Қоныс тойы тойланды
Жыл басында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысының бірыңғай бағдарламасын әзірлеуді тапсырған-ды. Аталған бағдарлама аясында елдің әрбір азаматына 10 соттық жер беру мәселесі қаралған. Міне, көп күттірмей-ақ жоба жемісін бере бастады. Тұрғындар көптен күткен баспаналарына қол жеткізді.



Қостанай облысы елімізде алғаш болып осы бағдарламаны жүзеге асырып отырғанын айта кеткен жөн. Қуаныш иелеріне баспана кілтін беру рәсіміне облыс әкімі Архимед Мұхамбетов пен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова арнайы келіп қатысты.




Бүгінгі қуаныш иелерінің бірі – Серік Қабиев. Ол – мемлекеттік қызметкер.
-Осыдан он жұл бұрын жер алуға кезекке тұрған болатынмын. Мамыр айында «Нұрлы жер» бағдарламасына қатысуға ұсыныс білдірді. Шарттарымен танысқан соң бірден келістім. Құрылысшылар бар-жоғы үш айдың ішінде осындай зәулім үйді тұрғызып берді. Ең бастысы, бағдарлама түсінікті әрі тез жүзеге асады. Алғашында отыз пайызын төледім, ендігі қалған соманы 9 жыл бойы бөліп төлмекпін,-дейді отағасы.

Қабиевтер әулетінің қуанышына ортақтасқан өңір басшысы Архимед Мұхамбетов өз құттықтауын айтып, сый-сияпатын ұсынды.
-Әуелі Елбасының саясатының арқасында кең өріс алып, қойған мақсаттарымызға жетіп келеміз. Міне, осы ауданда 30 үйдің құрылысы басталды. Алдағы уақытта бәрі жоспарлы түрде жүзеге аспақ,-деді облыс әкімі.

Кенже ҚОНЫСБАЙ
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.