Бүлдіршіндердің жаппай ұшынуына байланысты қылмыстық іс қозғалды
16 қыркүйек күні Ұзынкөл ауданының №1 орта мектебі асханасында бүлдіршіндердің жаппай ұшынуына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы бүгін облыстық прокуратурада өткен брифингте облыс прокурорының аға көмекшісі Дәмір Айшев айтты.
Естеріңізге сала кетейік, Ұзынкөл ауданындағы №1 мектептің 47 оқушысы және 6 қызметкері білім ошағының асханасынан ішкен түскі астан кейін аудандық ауруханаға медициналық көмек сұрап келген.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 17 қыркүйек күні Ұзынкөл аудандық ауруханасына түскен 20 сырқаттың 17-сі сауығып, үйлеріне жіберілді. Бүгін Қостанай қалалық балалар ауруханасынан 4 бала емделіп шықты.
– Емделіп шыққандар саны күнбе-күн өзгеруде. Енді кешеден бері емделіп шыққандар жергілікті жердің дәрігерлерінің бақылауында болады. Әзірге балалардың неден ұшынғаны анықталған жоқ. Сараптама қорытындысы үш күннен кейін белгілі болады, – деді Дамір Айшев.
Шұға Қоңқабай