АЙМАҚ БАСШЫСЫ ЕКІ АУДАНҒА БАРДЫ
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Денисов және Қамысты аудандарына жұмыс сапарымен барып, бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады. Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясының жергілікті кеңсесінде тұрғындарды қабылдап, көпшілік көкейінде жүрген бірқатар түйткілді сауалдарға жауап берді.
Аймақ басшысы алдымен Денисов ауылындағы бөбекжайға аялдады. Бөбекжай ғимараты «Қазақстандағы энергия тиімділігін арттыру» жобасы аясында былтыр «Дүниежүзілік Банктен» бөлінген 40 млн теңге грант қаржысына күрделі жөндеуден өткен.
Ғимараттың төбесі мен едені жылыланып, қабырғасы суық өткізбейтін заманауи материалмен қапталған, сапалы пластикалық терезелер орнатылып, жарық беру жүйесі толықтай жарық-диодты шамдарға ауыстырылған. Осының арқасында жылу мен жарыққа кететін шығын көлемі едәуір азайған. Бірақ ауыл толықтай көгілдір отынмен қамтылғанына қарамастан бұл ғимарат әлі күнге дейін көмірмен жылытылады. Аймақ басшысы бөбекжайға газ құбырын тарту үшін облыс бюджетінен 40 млн теңге бөлінетінін айтты.
Архимед Мұхамбетов одан кейін Қамысты ауданындағы Алтынсарин орта мектебіне барды. Қазақ және орыс сыныптары аралас оқитын бұл оқу ошағында 250 бала білім алады.
Биыл мектеп 295 млн теңге бюджет қаржысына күрделі жөндеуден өткен. Білім мекемесінің ғимараты толықтай жаңартылып, спорт залы, пәндік кабинеттері қайта жабдықталған. Мектеп жынынан 45 балаға шақталған интернат салынған. Алтынсариннің айналасындағы шағын ауылдардың балалары алдағы жылдан бастап осы интернатта жатып оқиды.
Облыс әкімі ұстаздармен жүздесіп, мектеп сыныптарын аралап көрді. Спорт залына бас сұғып, жас спортшылардың жаттығуын тамашалады. Робототехника кабинетіне кіріп, оқушылармен әңгімелесті. Бұл кабинетті балаларға «Алтынсарин» серіктестігі 8 жарым млн теңге қаржыға жабдықтап беріпті.
Мектепке күрделі жөндеу жүргізген мердігер жұмысына оң баға берген Арxимед Мұxамбетов ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға ерен күш жұмсап, аядай ауылдың берекелі тіршілігіне ұйтқы болып отырған Еңбек Ері Борис Князевке алғыс білдірді.
Аймақ басшысы одан кейін жуырда ғана «Алтынсарин» ЖШС өз жұмыскерлеріне арнап салған 6 үйдің біріне тоқтады. Анадайдан көз тартатын әсем де еңселі үйлердің әрқайсы 10 млн теңге тұрады. Ауданы – 124 шаршы метр. Облыс әкімі Баязитовтар отбасына бас сұқты. Жаңа үйге жақында ғана қоныстанған Наиль мен Лиана екі бала тәрбиелеп отыр. Наиль «Алтынсарин» серіктестігінне қарасты 1-ші бригаданың механизатор болып жұмыс істейді. Лиана – география пәнінің мұғалімі.
– Тұрмысымыз жақсы. Жақында тегін үй алып, шаңырағымыз шаттықа бөленіп жатыр. Үш бөлмелі кең үйіміз осы. Газ, су келіп тұр, – дейді отанасы. Жас отбасыны қоныс қуанышымен құттықтаған өңір басшысы үлкен үйдің кішкентай тұрғындарына базарлық сыйлады.
А.Мұхамбетов сапары барысында екі аудандағы «Нұр Отан» партиясы кеңсесінде тұрғындарды қабылдап, көпшілік көкейінде жүрген сауалдарға жауап берді.
Денисов ауданының тұрғындары көптен күтім көрмеген кейбір кітапхана, музей ғимараттары сияқты руханият ошақтарын жөндеуден өткізуге көмек сұрады. Аймақ басшысы бүгінде облыс көлемінде мыңдаған әлеуметтік нысандар күрделі жөндеуден өткенін тілге тиек ете келіп, өтініш иелерінің бастамаларына қолдау көрсететінін айтты.
Облыс әкімінен көмек сұрай келген тұрғынның бірі – Некрасов ауылының тұрғыны Надежда Строгова. Бұл ауыл бір-екі жыл бұрын көгілдір отынмен қамтылған. Еңбек ардагері қазір екі пәтерлі үйдің жартысында тұратынын, көршісі газбен, өзі көмірмен от жағып отырғанын айтып, өңір басшысынан үйіне газ енгізіп беруді өтінді. А.Мұхамбетов көгілдір отыннан қағылған кейуананың үйіне тез арада газ құбыры енгізілу керектігін айтып, бұл міндетті аудан әкіміне қадап тапсырды.
Суреттерді түсірген: Бердіболат Көркембаев