Цифрландырудың тиімділігі көп
Өңірімізде цифрлық технологияға көшу былтырғы жылы басталып, Жол картасы бойынша 13 бағыттан тұратын (білім, денсаулық сақтау, қауіпсіздік, ТКШ, Көлік, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, шағын және орта бизнес, қала басқару, әлеуметтік сала, экология және электронды архив құру) 88 шара бекітілген. Оның әзір 55-і жүзеге асырылуда. Жұмысты кең көлемде орындау үшін интернетке толыққанды көшу керек. Әзірге аймақтағы ғаламтормен қамту 84,3%-ды құрайды. Бұл туралы облыстық Nur Otan партиясы кеңсесінде сайлауалды бағдарлама комиссиясының кеңесінде облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қайыржан Есімтаев мәлімдеді.
– Биыл мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында 53 селоны жылдамдығы жоғары интернетке қосу жоспарланған. Барлық денсаулық сақтау мен білім беру мекемелері толық компьютер және мультимедиялық құралдармен қамтылды. Алайда мектептердегі компьютерлердің 38% ғана жаңартылды. Үстіміздегі жылы білім ошақтарын сапалы инфрақұрылым, жылдамдығы жоғары интернет, ІТ құралдармен қамту жоспарымыз жүзеге аспады, – деді Қ.Есімтаев.
Аймақ әкімдігі мен С.Сейфуллин атындағы Қазақ агро-техникалық университеті арасында жерді пайдаланудың дәлдік технологиясын енгізу жөнінде меморандумға қол қойылды. Ал былтыр А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ фермерлерді оқыту мен жаңа технологияны енгізудің байланыс алаңын құрған «Парасат» цифрлық хабын құрды. Заречный тәжірибелік шаруашылығы 2,5 мың га жерге оқыту және 305 га жерге агро-өнеркәсіп кешенінің цифрлық дәлдік элементтерін үйрету бойынша көрсетілім алаңын жасақтады. 2018 жылы ауыл шаруашылығының Жол картасына бекітілген 33 шара толық орындалыпты. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Жансұлтан Тәукенов осындай мәліметтерді алға тартты. Айтуынша, дәлдік технологиясының көмегімен әр гектардағы өнім 3-5 центнерге дейін артады. Сәйкесінше, жанармай, минералдық тыңайтқыштар және өсімдікті қорғау дәрілік заттарына кететін шығын 15-20%-ға дейін азаяды.
– Ауыл шаруашылық жерлерін түгендеп-хаттау бойынша егістік алқаптар түгел цифрландырылды. 4,2 млн га жайылымның 82,9%-ы (республика бойынша – 77,8%), 115,2 мың га шабындықтың 95% (республика бойынша – 67,8%) цифрлық тізімде. Мемлекеттік қызметті оңтайландыру мақсатында АӨК субъектерін субсидиялаудың барлық жұмысы цифрлық форматқа көшіріліп отыр. Бұл өтінімді қарау мерзімін 2,5 есеге азайтып, қағазбастылықты азайтады, жемқорлықты жояды әрі онлайн түрде бақылап отыруға мүмкіндік береді деді, – Ж.Тәукенов.
Мәселен, «Олжа Садчиковское» ЖШС енгізге «Ақылды сүт фермасы» жобасы өз жемісін беруде. Уақтылы ұрықтандырылған сиырдың әр 100 басының төл саны 67-ден 90-ға дейін жетіп отыр. Есесіне, әр сауын сиырдан алынатын жылдық сүт көлемі 6-дан 7 тоннаға артқан. 2018 жылы өңіріміздің 7 шаруашылығында цифрландыру бойынша енгізілген пилоттық жобалардың экономикалық тиімділігі 900 млн теңгені құраған екен.
Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы цифрландыру тәртібіне толық көшуге қолбайлау болып отырған мәселе – кейбір шаруашылықтардың интернетпен қамтылмағандығы екенін жеткізді.
Қ.Қиысхан.