Жалғыз жұтым ауаңды сат, Қостанай

Иә, иә, кәдімгі бір жұтым ауа. Анау-мынау емес, Қостанайдың ауасы! Облыс орталығындағы темір жол вокзалы сауда нүктелерінің бірінен «Қостанай ауасы» («Воздух Костаная») деген атаумен тұрған бітеу қалбыр сатылымға шыға бастады. Ауа сату кімнің «идеясы» екенін құдай білсін, бірақ 450 теңгеге әлгі заттан алып жатқандар бар көрінеді.
IMG_9416сайтБұл туралы дүңгіршектегі сатушыдан сұрай бастап едік, ана кісі айғайға басты. «Онда тұрған не бар? Бұл да табыс табудың бір жолы емес пе. Біреуге әзіл ретінде беретіндер бар шығар. Алыстағы туыстарына, дос-жарандарына сыйға тартамыз деп сатып алатындар кезігеді. Ал кейбір дымға түсінбейтіндер ұрсып кетіп жатады» дейді. Расымен де, кімнің қандай шаруасы бар, ә? Дегенмен дүниенің бәрін сатып жатқанда, дәл ауа сатылады деген ойымызда болды ма?
Әдетте қандай да бір тауардың өндіруші орны, шығарылған жылы, сақталу мерзімі болушы еді. Біздің көрген «саф ауа толы» қалбырдың сыртында «сақталу мерзімі 100 жыл» деген жазу мен ауаның құрамынан басқа ештеңе таппадық.IMG_9409сайт Айтпақшы, бір қалбырға үш түрлі жердің ауасы «тоғысыпты». Орталық саябақ пен жағалаудан – 35 пайыздан, қалған 30 пайызы қарағай орманынан алынған. Сосын қалбыр сыртында «1879-2014» деген де жазу бар. Демек ыдыста 1879, яғни, Қостанай қаласының іргесі қаланғаннан бергі ауа «сақтаулы» деген сөз.
Енді «Қостанай ауасы» бизнесі сәтті табыс әкелсе, онда барлық жердің бір жұтым ауасы саудаға шыға бастайды деген сөз. «Алтай ауасы», «Алатау ауасы», «Қаратау ауасы», «Каспий ауасы», «Баянауыл ауасы», «Бурабай ауасы»… несін айтасыз, бұдан былай сағынған жеріңізге барудың да қажеті жоқ секілді. Қажет болса, сауда орындарынан аусарыңыз ауып тұрған елдің ауасын алып, мауқыңызды баса беретін боласыз (бұрын кәдімгі туған жердің бір уыс топырағын алдырып, иіскеп жататындар болушы еді). Бұл, әсіресе, шетелдегі қазақтарға таптырмас дауа болмай ма. Атамекенге жете алмай отырған қандастарға Қазақстаннан қалаған жерінің қалбыр-қалбыр ауасын жіберіп тұратын күн туғалы тұр басымызға.
 
Қыдырбек Қиысханұлы
Суретті түсірген Бағдат Ахметбеков

You may also like...

1 Response

  1. Жәке айтты:

    Түбі Қостанайды тартып алып,  ауасын жұту үшін қазақтарға осылай мүмкіндік береміз дегісі келетін секілді…

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓