Демократияның дамуына ықпалы зор

Президент сайлау науқанына дейін елде саяси жаңғыру, көп партиялылықты дамыту, қоғамдық-саяси өмірге азаматтардың белсенді қатысу аясын кеңейту үшін біраз шараның атқарылғанын айтты. Осыған дейінгі қабылданған заңдарға толықтырулар мен өзгерістер енгізу арқылы енді Парламент Мәжілісі комитеттерінің бір төрағасы мен екі хатшысы парламенттік оппозиция депутаттары арасынан сайланатын болады. Парламенттік оппозиция бір сессия кезінде кемінде бір рет парламенттік тыңдау өткізу жөнінде бастама көтеру құқын иеленеді. Бұрын Парламентте болмаған бұл өзгерістер елімізде экономиканың, әлеуметтік өмірдің дамуына, тұрмысымыздың жақсаруына әсер етеді.
Сонымен қатар, алғаш рет партиялық тізімге әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квотаның белгіленуі бізді қуантты. Талантты жастарды, іскер әйелдерді Парламентпен қатар жергілікті органдарға тарту бұрыннан айтылып келетін еді. Міне, осыған қол жетті, оның тиімділігінің болары да анық. Мағжан атамыз айтқандай, мен де жастарға үлкен сенім артамын. Ал жергілікті мәслихаттар сайлауының партиялық тізім бойынша өтетіні де дүниежүзілік тәжірибеге сай келетін жетістіктеріміздің бірі. Енді партиялардың жұмыс белсенділігі артқанда, олар еліміздегі экономикалық-әлеуметтік дамудың тұма көзіне айналатын болады.
Президент Жарлығы жақсы өмірге бастайды.
Алма ДОЩАНОВА,
А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік
өңірлік университетінің ректоры, профессор