Асанәлі ӘШІМОВ: «Өмірден өнер жасауды білсек…»
Айтары бар адамның әңгімесі
Қазақ киносының кешегісі мен бүгіні Асанәлі Әшімовтің есімімен етене байланысты. Ол өз дәуіріндегі кино өнерінің тынысын аша білді. Өнерде өз қолтаңбасын қалыптастырған хас әртіс, театр педагогы сексен жастан асса да, қоғамдық жұмыстардан алыстаған жоқ. Жақында өзінің «Әруақ» фильмін Ресейдің Анапа қаласындағы байқауға апармақ. Көркем туындының таныстырылымы Қостанай қаласында да өтті. Кино өнерінің абыз ақсақалын біз де сөзге тартқан болатынбыз.
«Киноға түсем деп, оқудан шығып қалдым»
– Сіз Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Қапан Бадыров сынды қостанайлық өнер тұлғаларымен әріптес болдыңыз. Осы кісілер туралы айтып беріңізші.
– Негізі, қазақтың әр түкпірі маған жат емес. Соның ішінде Қостанай да бар. Әр өңірдің үлкен істер жасап кеткен үлкен азаматтары бар ғой. Қостанайдан талай аңыз адамдар шықты. Өзім көзін көрген, аралас-құралас болған Социалистік Еңбек Ері, театрдың негізін қалаушы Серке Қожамқұлов, тұңғыш кәсіби кино артисі Елубай Өмірзақов, халық артисі Қапан Бадыров, даңқты суретші Хәкімжан Наурызбаев. Әзіл-қалжыңдары, әңгімесінің өзі бір таусылмас, түпсіз, тұңғиық еді ғой. Олармен басқосудың өзі бір спектакль. Күні кеше ғана Хәкімжанның ескерткішін қасқайтып тұрғызып қойдық. Қостанайдан шыққан тағы бір алып – Ілияс Омаров. Өнерге жаны ашыған тарихымыздағы санаулы тұлғалардың бірі. Сонау Анатолий Луначарский мен Темірбек Жүргенов еліне қандай жақсылық істесе, Ілекең солардан кем түскен жоқ. Ілекеңмен бірнеше рет кездестім. Орталық комитетте болғанда да, халықтың руханиятын биік ұстап жүрді. Жаны нәзік, пәк адам. Облыстық театрды сондай тұлғаның есімімен аталуы да заңдылық. Жоғарыда атағандарымның барлығы – менің ұстаздарым. Әсіресе, Серағаң мен Елағаң өзгеше тәрбие берді. Бала кезімізде «Амангелді» киносын колхоз-колхоздарды аралап көретінбіз. Қазақ аңғал ғой. «Бүгін Амангелді батырды өлтірмесе екен» деп тілейтін жұрт. Сол Елағаңмен кейін бірге жұмыс істедік. Қандай таза адамдар еді, кіршіксіз таза! Адам бойынан кішкене бір өтірік байқап қойса, қатты ренжиді. «Өтірік айтпауға тырыс, шыншыл адам – шебер актер. Соны бар санаңмен ұқ», – дейтін Серағаң. Міне, өнердің нағыз қайраткерлері! Менің режиссер ретіндегі ең алғашқы жұмысым «Ревизор» спектаклі-тін. Бір қызығы, сондағы Земляниканың образы Серағаңның соңғы рөлі болды. Режиссер – спектакльге жауапты адам. Бұйрық бойынша, ол кісіге бұл рөлді бермеген едім. Бірақ, соңғы репетицияға келіп: «Ертең бір репетиция жасайық. Мен Земляниканы ойнаймын» деп құлшыныс білдірді. Мен аң-таңмын. Негізі, Серке Қожамқұловтың бұл рөлді қырық жыл бұрын бір рет ойнағанын білетінмін. Земляниканың образы күрделі еді. Ұйықтамай, Земляниканың диалогтарын жазып, ертесіне рептицияға әкелдім. Содан Серағаң: «Керегі жоқ қағазыңның!» – деді. Сексенге келген ағамыз қырық жыл бұрын ойнап кеткен кейіпкерінің бүкіл сөзін жатқа білетін болып шықты. Әдеттегідей, қойылым сәтті шықты. Ал ең сәтті орындалғаны – Земляниканың образы.
– Алғашқы рөліңіз есіңізде ме?
– Сахналық кейіпкер, образ жасау адамның жасын ұлғайтады. Өйткені содан ләззат алады. Сахнада рахаттанады. Менің актерлікке келуімнің өзі бір кино. Қысқаша айтып берейін. Соғыс салдарынан әкесіз өскен ұрпақ атандық. Анам өсіріп, тәрбиеледі. Нан таба алатындай халге жеткен соң Жамбыл облысының Сарысу ауданында колхозда жұмыс істедік. Жазда орақ орамыз. Шешем жалғызілікті болған соң бір жылға Новосібірге қарағай кесуге жібереді. Әбден шаршап, қажыған болуы керек, Кентау қаласындағы туыстарына кетіп қалды. Оның соңынан мен де бардым. 9-10 сыныпты сол жақтан оқып, мектеп бітірдім. Анам наубайханада жұмыс істеді. Күнде жұмыстан қайтқанда жарты келі, бір келі ақ ұн алып келеді. Мен барып түнде көмектесем, нан алып қайтамын. Бір жылдай жиған ақ ұны үлкен бір қанар қап болады. Қандыкөйлек досым Райымбек Сейтметов екеуіміз сол ұнды базарға апарып сатамыз. Ол кезде ақ ұн қат. Шешем де жағдайды білді, Алматыға оқуға жіберді. «Иттің оқуына түссең де, білім ал» деп батасын берді. Сөйтіп, Райымбек екеуміз Алматыға тартып кеттік. Бағымызға қарай, біз өзге институттарға құжат тапсырып жүргенімізде «Казахстанская правда» газетіне бір хабарландыру шығыпты. Қарасақ: «При консерватории открывается актерское отделение, которое готовит актеров театра и кино» дейді. Райымбек мектепте көркемөнерпаздар үйірмесінің белсендісі болатын. Жаңағы хабарландыруды оқып, консерваторияға барғанда, оны Асқар Тоқпанов бірден қабылдапты. Тіпті топтың старостасы етіп қойыпты. Ол кезде ауыл балаларының көбі СХИ мен Зооветеринардан басқа оқуды онша біле қоймайтын. Мен мектепті Кентауда бітірдім ғой, қайткенмен аздап қала көріп қалдық, рудниктегілерге қарап инженер болсам ба екен деген бір ойдың жылт еткені рас, бірақ оған математикамен онша достығымның жоқтығы жібермеді. Бастапқыда агрономның оқуына да тапсырып көргенмін. Ана-мына оқуды төңіректеп көріп, бағым өнерден жанды ғой. Бойымда дарыным болса, оны әуелде танып-білген әйгілі профессор Асқар Тоқпанов еді. Қазақстанның кәсіби театр педагогикасының негізін салған Тоқпановтың «тоқпағына» түскен менің әртіс болмауымнан басқа мүмкіндік жоқ еді. Көп ұзамай Райымбектің қасына бардым.
Алғашқы қадамым кинодан басталды. Бірінші курста «Ботагөзге» түстім. Киноға түсем деп, оқудан шығып қалғаным да бар. Әйтеуір, жолым болып, қайтадан оқуға алындым. Қалай үлгіргенімді білмеймін, консерватория бітіргенше үш-төрт фильмге түстім. Кино тарихын, әртістер туралы кітаптарды қарасаң, кейбіреулерге басты рөлдер бірден беріледі. «Қыз Жібектегі» Меруерт Өтекешова мен Құман Тастанбековтер де бірден биіктен бастады. Олар бұл тұғырдан төмен түсе алмайды, жоғары өрлеуге ғана хақылы. Мен эпизодтан бастап, біртіндеп төменнен жоғары қарай көтерілдім.
– Әйгілі Асқар Тоқпановтан тәлім алдыңыз. Ұстазыңыз сахнагерге қандай талап қоюшы еді?
– Асекең туралы көп айтуға болады. Мынаны жазып алсаң да жетеді. Асқар Тоқпанов сахна өнері үшін үш бірдей шындықтың басын біріктіре білді. Біріншісі – кейіпкер болмыс-бітімінен туындайтын психологиялық шындық. Одан кейін шығарма тарихынан туындайтын тарихи-әлеуметтік, үшінші – осыларды халыққа көркемдеп жеткізетін сахналық шындық. Осы үшеуі қосылғанда сәтті дүниелер шығады. Асекең сахналық шығарманың рухын, эмоциялық әсерін сезе білетін дарын еді. Сондай тұлғадан дәріс алғанымды мақтан етемін
– Бір сұхбатыңызда: «Мен драма немесе трагедияның артисімін» – депсіз. Басқа жанрларда рөл ойнадыңыз ба?
– Бірді-екілі болған шығар. Оның өзі ертеректе. Қалыптасып келе жатқан әртіс өзінің қандай рөлдерді сомдай алатынын жақсы біледі. Образ таңдамай ойнай беретін дарындар сирек кездеседі. Тиісінше, сондай әмбебаптыққа ұмтылатындар көп, солардың кесірінен шын дарындар басылып қалып жатады. Жақсы адамнан ғана жақсы әртіс шығады. Бірен-саран рөл ойнауы мүмкін, бірақ, финалға шыға алмайды. Мұны киноны түсінетін адамдар білер. Әртіс үшін «үлкен образ», «маңызы жоқ рөл» деген ұғым болмауы тиіс. Эпизодтың өзінен-ақ сол уақыттың шындығын, жанайқайын беріп, соны суреткерлік дәрежеге көтере алатындар ғана нағыз актер саналады. Кейіпкердің рөлін ойнағанда, оның өмір сүрген заманын елестетіп, ойын сезіне білу маңызды. Мысалы, актер Абайдың рөлін ойнаса, ақын өмір сүрген заман туралы көп оқуы тиіс, оның өлеңдерін оқи отырып, ішкі жан дүниесін, ойын түсінуі керек. Бір жағынан ұсақ, жадағайлау көрінгенімен, өнерге шын берілгендер үшін аса маңызды. Егер актер өзі сомдайтын кейіпкердің тек сыртқы бейнесін, жүрісін аунытпай салса, бұл – қоқибайлық. Қазіргі біздің театрлардағы актерлердің дені сол қоқибайлар. Ел оларды нағыз әртіс деп ойлайды. Өз басым режиссермен кеңесіп, харизмаға жақындайды деген образдарды сомдадым. Оның нашар шыққандары да бар.
– Ұлттық театр өнерінде әлем драматургиясының жауһар дүниелері көп сахналанды? Мәселен, өзіңіз Гамлетті қазақша сөйлете алдыңыз ба?
– Басқа ұлттың тұлғасын қазақыландыру әртістің жан-жақтылығын көрсетеді. Өйткені, ол жан дүниесімен басқа әлемді, басқа ұлтты сезінеді. Театр – халықтікі. Егер Отелло мен Гамлетті ойнасам, оны қазақыландыруға тырысар едім. Қойылымда белгілі бір детальдар ғана сол ұлттікі ретінде қалып, қалғаны қазақ көрерменінің танымына икемделуі керек. Бұл – менің түсінігім. Гамлетті британша ғана беру деген қатып қалған қағида емес. Ол – тек кейіпкер. Оған жан бітіретін біз, әртістер. Қалай сөйлетсек те, қандай ситуацияға салсақ та халыққа жақын болуы тиіс. Мысалы, Мұхтар Әуезовтің Гогольдан аударған «Ревизорын» оқысаңыз, шығарма құдды бір аударма емес, түпнұсқасының өзі қазақша жазылған сияқты.
«Бекежан – нағыз батыр!»
– Қазақ киносының көркемдік дамуы «Қыз Жібектен» бастау алады десек бола ма?
– Мұны халық айтсын. Мен «Атаманның ақырын» көркемдігі мен мазмұны жағынан «Қыз Жібекпен» қатар қояр едім. Талай сұхбаттарымда айтқанмын, Бекежан үшін талайлардан қарғыс естігенмін. «Төлегенді өлтірген оңбаған, көрінбе көзіме!» – деп бір кемпірдің шап бергені бар. Содан ол кісіге бәрін түсіндіруге тура келді. Міне, шын өнер осылай болуы керек. Әртіс халықтың жүргенінен орын алуы тиіс. Әуелде Сұлтан Қожықов мені ол рөлге бекіткісі келген жоқ. Нұрмұхан Жантөрин, Ыдырыс Ноғайбаев, Кәукен Кенжетаев, Әнуар Молдабеков сынды марғасқалар кастингке келді. Мені Ғабит Мүсірепов таңдапты. Сөйтіп, жолым болып кетті. Негізі, Бекежан өзінің кинодағы міндетін, мен әртіс ретіндегі мақсатымды орындадым. Оның кемшілігі – көреалмаушылығы, менің артықшылығым – образды барынша ашқаным. Киносүйер қауым мұны әбден бағамдады ғой. Бірді айтып, бірге көшіп жатырмыз ғой. Әңгіме осынысымен де қызық, әйтпесе, ретімен, хронологиямен айтқан әңгіме қолдан жасалған кино сияқты болып кетеді ғой. Қай жерге келіп едік?
– Бекежан міндетін орындады…
– Сол кезде маған жер бетінде жаман қазақ жоқ сияқты көрінетін. Айналаның бәрі таза, жауыз қазақ мүлдем жоқ деп ойлайтынмын. Бірақ, қандай қылмысқа барса жа, күйгеннен, сүйгеннен, намыстан істейтін. Керек десеңіз, Жібекке Төлегеннен гөрі Бекежанның қолы жетуі қисынды болатын. Кинода қалай еді? Бекжан жауды жеңсе, Сырлыбай қызын беруді уәде етті емес пе? Бірақ, араға Төлеген кірісті. Қыз таңдауы Төлеген болды. Сонда Бекежан батыр уәделі махаббатынан өз еркімен бас тарта сала ма? Қай заманда да, қай елде де болған мұндай жағдай. Бекежан Сүйгені үшін күресті. Ол – нағыз батыр! Намыс қой! Фильмде осы жағын көрсетуге тырыстық.
«Қыз Жібек» – халықтың туындысы. Эпостық жанрда түсірілген ең сәтті туынды дер едім. Тағы бір жайтты айтайын, бұл фильмді Шыңғыс Айтматовтың ықпалымен «Қырғызфильм» қолқалап алған еді. Бірақ, біз Димаш Қонаевқа кіріп, өзімізге тартып алдық. Содан 1968-1970 жылдары түсірілім өтті. Алғашқы тәжірибелік нұсқасының өзі 1,5 сағат болатын. Көп қаржы жұмсалды. Ақыр аяғында киноны аяқтай алмау қаупі төнді. Абырой болғанда барлығы өз ретімен келіп, туынды халыққа жетті.
– Қазір тарихи кинолар жиі түсіріледі. Олар «Қыз Жібектің» деңгейіне жете алды ма?
– Жоқ! Ол кинолардың денін көріп шықтым. Қазіргі картинада өмір бар да, өнер жоқ. Өмірден өнер жасау қажет! «Қыз Жібек» осы үдеден шықты. Сондықтан да бұл – қазақ киносының сан ғасырлық азығы. Сахна мен киноның әлеміне қаныққан Серке, Елубай, Қапан аталарың сол кездің өзінде кино тек қана ұлттық болуы керектігін айтып кетті. Кино ұлттық болғанда ғана көпұлтты болады деген ұран көтеріп, қарапайым түсінікті ендіріп кеткен де солар еді. Ал бүгін жалтақпыз ба, білмеймін, ұлттың пайдасына шешім қабылдаудың орнына, елді тұқыртатын, рухын түсіретін дүниелерді дабыра етуге құмар. «Қыз Жібекті» екі рет көрсең, кино өнері, режиссура туралы көп нәрсені ұғынуға болады. Тіпті, ұлтқа қатысты мәселелердің шетін шығарады. Мұны байқағандар талай айтқан. Іштей қуанасың.
– Қазіргі драматургияның халі қалай?
– Драматургия деген қиын жанр. Қазақта мықты жазушылар болған, әлі де бар. Бірақ, драматургтер аз. Ситуацияға әңгіме жазу, сахналық дүниелер жасау екінің бірінің қолынан келмейді. Мұндайда баяғы Мұхтар, Ғабит, Оралхандарды сағынасың. Әдебиетті ғана айтып отырмын. Ал қазіргі қазақ киносындағы драматургия сирек, тіпті, жоққа пара-пар. Киноның сценарийін жазу жазушылық емес. Оқиғаның желісін құрып, сценарий авторы болып жүргендерге жақында сыйлық берді-ау деймін осы. Кинодраматургияны дамытамын, қазақ киносын жаңа белеске көтеремін деген әрбір адам әуелгі қадамын Шәкентанудан бастағаны жөн.
– Режиссура туралы не айтасыз?
– Бұрын режиссураны шындап оқитын. Мәскеу барып, арнайы білім алатынбыз. Бүгін қалай? Режиссерлерді ренжіткім келмейді, бірақ, өзіміздің қазанда ғана қайнап жатыр. Шетел көріп, тәжірибе жинаудың маңызы көп. Біздің өнер академисында режиссура оқытылады. Алайда, сабақ беретін мұғалімдердің өздерін білікті режиссер деп айта алмаймын. Жастарға білім беріп жүргендер кімдер? «Неудавшийся режиссер»! Енді бір өкініштісі, туабітті таланттарды шығара алмай жатырмыз. Сондықтан қазақ киносында орташа деңгейдегі фильмдер қаптап кетті. Енді кімге ренжисің?
– Жақында шыққан «Әруақ» фильмін «Атаманның ақыры», «Трансібір экспресі» фильмдерінің жалғасы деуге бола ма?
– Өзі солай жоспарлағанбыз. 1956 жылы басталған киноға түсу қазірге дейін жүріп жатыр. «Әруақтағы» шал философ адам, көп нәрсені біледі, бірнеше тілді меңгерген. Бірақ, жанұясы жоқ. Қаланың өмірі ұнаңқырамай, далаға өз бетімен кетіп, өзіне электр стансасын ашып, бау-бақша салады. Қасқырдың бөлтірігін асырайды, жетім баланы бауырына басады. Бұл сол баяғы «Атаманның ақырындағы» Шадияровтың сексен жастағы түрі. Мұны даланың көпті көрген шалы етіп көрсетуге тырыстық. Халық пен табиғаттың байланысын көрсеткен фильм. Ескі стильде жасадық. Бұл шалдың харизмасы маған ұнайды. Менен көп жерде «Шадияров ұнай ма, Бекежан ба?» деген сияқты сұрап қойып жатады. Олар менің іштен шыққан балаларым сияқты, әрқайсысын өзінше жақсы көремін. «Әруақтағы» шал да солай.
– Кино мен театрдың қайсысына басымдық бересіз?
– Кино – танымалдылық, оның ауқымы, таралымы кең. Театр – шеберлікті шыңдайтын зертхана. Маған екеуі де жақын. Бірақ, театрдың орны бөлектеу. Сенімен сөйлесіп отырғанымыздың өзі театр. Мұндай оқиға екінші рет қайталанбауы мүмкін.
– Жан Габенді не үшін жақсы көресіз?
– Өйткені мен онымен өмір сүрдім. Бірақ, бір рет кездескен емеспін. Орыс драма театрдының білгірі Рубен Андриясиан мені «Габенбай» деп атайтын. Жалпы, француз актерлік мектебін бәрінен артық қоямын. Ал америкалық әртістердің дені спортшылар мен модельдер ғой. Жан Габенмен бір қатарда Жан Маре, Лоуренс Оливье, Софи Лорен сияқты алыптарды тізбектеуге болады.
– Ел ақсақалы ретінде қазіргі қазақ қоғамына баға беріңізші. Қазақ қайда бара жатыр? Қандай мәселелер толғандырып жүр?
– Жақсы айтылған сөзіңнен, жақсы атқарған қызмет артық. Жаман өткен күніңнен, жақсыны көрген түс артық. Жас ұлғайған сайын тек жақсылық туралы ойлайды екенсің. Тұрып жатқан жеріміздің тыныштығын, ынтымағын ойлайсың. Көбі ақыл сұрап жатады. Қазір саясатқа «кір» жұқты ма деймін. Билікті халық бағалайды. Мен – халық әртісімін. Кез келген жағдайда халықпен біргемін. Жер туралы көзқарасымды білдірдім. «Егемен Қазақстанға» пікірімді жаздым. Қазақ сабырлы халық қой. Патшасын құрмет тұтқан. Бірақ, сол халық себепсіз наразылық білдірмейді. Көтерілуге итермелейді. Билік соған жол бермеуі тиіс. Айтарым осы.
Ой-отауда сұхбаттасқан Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ
Суретті түсірген Бағдат Ахметбеков