Еуропа лигасы: «Тобыл» тең түсті
Футболдан UEFA Еуропа лигасы бірінші іріктеу кезеңіндегі Қостанайдың «Тобылы» мен Люксембургтің «Женесс Эш» командалары арасындағы алғашқы ойын аяқталды.
UEFA Еуропа лигасы іріктеу кезеңіне биыл алтыншы мәрте қатысқан қостанайлықтар Люксембургке төрт күн бұрын аттанып, жаттығу жұмыстарын қызу жүргізген болатын. Қарсыласы «Женесс Эш» командасы өз елінің тәжірибелі клубтарының бірі саналады. 1907 жылы құрылған клуб Люксембургтің 20 дүркін чемпионы атанған.
«Тобылдың» бас бапкері Владимир Газзаев алғашқы кезеңде Эмиль Балаев, Никита Бочаров, Виктор Дмитренко, Фернандер Кассай, Джаба Канкава, Руслан Валиуллин, Артурас Жулпа, Ника Квеквескири, Азат Нұрғалиев, Михаил Гордейчук және Сенин Себаи секілді жігіттерге сенім артты. Оларға «Женесс Эш» командасынан Кевин Сомме, Эмманюэль, Эрве Ляпьер, Алессандро Фьорани, Милош Тодорович, Йоханнес Штейнбах, Лука Дурьятти, Давид де Соуза, Халим-Меди Меддур, Арсен Менссу, Янник Макота, Алмир Клица қарсы шықты. Болжам жасайтын мамандар бұл кездесуде «Тобыл» жеңіске жетеді деген жорамал жасаған. Солай боларлық жөні бар. «Женесс Эш» бүгінге дейін еурокубок ойындарында толайым табысымен көзге түсе қойған жоқ. Ал «Тобылдың» құрамында тәжірибелі ойыншылар саны жетерлік. Олардың барлығы дерлік мұндай бәсекелерде тәжірибе жинап үлгерген. Соған қарамастан «Женесс Эш» командасы «Тобылға» лайықты қарсылық көрсете білді. Бірінші кезеңде есеп ашылған жоқ. Алаң иелері мен қонақтар да гол соғатын мүмкіндіктерді іздеді. Дегенмен өз дегендеріне жете алмады.
Екінші таймда ойын барысы дәл осындай көріністе өрбіп жатты. Қос команданың да есеп ашатын мүмкіндігі болды. Алайда Бауыржан Тұрысбек пен Максим Фединге дәлдік жетіспей жатты. Осылайша, кездесу 0:0 есебімен тең аяқталды. Енді жолдама тағдыры екінші кездесуде шешіледі. Қарымта ойын 18 шілдеде Нұр-Сұлтан қаласынжа өткізіледі. Бұл жұпта жеңімпаз атанған команда екінші іріктеу кезеңінде Португалияның Гимарайэш қаласының «Витория» командасымен 25 шілде және 1 тамыз күндері ойнайды.
Естеріңізге сала кетелік, кеше UEFA Чемпиондар лигасы бірінші іріктеу кезеңінде елордалық «Астана» Румынияның ЧФР командасынан 1:0 есебімен басым түсті.