40 СЕКУНД

         Жұмыр жер бетінде осы уақыт аралығында бір суицид тіркеледі екен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, бір жылда 800 мың адам өз-өзіне қол салады. Адамзаттың апатсыз өліміне әлеуметтік желінің ықпал ететіні жасырын емес. Психолог мамандарының уәжіне сүйенер болсақ, әсіресе, жасөспірімдер жағы өлім алдында виртуалды әлемнен осы төңіректе ақпарат іздейтін көрінеді. Желіге жүгінгендердің бірі өміріне жұбаныш тауып, өз-өзіне қол салудан айнып жатса, енді бірі өмірмен қош айтысуына себеп болар нақты ақпаратқа килігіп жатады екен.      суицид
Өкінішке қарай, біз қолданып жүрген желілердің дені өз-өзіне қол салуға қатысты ақпараттар мен жекелей тұлғалардың осы төңіректегі жазбаларының барлығын саралауға қауқарсыз. Мәселен, мамыр айында малайзиялық 16 жастағы бойжеткен Instagram әлеуметтік желі қолданушыларының шешімімен өз-өзіне қол салған. Ол өзінің жеке парақшасында басынан өткен қайғы-қасіретін, ішкі күйзелісін баяндай келе, "осыдан кейін өлгенім жақсы ма, әлде, өмір сүргенім дұрыс па?" деген сауал тастаған екен. Жазбаны оқыған желі қолданушыларының 69 % бойжеткеннің ана дүниеге аттануына себепші болыпты. 
инстаграм
        Осыдан екі жыл бұрын Ұлыбритания, Лондон қаласының 14 жастағы Молли Рассел есімді тұрғынының өліміне де, осы Instagram әлеуметтік желісінің себепкер болғанын айта кеткен жөн. Марқұм болған қыздың ата-анасының айтуынша, жеткіншек ғылыми жұмыс жазу мақсатында, айтулы әлеуметтік желіден бір-ақ рет суицидке қатысты ақпарат іздеген. Осыдан кейін Instagram желісінің алгоритм жүйесі қыздың көз алдына осы сарындағы ақпараттарды көлбеңдетуді жиілеткен көрінеді. Ұдайы жадырап жүретін Молли бірер айдың көлемінде өмірден күдерін үзген жанға айналып шыға келеді. Қызының өлімінен кейін оның әлеуметтік парақшасын саралауға кіріскен әкесі Моллидің 4 ай бұрын суицидке қатысты ақпарат іздегенін, осыдан кейін Instagram желісінің алгоритм жүйесінің 200-ден астам өз-өзіне қол салуға қатысты ақпарат ұсынғанын анықтаған. Айтулы мәлімет 2019 жылдың басында "Қызымның өліміне Instagram себепші" деген тақырыптағы мақаланың жариялануына себепші болды.
         Осыдан кейін ғана Instagram желісінің әкімшілігі суицидке қатысты ақпараттарды бұғаттай бастаған. Алгоритм жүйесін өзгертіп, өлімге қатысты, қорлау, зорлау, қатігездік сипатындағы ақпараттарды шектеуді қолға алады. Қазіргі таңда айтулы әлеуметтік желіге өлімді насихаттайтын сурет, анимациялық немесе бейнежазбаларды жүктей алмайсыз. Ал мәтіндік мәліметтерді саралауға компанияның мүмкіндігі жоқ. Күнігі қолданушылары миллиондап саналатын компания басшылығы оған әзір, қауқарсыз екенін мойындап отыр.
Қауіпті тек Instagram әлеуметтік желісі ғана тудырып отырған жоқ. Мамандардың пайымдауынша, жаңбырдан соңғы саңырауқұлақтай қаптаған әлеуметтік желілердің барлығынан да адамды өзін-өзі құрбандыққа шалуға итермелейтін жазбаларды кезіктіруге болады. Әлеуметтік желілердің ауқымы кеңейген сайын олардан төнер қауіп те арта түскен.
       Қауіптің ауқымын сезінгіңіз келсе, әлемге кеңінен танылған әлеуметтік желілер мен олардың белсенді қолданушылар санына назар аударсаңыз болғаны. Somogamconf.ru ақпараттық порталының мәліметіне жүгінер болсақ, қазіргі таңда әлемге әйгіленіп тұрған әлеуметтік желілердің көшін айына 900 миллион адам белсенді тұтынатын Facebook желісі бастап тұр. Одан кейінгі сатыда 310 миллион тұтынушысымен Twitter тұрса, батыс әлеміне кеңінен танымал Linkedin (255 млн.) Pinterest (250 млн.), Google plus+ (120 млн.), Tumbler (110 млн.) әлеуметтік желілері тізіліпті. Бір жылдың ішінде бірнеше адамның өліміне себепші болған Instagram әлеуметтік желісі айына 100 миллион белсенді тұтынушысымен 7-ші орынға табан тірепті. Бұл – әлемдік көрсеткіш.
          Қазақстандық көрсеткішке көңіл аударсақ, біздегі әлеуметтік желілер көшін "ВКонтакте" бастайды. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тамыз айында ұсынған есебіне жүгінер болсақ, айтулы компания қызметін 1 781 760 қазақстандық белсенді тұтынады. Екінші сатыда 1,2 миллион белсенді қолданушысы бар Instagram желісі тұр. Одан кейінгі тізбекті Facebook, Twitter, "Мой мир" жалғастырады. Жалпы, қазақстандықтардың 10,6 пайызы әлеуметтік желіні мүлдем пайдаланбайды екен.
         Психологтардың пайымдауынша, суицидке әлеуметтік желіге тәуелді жандар жиі барады екен. Бастапқыда таныстық, ой өрісті кеңейту мақсатында ғаламторға қосылғандар уақыт өте виртуалды әлемсіз өмір сүруге қауқарсыз болып қалатын көрінеді. Әлеуметтік желіге тәуелділікті зерттеген психология ғылымының докторы, ресейлік маман Ирина Целеева тәуелділікті үш сатыда: бастапқы, орташа және шектен тыс тәуелді деп қарастырады. Маманның есебінше, бастапқыда адам желіге күнара бір сағаттан кіреді. Орташа тәуелділерге күніге 3-4 сағатын әлеуметтік желіге арнайтындар жатады екен. Ал 7 сағаттан көп отыратындар әлеуметтік желінің айықпас дертіне шалдыққандар болып есептеледі. Тәуелді жандардың психологиялық ауытқуына тоқталар болсақ көңілсіз, шамданғыш, агрессор болып жіктеледі.
әлеуметтік желі қаупі
          Ресейлік маманның уәжіне сенер болсақ, әлеуметтік желіге тәуелділерді олардың оқырмандары санынан да аңғаруға болады екен.  Мәселен, сіздің Instagram парақшаңызға 200-ден кем адам жазылған болса – әлеуметтік желіге тәуелділіктің  бастапқы сатысына іліккен, 500 адам – орташа, 700-ден асса тәуелді саналады екенсіз. Бұған айтулы желілерді пайда көзі ретінде қолданып отырғандарды да қосыңыз.
     – Бала күтімімен отырған жас келіншектердің дені пайда табу мақсатында әлеуметтік желілерде отырады. Пайда қайдан десеңіз – әлеуметтік желілердегі танымал тұлғалардың дені белгілі бір дүкен, сауда орындарын насихаттау мақсатында тегін ұтыс ойындарын жиі ұйымдастырады. Ұтыс шарты қарапайым: желіде белгіленген сауда ошағының әлеуметтік парақшасына тіркеліп, жазбаға ұнайды деген белгі қою, әрі кетсе, сол араға тағы үш танысын белгілеу. Осы талаптарды орындаған миллион желі қолданушыларының бірі ұтысқа ие болады. Бір рет тегін дүние ұтып дәніккен адам әлеуметтік желінің жетегіне қалай еріп кеткенін сезбей де қалады.
       Осыдан он жыл бұрын америкалық тілшілер әлеуметтік желідегі ұтыспен ғана күнелтіп жүрген жалғызілікті әйел туралы жарыса жазған болатын. Әлгі әйел істеп жүрген бар жұмысын тастап, күндіз-түні желіде отыратын болған. Осылайша, тамағын тауып, баспанасын бүтіндеп алады. Сол елдегі барлық БАҚ өкілдері әлеуметтік желідегі әйел жетістігін жазып жатқанда тек, бір ғана басылым осы шаңырақтағы бала күтіміне назар аударған екен. Олар бала күтімімен әйелдің тұрақсыз көңілдестері мен көршілерінің айналысатынын, әйелдің аналық қасиетін  әлеуметтік желілердің жұтып жібергенін тілге тиек еткен еді.
        Соңғы бес жылда бұл құбылыстың ТМД елдерінен де көрініс тапқанын аңғару қиын емес, – дейді психолог Ирина Целеева. – Қазақстандағы жағдай да Ресеймен ұқсас. Сіздердің елдеріңізде де әлеуметтік желі ұтыстары жиі ұйымдастырылатын болған. Танымал тұлғалар жариялаған жарнамалардың астына қалдырылған жазбалардан тәуелділікке ұшырағандардың көбейіп келе жатқанын аңғару қиын емес.
     Норвегиялық Ингебиерг Блиндхайм есімді бойжеткен – әлеуметтік желінің әуресімен өмірімен қош айтыса жаздағандардың бірі. Ол 19 жасында суицидке итермелейтін жазбалардың салдарынан өз-өзіне қол салған көрінеді. Дәрігерлердің дер кезінде көрсеткен көмегінің арқасында ажалдан аман қалыпты. Екі жыл психологтың кеңесіне жүгінген бойжеткен қалған өмірін суицидке бейім жандарды райынан қайтаруға арнаған. Қазіргі таңда ол мыңнан астам оқушысына өмірдің жарқын жақтарын насихаттауға тырысады. Сонымен қатар, өмірден түңілген жандарды әлеуметтік желі қолданушыларының арасынан тауып, жаңа өмірге бейімдеуді қолға алған. Тығырықтан шығар өзге де жолдың барын ұғындырып, әлеуметтік желіден өзге де қызықтың барын түсіндіруге кірісіпті. Норвегиялық "Aftenposten" басылымының хабарлауынша 24 жастағы бойжеткен соңғы 3 жылдың көлемінде оннан астам жанды суицидтен құтқарып қалыпты. Ал бізді құтқарар біреу бар ма екен?

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓