Барлық салада өсім бар
Рудныйда 2017 жылдың қорытындысы бойынша барлық әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер өскен. Бұл туралы есептік кездесуде кеншілер қаласының әкімі Бақытжан Ғаязов мәлімдеді.
Қала экономикасын құрайтын негізгі көрсеткіштерге тоқталсақ, өнеркәсіптік өнім өндірісі 2016 жылы ақшаға шаққанда 223,5 млрд теңге болса, 2017 жылы 272,4 млрд теңгеге жетіп, өсім 21,9 пайызды құраған. Көлемнің 80 пайыздан астамы ССКӨБ-ке тиесілі. Кен алыбы 2016 жылы 177,1 млрд теңгенің, ал 2017 жылы 218,3 млрд теңгенің өнімін өндірген. Өңдеуші кәсіпорындар болса 2016 жылы 26,2 млрд теңгенің, ал 2017 жылы 33,5 млрд теңгенің өнімін шығарған. Өсім қышқыл сүт (97 пайыз) және сүт (83 пайыз) өнімдері, отқа төзімді материалдар (26 пайыз), тұрмыстық химия (15 пайыз), кірпіш (9 пайыз) шығару кәсіпорындарында байқалады.
Индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы жүзеге аса бастағалы қалада құны 19 млрд теңгелік 8 жоба пайдалануға беріліп, 856 жұмыс орны ашылды.
Рудныйдың 2020 жылға дейінгі инвестициялық даму бағдарламасының шеңберінде 14 млрд теңгеге 45 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Соның бесеуі, атап айтсақ, жабық теннис кортының құрылысы, көліктердің майын ауыстыру және техникалық бақылау орталығы, «Мебель парк» сауда орталығының базасында балаларға арналған ойын-сауық кешенін ұйымдастыру, жартылай дайын тамақтар өндіру комбинаты, дезинфекциялық құралдар өндіру зауыты өткен жылы өз жұмыстарын бастады.
Бақытжан Темірұлы 6 жылдан бері жыр болған, құрылысына 17 млрд теңге жұмсалған цемент зауыты маусым айында іске қосылатындығын атап өтті. Сондай-ақ ол жалпы ауданы 32 789 шаршы метрді құрайтын 90 пәтерлі, 75 пәтерлі және 60 пәтерлі екі тұрғын үй салынғанын тілге тиек етті.
– 2017 жылдың желтоқсанында Президенттің қатысуымен өткен жалпыұлттық телекөпір кезінде Қашар кенішінде «Ақылды кеніш» жобасы іске қосылғанын баршамыз білеміз. Еңбек өнімділігін 10 пайызға арттыратын жоба биыл Сарыбай, Соколов, Қоржынкөл кеніштерінде жүзеге асырылмақ. Ақылды технология «Арасан» фирмасының рудныйлық филиалында қолданылып, құю желілері толығымен автоматтандырылмақ, – деді қала әкімі.
Экономиканың алға жылжуымен бірге қаладағы орташа жалақы көлемі де өсіп 149 161 теңгені құраған. Сондай-ақ Бақытжан Ғаязов лифт шаруашылығын ретке келтіру жұмыстары туралы да баяндады.
– Осыдан 6 жыл бұрын қала басшысы болып тағайындалғанымда Рудныйдағы 147 лифтінің 43-і ғана жұмыс істеп тұрды. Біз осы мәселені шешу үшін жоспарлы жұмыс жүргізіп, барлық лифтілерді түгелдей ауыстырып және жөндеп шықтық, – деді ол.
Баяндамадан кейін әкім халықтың Алексеевка елді мекеніне газ жүргізу, Калинин көшесінің жолын жөндеу сияқты проблемалық сұрақтарына жауап берді. Ал «қаланың қақ ортасындағы бос орын қашанға дейін қаңырап жата
береді» деген қала тұрғыны Татьяна Гончаруктың сұрағына Бақытжан Темірұлы былай деп жауап қатты.
– Кезінде бұл жерге Мұхамеджан Мамаджанұлы (Турдахунов – авт.) коттедж қалашығын салу үшін құжаттар даярлаған еді. Басшылық ауысқаннан кейін Еуразиялық Топ бұл жерге заман талабына сай теннис корты мен дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ қалада ет, балық өнімдерін, көкөніс сататын арнайы базарлар жоқ. Осыны да болашақта ескеретін боламыз.
Қала тұрғындары үшін тағы бір жағымды жаңалық биыл «Достық» саябағында құны 422 млн теңге тұратын шолу дөңгелегі орнатылмақ.
Жиынды Қостанай облысы әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов қорытындылады. Ол әкім жұмысына оң бағасын беріп, Елбасы Жолдауында жүктелген маңызды міндеттерді жүзеге асыруда табыс тіледі.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ