Жүдеген жолдар жөндеусіз қалмайды
Бүгін облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Олжас Нұрғалиев "Қостанай облысында заманауи көлік инфрақұрылымының желісін кеңейту" тақырыбында өңірлік БАҚ өкілдерімен брифинг өткізді.
Қостанай облысы автомобиль жолдары желісінің ұзындығы жөнінен БҚО-нан кейін екінші орын алады – 7 879 шақырым. Оның 2208 шақырымы – облыстық, 5671-і – аудандық маңызға ие. Тиісінше, мұншама қашықтықты құрайтын жолдың қалып-күйін сақтап отыру оңай шаруа болмаса керек. Сондықтан да қазына қаржысының көлемді сомасы да жыл сайын осы бағытқа жұмсалады. Осы жылы жолдарды қайта қалпына келтіру, күрделі және орташа жөндеу жұмыстарына 14,5 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражатқа жалпы ұзындығы 514 шақырым автожол жөнделіпті. Мұны басқарма басшысы тәптіштеп айтып берді.
"Биыл облыстық маңыздағы "Б.Майлин – Варварин – РФ" шекарасының 10-20 шақырымын күрделі жөндеуден өткізуге 698,6 млн теңге жұмсалды. Мұның сыртында облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың 40 учаскесі қамтылып, 508 шақырым жол 13 600 млн теңгеге орташа жөндеуден өтті. Жобалар суық ресайклинг әдісімен жүзеге асырылды. "Ауыл – ел бесігі" бағдарламасы аясында 7,5 млрд теңгеге аудандарда 82 көше жолдары тегістелді. Енді, 2020 жылы 20 млрд теңгеге жалпы ұзындығы 606 шақырым жол қалпына келтіріледі", – деді О.Нұрғалиев.
Бұдан бөлек, келер жылға еншіленіп отырған жұмыстар аз емес. Атап айтқанда, облыс орталығындағы Тобыл өзені үстімен өтетін "Корей көпірін" жөндеу, енін кеңейту жоспарда бар. Бұл жобаның құны – 4,4 млдр теңге. 1973 жылы салынған көпір әлі күнге дейін жөндеу көрмеген. Мұның сыртында, Денисов-Қостанай бағытындағы тас жолдың 48 шақырымының жұмысы 2020 жылы аяқталады. Онымен қоса, Қостанай-Рудный, Сарыкөл, Меңдіқара жолдары тегістеліп, Аят көпірін кеңейту жобасы қолға алынады.