Балалар базарлыққа бөленді
Қостанайдағы «Жастар сарайында» облыс әкімінің жаңажылдық шыршасы өтті. Мерекелік шараға барлық аудан, қалалардан екі жүз өрен қатысты. Олар – облыста тұратын барлық ұлттың өкілдері. Қатысушылар арасында озат оқушылармен қатар, көп балалы және тұрмысы төмен отбасыларының балалары, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балғындар бар.
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов оқушыларды Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан құттықтады:
– Құрметті жас достар, келе жатқан 2020 жылмен құттықтаймын! Еліміз жыл сайын дәстүрге айналып отырған басты шырша думанына облыстың барлық өңірінен екі жүз бала қатысып отыр. Сендер жақсы оқумен қатар, өнерде де, спортта да жоғары жетістіктерге жетіп отырсыңдар. Саналы тәрбие беру үшін қазір жаңа мектептер, спорт, мәдени нысандар салынып, роботтық техника, IT кабинеттері ашылуда. Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та өздеріңізге ерекше қамқорлықпен қарап отыр. Бұрын жаңажылдық шырша мейрамханаларда өткізіліп келді. Бүгін Жастар жылы қарсаңында салынған «Жастар сарайында» өтуі бекер емес. Бұл еліміздің жарқын болашағы – сендерге деген үлкен құрмет. Жаңа жыл – барша қазақстандықтар үшін зор үмітпен келер, жақсылық күтетін мереке. Бүгінгі мейрам мен сыйлықтар сендерге естен кетпейтін, ерекше жарқын күн сыйласын. Оқуда озат болып, ұстаздарың мен ата-аналарыңның үмітін ақтаңдар!», – деді аймақ басшысы.
Балдырғандар заманауи ертегілердің кейіпкерлерімен қауышып, цирк әртістерінің өнерін тамашалады. Арнайы әзірленген шоу бүлдіршіндердің көңілін көтерсе, «Карнавал» би ансамблінің орындауында жаңажылдық би, «Юность» циркінің буынсыз акробаттары кішкентай көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Меңдіқара ауданынан келген Нұрдәулет Ахатов – отбасында үш баланың үлкені. Қазір ол Ғ.Жұмабаев атындағы Боровской мектеп-гимназиясының оқып жүр:
-Үйдің үлкенімін. Бұл шараға бірінші рет қатысып тұрмын. Мында түрлі ойындар ойнатылып, қызықты өтіп жатыр. Өскенде жақсы оқып, тәртіп сақшысы болғым келеді. Жаңа жылда барлығы жақсы тілектер орындалсын дейді ғой. Менің де арманым – ешкім ауырмаса екен. Барлығына денсаулық тілеймін, – дейді кішкентай Нұрдәулет.
Салтанатты кеште Аяз ата көптен күткен алып шыршаның шамын жақты. Ал балғын қонақтарға облыс әкімінің шыршасында әртүрлі сыйлықтар: смартфондар, тәттілер, алдағы үлкен мерейтойы келе жатқан Абай Құнанбайұлының кітаптары сыйға тартылды. Көңілді кештен кейін олар «Поместье» мейрамханасында дастарқан басына жиналды.
Суретте салтанатты шарадан көрініс.
Суретті түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.