Сақтандыру туралы мәртебеңізді білесіз бе?

2020 жылдың 1 қаңтарынан елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі өз жұмысын бастайтын болады. Осыған орай, өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында “Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” облыстық филиалының бөлім басшысы Асқар Қасымов және “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ Қостанай облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Шыңғыс Әшірбеков сақтандыру мәртебесі туралы ақпаратты алу тәсілдері жайлы айтып берді.
медстрах
Сала мамандарының айтуынша, телеграмм-бот арқылы өзіңнің сақтандыру мәртебеңді тексеруге болады. Бұл функция “Saqtandyry” ақпараттық базасында жасалған. Аталған коммуникация каналы арқылы МӘМС туралы, яғни сақтандыру жолдары, жарналар мен аударымдарды төлеу туралы ақпарат алуға болады.
-Келер жылдан бастап жаңа жүйемен жұмыс жасайтын боламыз. Сондықтан жергілікті атқарушы органдар барлық азаматтарды белгілі бір санаттарға сәйкестендіру үшін мәртебелерді өзектендіру бойынша жұмыстар жүргізуде. Сақтандыру мәртбесін анықтау бойынша сервис fms.kz сайтында да қолжетімді. Бұл үшін оң жақ төменгі бұрышында ЖСН енгізу жеткілікті және бірден онлайн режимде өзіңіздің медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушы болып табылатындығыңыз туралы жауап ала аласыз. Сақтандырылмаған азаматтар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық қызметтерді ала алады, ал МӘМС жүйесінің қатысушылары медициналық қызметтерді үлкен көлемде алады. Егер сізде сақтандыру жағдайы туралы немесе жалпы міндетті медициналық сақтандыру жүйесі бойынша сұрақтар туындаса, Сіз медициналық сақтандыру қорының 1406 байланыс орталығына тегін қоңырау шалып, қажетті жауап ала аласыз, – дейді А.Қасымов.
Сондай-ақ, “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы арқылы да бірнеше сервистерді пайдалана отырып, өзіңіздің әлеуметтік мәртебеңізді анықтай аласыз. Мәселен, egov.kz электрондық үкімет порталына ЭЦҚ немесе бір реттік пароль арқылы кіріп, мәртебеңізді анықтау үшін ЖСН көрсету және сұрау салу жеткілікті көрінеді.
-Егер азамат ЖК немесе қызметкер ретінде тіркелмеген болса, онда “Мәртебесі анықталған жоқ” деген хабарлама шығады. Бұл мәртебені өзгерту үшін “Мәртебені өзгерту” сілтемесіне басу және сауалнаманы мемлекеттік органдардың өңдеуі үшін қажетті деректермен толтыру қажет. Мәртебені анықтаудың тағы бір мүмкіндігі, біздің Telegram бот. Мессенджерде біздің бот Egovkzbot2.0 тауып, басты мәзірден қызметтерге көшу, “Әлеуметтік мәртебені тексеру” дегенді таңдау қажет. Сұратуды СМС-парольмен растау қажет. Сонымен қатар, өз мәртебеңізді ВК, ФБ әлеуметтік желілері арқылы да анықтай аласыз, – дейді филиал директорының орынбасары Шыңғыс Әшірбеков.
Жалпы, 2017 жылдың 1 шілдесінен 2019 жылдың 21 қарашасына дейінгі мерзімде республика бойынша төлеушілерден міндетті әлеуметтік сақтандыру қорына 229 миллиард 734 миллион теңге жарна аударылған. Ал, Қостанай облысы бойынша көрсетілген мерзім ішінде қорға 9 млрд 456 млн теңге түскен.
 

 

 

 

 

 

 

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓