Айгүл Қосанова: «Сахнада әнші болсам да, отбасымда әйелмін, анамын»
Биыл жаңадан ашылған Жастар сарайын ән-жыр кернеген жыл болды. Облыстық филармония ұжымы таяуда 75 жылдық мерейтойын дүркіретіп атап өтсе, қараша айындағы тамаша думандар легі «Құстар қайтып барады» концертімен жалғасын тауып отыр. Кеш иесі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Айгүл Қосанова. Қазақ еліндегі танымалдығы өз алдына, Англия, АҚШ, Қытай, Түрік, Малай, Франция, Германия, Латын Америкасын тамсандырған бұлбұл дауыс Қостанайдағы концертін Қасиетті Маңғыстаудың қызы Батыс ән мектебінің жарқын өкілдері Мұхит, Қайып, Ғарифолла әндерінен бастауы заңды-ақ.
Айгүл – мектеп таңдамайтын әнші. Оның репертуарындағы Арқа, Жетісу, Алтай-Тарбағатай әуендері көрерменді еріксіз баурап алады десек, артық айтқандық емес. Және кештің тақырыбы айтып тұрғандай, қоржынындағы шығармалардың басым бөлігі – халық әні «Ақсұңқар», «Ақсұңқарым» (Шәмші Қалдаяқов), «Ерке құсым» (Қалибек Деріпсалдин) құстың атауына қатысты. Біздің Тобыл-Торғай жеріне қатысты туындаған «Шақшақ Жәнібек (Ермұрат Үсенов), «Арқалықтың ақ таңы» (Шәмші Қалдаяқов) әндер көрерменнің ықыласына бөленіп жатыр. Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның ұлт-аспаптар оркестрі де әншіге әдемі сүйелдеу бола білді.
Біз концерт барысында кеш иесін аз-кем сөзге тартқан едік. – Айгүл ханым, сіз бесінші сыныптан өнерге қадам басқан кезіңізде домбырадан бөлек, қобызда ойнай бастапсыз? Қазір сол Қорқыт бабадан қалған аспапты қолыңыздан көрмейміз…
-Қобызбен ойнамаймын. Сол кезде қалай бастап ем, солай қалды. Жалғастыратындай ниет болған жоқ. Өйткені домбыра класына ауысып кеткеннен кейін сол жаққа қарай мойын бұрып кетттім де, кейін қобыз ұстауға мүмкіндік болмады. Себебі ауыл баласы үшін қобыз деген жат болды. Жапа-тармағай сол аспапты үйренуге барғанбыз. Бір жағынан қарасаңыз, әйел адамға әдемі аспап қой. Екінші жағынан аспаптың жоқтығы да себеп бұған – ұстазымыздың жалғыз қобызын төрт қыз кезектесіп ойнадық. Онша жақсы көрмей қалмаған шығармын. Басында қызығушылық пайда болғанымен, қолға түспегеннен кейін ажырап қалдым.
– Анаңыз да әнші екен. Кезінде қатарынан озып, жиындарда ән салған деседі. Соған қарағанда, отбасыңызда сізден басқа өнер жолында жүргені бар-ау?
– Анамның кісі көзі тірі. Ертеректе слеттарге қатысып, ән айтып жүрген. Ал мен үйдегі алтыншы баламын. Менен басқа өнерде жүрген басыбайлы адам жоқ. Дегенмен де әу демейтін қазақ жоқ. Қай қазақтың үйінде әйтеуір ән айтылады. Сондықтан да өзімнен үлкен әпкелерім де ән айтады. Енді жалпы нағашы жұрт деген өте жақсы. Үш жұрттың ішінде жақын жұрт ғой. Анам ән айтса, яғни, анамның қанымен сүтімен, дарыған шығар деп ойлаймын.
– Сіз «өнерде бағымды ашқан Мұхиттың «Айнамкөзі», Ғарифолланың «Әнші дауысы» дедіңіз. Ал бүгінгі концерттің атауы «Құстар қайтып барады»…
– Бұған дейін «Айнамкөз» деген атаумен бірнеше рет концерт бердім. Қазір күздің айы. Оның үстіне күзде құстар жылы жаққа ұшып кетіп жатыр. Ал құс тақырыбы менің шығармашылығымда жаныма жақын. Менің бағымды ашқан әндермен концерт атауын қоя беру міндет емес шығар деп ойлаймын.
– Тұрлан деген балаңызды кішкентай кезінде теледидардан көрдік. «Өскенде әнші боламын» деп еді. Қазір әнші болды ма?
– Рас, бала кезінде менімен қосылып ән айтып жүрді. Қазір ән айтпайды, бірақ домбыра ойнайды. Балалардың көбі, соның ішінде ауылдағылар «әнші болсам» деген арманмен өседі ғой. Қазақтың кез келген баласы сөйтіп өседі деп ойлаймын. Бәрімізде солай өстік. Менің балам да сөйтіп өскен балалардың бірі. Енді ән айтам десе мұның мүмкіншілігі жоқ емес, бар. Қазір ол өтпелі кезеңде, жасы 14-те. Бүгін болмаса да, алдағы уақыт өнер жолына келіп жатар, уақыт көрсетеді. Қайта, кішкентай Айнамкөз қызым музыка мектебіне барып жүр. Күйсандық сыныбында.
– Баба өнерімізді паш ету үшін шетелдерге көп барасыз. Мәселен, осыдан 2 жыл бұрын Бразилияда болып, шеберлік сабағын өткізіп, Латын Америкасын бір тәнті қылып қайттыңыз. Шетелдерде шеберлік сабақтары жиі өтіп тұра ма?
– Бұл енді шақыруға, ұйымдастыруға байланысты дүние. Бразилия мемлекетінде біздің елшіліктің ұйымдастыруымен жасалған концерт. Сол жақтың университеті жалпы біздің халықтың аспабын, өнерін таныстыру мақсатында, өнер жолында жүрген ұстаздар мен шәкірттерге, студенттерге бір мағлұмат берсеңіз деп ұсыныс түскеннен кейін ұйымдастырылған болатын.
– Өнер жолын дәстүрлі әнмен бастаған ерте жасыңызда кейін эстрадаға келемін деп ойладыңыз ба? Мына бір айтқаныңыз бар: «эстрадаға мүмкіндігімді тексерейін деген мақсатта келдім» деп. Сол эстрадаға «байланып қалған» сияқтысыз…
– Сіз солай ойлайсыз ба (күліп)? Әлде эстрадамен көп айтып жүрмін бе? Сіздің ойыңызша…
– Расын айтсақ, теледидарда домбырадан гөрі эстраданы көп дәріптейді. Сол себепті көбіне эстрадалық әндеріңізді тыңдап жүрміз.
– Бұл жерде өкінішке қарай менің кінәм жоқ. Өйткені концертті ұйымдастырушыларға байланысты ғой негізінде. Егер дәстүрлі әндерді ұйымдастыратын әншілер болып, сол концертке шақырып жатса, міндетті түрде эстрада әндерін айтпайсың, дұрыс па? Сондықтан да қай концерт ұйымдастырмасын, қай жақтан шақырту аласың соған байланысты әндер айтылады. Эстрадалық әндерді орындайтын концертке жалғыз өзің домбырамен айтпайсың ғой, келісесіз ба?
– «Айгүл, сен дәстүрлі әншісің, эстраданы қайтесің» деп жанашырлық танытатын үлкен аға, әпкелеріңіз бар ма?
– Оны айтатын адамдар бар. Рас, жанашырлық деп қабылдаймын. «Эстрадада айтатын әншілер жетеді ғой, сен айтпай-ақ қойсаң қалай болады» деген әңгімелерді жиі естимін. Бірақ мен бұл жерде дәстүрлі әннің мәртебесін төмен түсірейін, эстрадалық әнді көтерейін деген мақсат емес.
– Арқа, Батыс әндерінің мектептері бар. Қазақстанның басқа аймақтарының ән мектептерінің біразын орындап жүрсіз. Кейбір әншілер айтып жатады менің оң жамбасыма келмейтін әндер болады деп. Сізде сондай бар ма?
– Мен керемет әншімін деп айта алмаймын. Өйткені әрине, егер сол Арқа мектебінің шоқтығы биік әндерін мен дәл Арқа әншілері сияқты айта алмаймын. Біріншіден ол менің табиғатымда жоқ. Екіншіден оны айту үшін кәдімгідей үлкен шеберлік керек, мен өз әкемнің қанымен, анамның сүтімен, сол өлкенің ауасымен, суымен сіңген нәрсе дәл арқаның әншілеріндей қылып арқаның әндерін айта алмауым әдбен мүмкін.
– Мәселе, дәл арқадағыдай айту емес. Кезінде Жүсіпбек Елебеков, Жәнібек Кәрменовтер Батыс әндерін Арқаның ыңғайына келтіріп айтты ғой.
– Дұрыс айтасыз. Ондай тұрғыда айтуға болады. Оны айтып жүрміз. Ол әншіге байланысты.
– Қазір шәкірттеріңізден ерекше көзге түсіп жүрген кімдер бар?
– Шәкірттерім өте көп. Халықаралық «Мен қазақпын» мегажобасына қатысқан Алпысбек Оңайбайұлын айрықша айта аламын. Оның бер жағында сол шәкірттерді маған тәрбиелеп беріп жатқан шәкірттерім бар. Яғни, менің қазіргі таңда шәкірттерімнің шәкірттері – немере шәкірттерім алдымда дәріс алуда. Мүның өзі болса да сол шәкірттермінің еңбегінің арқасында келіп жатқаным деп әбден айтуға болады.
– Түзде көп жүретін Айгүл үй шаруасына қалай?
– Менің түзде көп жүретінімді қайдан білесіз. Түзде көп жүрмеймін (күліп алды).
– Биылдыққа Қостанай жеріне екінші рет келіп отырсыз.
– Ол енді араға қанша уақыт салып келіп жатырмын. «Әйел – қырық жанды» дейді ғой. Оның ішінде үнемі айтып жүремін, қазақтың әйелдері басқа ұлт өкілдерінің нәзік жандыларына қарағанда сондай бір жан-жақты, шыдамды, ақылды, парасатты. Ол қазақ қыздарына ғана тән. Мен өзімді айтар болсам, сахнада әнші болсам, үйде қарапайым қазақтың қызы, балалардың анасы, кәдімгі үйдің шаруасын істейтін әйел заты ғанамын. Оның үстіне Батыстың қызымын деңіз…
– Алда қандай жоспарларыңыз бар?
– Тірі жан болған соң жоспар болады ғой. Қазір негізгі мақсат облыс орталықтарында оркестрдің сүймелдеуімен концерттер беру. Осы тұрғыда Қостанай өңірінен бастау алып жатқан концертіміз сәтін салсын деген тілек білдіремін. Болашақта да әлде де басқа облыстарда ұжымдарымен концерт берсек арман, ойымыз, тілегіміз бар. Және осы орайда кешімді тамаша ұйымдастырып беріп жатқан аймақ әкімшілігіне, мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақовқа, филармония директоры Назымбек Молдахметовке айтар алғысым шексіз!
Сұқбаттасқан Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ
Суреттерге түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
Біздің анықтама:
Айгүл Қосанова 1974 жылы 24 шілдеде Маңғыстау облысы Ералы ауданының Жетібай кентінде дүниеге келген. Кұрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық Консерваториясының аспирантурасын ҚР Халық әртісі, профессор Қайрат Байбосыновтың класынан тәмамдаған. «Шырқа даусым, шарықта», «Ақсұңқар» атты екі дискіден тұратын ән альбомы жарық көрген. Бүгінде шәкірт тәрбиелеп жүрген ұлағатты ұстаз.