БАҚЫТТЫҢ КІЛТІ – БАСПАНА
Қостанайлықтардың баспана қуанышымен құттықтай келген «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Ақшанов Қостанайда, әсіресе, соңғы 3-4 жылдың ішінде тұрғын үй құрылысының ерекше қарқын алғанын атап өтті.
– «Аэропорт» ауданы Қостанайдың ең жаңа аудандарының бірі. Бұл шағын ауданға негізінен жас отбасылар қоныстанып жатыр. Жаңа ауданның жаңа тұрғындарына пәтер кілттерін тапсыру рәсіміне былтыр да келгенмін. Міне, жол түсіп биыл да келіп тұрмын. Мұндай жағдай көп облыстарда жоқ. Қостанай облысы еліміздегі тұрғын үй ең көп салынып жатқан өңірдің бірі. Ел игілігіне пайдалануға берілген баспана саны да жыл санап артып келеді. Біздің банк биыл республика бойынша 40 мың адамға несие берді. Жыл он екі айдың ішіндегі ең жемістісі – желтоқсан. Бұл айда жыл сайын маңызды мереке де, пайдалануға берілетін пәтер де көп болады. Биыл бұл игі үрдісті Қостанай облысы бірінші болып бастады, – дейді Н.Ақшанов.
Маңызды мереке қарсаңында баспаналы болып, қуанышқа кенелген көптің ішінде Қостанай әлеуметтік-техникалық колледжінің тарих пәнінің мұғалімі Маржан Әбдіхамит та бар.
– Бұрын баспана алу орындалмайтын арман сияқты еді. Енді, міне, мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларының арқасында, бұл арманым ақиқатқа айналды. Елге осындай мүмкіндік беріп жатқан мемлекетке үлкен алғысымды білдіремін. Барша қостанайлықтарды, жерлестерім мен жақындарымды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен құттықтаймын. Қазір мемлекетіміз өркендеп, дамып келеді. Енді әрбір қазақстандықтың басында баспанасы болатын баянды күнге жетейік! – дейді ол.
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков