Маңызы бөлек шара
Қостанай облысының сот актілерін орындау департаменті облыстық ішкі істер департаменті және прокуратура өкілдерімен бірлесіп, борышкерлерден берешек өндіру бойынша өңірімізде бұрын-соңды болмаған рейд өткізді. 15 жедел топ Қостанай қаласының КСК шағын ауданын құрсаулап, жол бойында көліктерді тоқтатып, пәтер, жеке үйлерге кіріп, борышы барлардың мүліктеріне тәркілеуге көшті. Олай жасайтын да себеп жоқ емес, қазіргі уақытта 65 мыңнан астам сот актілері мен мемлекеттік органдардың қаулылары орындалмай жатыр. Тек жыл басынан бергі сегіз ай ішінде өндіріске келген жалпы сомасы 508,6 миллион теңге болатын 24 мыңнан астам құжаттың 275,3 миллион теңгені құрайтын 11,6 мың өндірістік іс орындалған екен.

– Берешекті өндіру үш бөлім бойынша жұмыс жасайды, олар алимент өндіру және әкімшілік айыппұлдарды өндіру, борышкер заңды тұлғалар мен жеке тұлғалардың берешегін өндіру бөлімі. Бүгінгі рейд барысында үйлерге дейін аралап, берешегі барлардың мүліктерін тәркілеп аламыз. Айталық, тіпті, шекара асып бара жатқандарды тұтқындаған кездің өзінде, нәтиже бермей жатыр. Облысымызда он мыңнан астам борышкерге шекарадан асуға тыйым салынған. Қазір біз КСК ауданындағы жеке үйлер мен пәтерлерге де кіреміз, көшелерде көліктерді тоқтатып, мемлекет пен жеке адамдар, заңды тұлғалар алдында қарызы барлар мен алимент төлемей, сот шешімін орындамай жүргендерді анықтаймыз. Егер борышкерлердің қаржылай төлеуге мүмкіндігі болмаса, мүліктерін тәркілеуге дейін бармақпыз. Одан қалса, оларды әкімшілік жауапқа тарту мәселесін қарастырамыз. Осыдан кейін басқа да берешегі барлардың жауапкершілігі арта түседі деп сенеміз.

Қостанай облысының Сот актілерін орындау департаменті басшысының міндетін атқарушы Қанат Нақанов мұндай шара алдағы уақытта Қостанай қаласының басқа да шағын аудандары мен өңіріміздің аудан, қалаларында өткізілетінін жеткізді.
Шұға Қоңқабай
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков