші мемлекетте  өз тілшілерін ұстауы тиіс және бұл тілшілер жан-жақты білімді, сол елдегі мәселені дұрыс жеткізетін мамандар болуы керек.
 
–  «100 жаңа оқулық» жобасы қолға алынып жатыр ғой.
– Иә, қолға алынып жатыр, бұл жақсы, әрине. Бірақ жеткіліксіз. Егер жаңа оқулыққа, білімге деген қазақтың мұқтажын толық жапқымыз келсе, шет тілден аударамын деген жеке меншік баспаларға субсидия берілу керек. Өйткені бұл қажеттілікті жалғыз үкімет жүз тапсырмамен ешқашан жаба алмайды. Мұны айтып отырған себебім, бұл үлгіні ең бірінші 2003-2004 жылдары біздің «Зерде» қоры бастаған болатын. Біз Монтескье, Руссо, Карл Поппердің бәрін қазақшаға аудардық. Содан маған Елбасы телефон шалып: – Мынауың жақсы үлгі екен, мен «Мәдени мұраға» енгіздіртемін, – деген. Бірақ мемлекет оның бір пұшпағын ғана жасай алады. Бұл үшін үлкен бір жүйелі рухани жұмыс жүргізу қажет. Бізде рухани жұмыс деп кейде мәдениетке қатысты нәрселерді ғана айтады. Жоқ, әр адам өзінің жанын салып ел руханиятына, ұрпағына қажет дүниені жасауға ұмтылуы керек.
– Латын таңбасы туралы не айтасыз?
– Мен бұл туралы таяуда Түркістандағы дәрісімде айттым. О баста латын қарпін енгіземіз дегенде, бәріміз алақайладық. Ал енді қазір қазақтар бір-біріне күн сайын жүздеген мың sms жазуда. Соның көпшілігі әлі күнге дейін не латынды, не қазақтың кириллін пайдаланбайды. Орыстың кириллицасымен жазып отыр. соның нәтижесінде қазір жүздеген мың хат бір-біріне қате жазылып жатыр. «Сіз» дегенді «сиз», «біз» дегенді «биз» дейді, «қ»-ның орнына «к» пайдаланады. Мен 10 жыл болды, латынды пайдаланамын, достарым да соған үйренген. Шын мәнінде, латын қарпін бәрі оқи алады. Рухани жұмыс дегенді әр азамат өзінен бастауы керек. Мысалы, банкоматқа келгенде, қазақ тілін таңда. Яғни, сұранысты көбейте беруіміз керек. 
 
– Таяуда ғана Тәуелсіздік мерекесін атап өттік.
– Біз бодан ел болып, орталықтан басқарылған кезде, толыққанды азамат бола алған жоқпыз. Тәуелсіздік – толыққанды азамат болудың мүмкіндігі. Осыны әрдайым есте сақтауымыз керек. Біз осы тәуелсіздігімізді баянды ғып, мемлекеттігімізді мықты қылмасақ, ата-бабамыздың әруағы алдында да,  болашақ ұрпақ алдында да үлкен күнә, қылмыс болады.  Тәуелсіздікті нығайту әркімнің күнделікті тіршілігіне тәуелді. Әркім адал еңбек етсе, әркім қоғамда болып жатқан оң өзгерістерге септесіп, кертартпа теріс пиғылға қарс болса, әркім көзге көрініп тұрған жетістігімізді мойындай отырып, кемшілігімізді ышқынбай-ақ, ашынбай-ақ байыппен айтып, көрсетіп, оны шешу жолдарын бірге іздесе, басшылар, құқық қорғау органдары, сот жүйесі адал қызметің үлгісін көрсетсе, сонда тәуелсіздігіміз нығаяды. Қазір тәуелсіздігімізге төніп тұрған үлкен қатер –жемқорлық. Парақор адам бүгін параны отандық компаниядан алады, ертең шетелдің компаниясынан алады. Қазір алпауыт елдердің компаниялары кіріп жатыр. Түбегейлі келгенде, ол алпауыттар ақшаның күшімен парақорды мемлекетке қарсы жұмыс істетіп те қоя алады. Сондықтан тәуелсіздің бізден күнделікті еңбекті, үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Менің тілегім – бағымыз баянды болсын!
 
Сұқбаттасқан  – Нұрқанат Құлабаев
Суретті түсірген – Бердіболат Көркембаев

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓